• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Әлем 23 Қыркүйек, 2021

Балалар да екпе алады

518 рет
көрсетілді

Әлемді әбігерге салған пандемияның таралуы бәсеңдеп, қаупі сейілмей, ол туралы хабар-ошар таусылмайтын түрі бар. Дүние жүзінде вакцина салу науқаны қарқынды жүріп жатыр. Елдердің үкіметтері халықтың екпе алуын ынталандырып, індеттен арылудың жалғыз жолы осы екенін дәлелдеп әлек. Батыс мемлекеттері індетпен күресте вакцинаның үшінші дозасын енгізіп, 12 жастан асқан балаларға екпе алуға мүмкіндік беріп отыр.

 Еуропадағы дамыған мемлекеттермен қатар, халық ішінде індеттің таралуын тоқтатуды көздеген басқа елдер үкіметтері де вакцина салдыруды міндеттей бастағаны белгілі. Кейбір ұйымдардың қызметкерлері екпе алуы шарт, болмаса ол өз қаражаты есебінен апта сайын медициналық сараптамадан өтуге тиіс. Көп елдер азаматтарының белгілі бір пайызын вакцина алуға үгіттей алмай жатқанда, Ұлыбритания иммунитетті көтеру үшін вакцинаның үшінші компонентін ұсынуды бастамақшы.

Бұл шешім үкіметтің вакциналар жөніндегі кеңесшілерінің 30 миллионға жуық адамға вакцинаның үшінші дозасын ұсыну туралы кеңесінен кейін қабылданған. Иммунитетті одан са­йын күшейтуге бағытталған үшінші екпе алдыңғыларынан кем де­ген­де алты айдан кейін салынуы керек. Сарапшылар 50 жас­тан асқан адамдарға, денсаулығы нашар жастар мен алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлеріне тағы бір екпе алуды ұсы­нып отыр.

Вакцина алған адамның індетке қорғаныс пайызы екінші дозадан бірнеше ай өткен соң әлсірей бастауы мүмкін бол­ған­дық­тан, осал топтарға осындай шешім ұсынылып отыр. Әрине, мамандар ағзаның қорғаныс қабілеті қаншалықты әлсірей бас­тай­тынын нақты айта алмайды. Десе де, індеттің алдында қау­қарсыз егде жастағы азаматтарды қайта вакциналау артық ет­пейді деп есептейді.

Ұлыбританиялық мамандар алдағы қыс айларының қалай өтетіні белгісіз екенін, қазіргі жағдайда, тіпті келесі айда не боларын болжап отыру мүмкін емес екенін айтады. Қыркүйек айында Ұлыбританияда COVID жұқтырғандардың саны өсуі мүмкін деген күдік болғанымен, әзірге ешқандай белгі жоқ дейді мамандар. Сондай-ақ вакцина салдырғандарың саны көптігін ескере отырып, індеттің ірі толқындары артта қалған болуы мүмкін деген де болжам айтылады.

Одан бөлек, жаңа оқу жылының қарсаңында бірқатар мемлекет басшылығы балаларды вакциналауға рұқсат берді. Бұл шешімді ата-аналардың барлығы бірдей қабылдамады. Біреулері балаларының індеттен қорғалатынын біліп қуанып жатса, енді біреуі вакцина олардың денсаулығына теріс әсер етуі мүмкін деген күмәні барын жасырмады. Дегенмен балаларды вакциналау процесі басталып кеткен елдер аз емес. Мәселен, Ұлыбритания өткен аптада 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдерге екпе салуды қолға алды. Балаларға Pfizer вакцинасының бір дозасын алу ұсынылып отыр.    

Жалпы, Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігі (EMA) 12-15 жас аралығындағы балаларға Pfizer вакцинасын салуды мамыр айын­­да мақұлдап қойған. Одан бері Еуроодақ елдері балаларға екпе салдыруды әртүрлі жылдамдықпен жүргізді. Дания (12-15 жасқа дейін) мен Испанияда (12-19 жасқа дейін) қазіргі уақытта балалардың көп бөлігі кем дегенде бір доза вакцина салдырған. Франция да жедел әрекет етіп, 12-17 жас аралығындағы бала­лар­дың 66 пайызы қазіргі уақытта вакцинаның бір компонентін, ал 52 пайызы екі компонентін де толық салдырған. Қазір елдегі ересек адамдарға арналған ережелер қазан айынан бастап 18 жасқа толмаған адамдарға да қолданылатын болады. Ол дегеніміз барлық жасөспірімдер кинотеатрлар, мұражайлар, мейрамханалар мен жабық сауда орталықтарына кіру үшін вакцина салдырғанын дәлелдейтін құжатты немесе COVID-19 жұқтырмағаны туралы анықтама ұсынуы керек.

Германия болса, маусым айында вакцинаны тек 12 жастан 15 жасқа дейінгі созылмалы аурулары бар балаларға ұсынған. Алайда тамызда вирустың «Дельта» штамы кеңінен таралған кезде 12 жастан асқан кез келген балаға екпе егуге кеңес берді.

Швецияда 12-15 жас аралығындағы балалар өкпе ауруы, астма немесе басқа да қауіпті дерті болған жағдайда ғана вакцина ала алады. Еуроодаққа кірмейтін Норвегияда 12-15 жас аралығындағы балаларға вакцина салдыруға жақында ғана рұқсат берілді.

АҚШ пен Канадада балаларды вакциналау бәрінен бұрын басталды деуге болады. Шілде айының аяғында 12-17 жас аралығындағы балалардың 42 пайызы алғашқы дозасын, ал 32 пайызы Pfizer немесе Moderna вакциналарының екінші компонентін алып үлгерген. Сарапшылар мұның барлығы білім беру саласына жүктеме түсірмей, балалардың еркін мектепке барып, әдеттегідей сабақ оқуларына мүмкіндік береді деп сенеді.