• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Өнер 23 Қыркүйек, 2021

Рерих пайымындағы биіктік

464 рет
көрсетілді

Орыстың әйгілі сурет­шісі Николай Рерих шы­ғармалары алматылық көрерменге құшақ ашты. Ә.Қастеев атындағы Өнер музейінде «Рух шың­дары» деген атаумен сал­танат құрған көрме қазан айының соңына дейін жалғасады.

Рерих кенебіндегі гима­лай­лық топтамалар таудың алып шыңдарына ұмтылу һәм рухани ізденістерге шақыру іспетті. Суретші қиялы тау шы­ңы мен адам рухын жал­ғай түседі. Ол өзінің тау пей­заж­­дарында жергілікті пі­шін­дердің шынайылығын бере отырып, табиғатты жоғары абс­тракциялық деңгейге жет­кізеді. Суреткердің ең бір іргелі шығармаларына айналған алып ландшафтар оның ешкімге ұқ­самайтын қолтаңбасын әй­гілеп тұр дерсіз.

Көрмеде символдық ма­ғы­наға ие, түрлі сюжеттік ком­позициялар ұсынылған. Картиналар көрерменге сиқыр және ескі салт-жоралардың куәгері бо­луға, өзіндік тәжіри­бенің мүл­гіген тыныштығын сезі­нуге, тарихи оқиғалар мен тыл­сым дүниелерге таң­да­нуға мүмкіндік береді. Биік таулар кенептердегі компо­зи­­циялардың айрылмас бө­лігі. Тау жиектерінде Иса, Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбар және Шыңғысхан бейнеленген. Өнертанушылар Рерих қыл­қаламына аса танылмаған аңыз әңгімелер, нақылдар және ескі болжамдар арқау болған деседі. Халық батырларының бейнесі қиын кезеңдерде адамзат рухының жаңғыруына себепкер болғанын, олар да тау шыңдары секілді дүние дамуындағы дара жол екенін суретші барынша ашып көр­сетуге күш салған.

– Н.Рерихтің Шығысқа, Үндістанға жасаған саяхаты көркемөнер туындыларының мәнерін мәйектендіріп, адам­зат­тың дәстүрлі даналығы сақ­талған мекен суретшінің арманына қанат бітірді. Бұл жерде Николай Костантинович өмі­рінің елеулі кезеңін өт­кізді. Оңтүстік, Орта және Шы­ғыс Азияға жасаған саяхат пен экпедициялар барысында Үндістанда өмір кешіп, ежелгі буддистік және үнділік көркемөнер дәстүрлерін зерттеуге мүмкіндік алып, белгісіз ескі ескерткіштер және аңыз­дармен, даналықтармен танысады. Шығыс Рерихті жаңа сюжеттер, бояулар, техникалық тәсілдермен байытып өнер палитрасын кеңейтуге көмектесті. Көрмеде 1930-1940-жылдар­ды қамтыған 50 жұмыс ұсы­нылған. Олардың басым бөлігін атақты гималайлық этюдтер құрайды, – дейді Ресей Шы­ғыс өнері музейі Рерих мұ­ра­лары бөлімінің аға ғылыми қызметкері Лариса Келим.

Расында да, Шығыс елде­рінде өткерген жылдарында Рерих туындыларының сы­­зық­тары, түстері, ырғақ­тары, құрылымы мәнерлі мүм­­кіндіктерін арттырып жо­ға­ры үйлесімге жеткен. Бояулардың нәзік ауысымы күтпеген реңктің контрастарымен жымдасып сиқырлы сезім тудырады.

Көрмені Николай Констан­тинович Рерихтің ұлы Свя­тослав жазған портрет аш­ты. Картинада буддалық фи­гу­ралардың аясын­дағы дана­лық пен білімнің символы – семсер, қобдиша, шам және кітап ұстаған тибет киі­мін­дегі шы­ғыс данасы бейнеленген. Н.Рерихті «Тау шебері» деп са­на­ған кө­рер­мендерге Гима­лай­дың жан дү­ниесі ашылғандай. Су­рет­ші көрерменді сұлулық пен үйлесімге, жан дүниенің таза­лығына ұмтылуға шақырады.

 

АЛМАТЫ