Алыстағы ауылда тұратын ағайынның сапалы медициналық қызметке әлі күнге дейін зәру екені белгілі. Дегенмен бұл бағыттағы мәселені шешу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды жоқ деп те айта алмаймыз. Мысалы, Қарағанды облысында алты жылжымалы медициналық кешен (ЖМК) жұмыс істей бастады. Міне, соның нәтижесінде ауыл тұрғындары қалаға сабылмай-ақ, медициналық тексеруден өтіп, салалық мамандардан кеңес алу мүмкіндігіне ие болды.
Автобус ішіндегі мұндай кешендерде бірнеше мамандандырылған кабинет бар. Сондай-ақ мұнда талдау алу аймағы және функционалдық диагностика кабинеті, рентген және флюорографияға арналған бөлме де қарастырылған.
Биыл медициналық сақтандыру қоры жылжымалы медициналық кешен қызметтеріне 503,5 млн теңге бөліпті. Бұл қаражат Тегін медициналық көмектің кепілді көлемі (ТМККК) және Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында консультациялар мен зерттеулер ақысын төлеуге бағытталған. Медициналық сақтандыру қорының Қарағанды бөлімшесінің директоры Фазыл Копобаев жылжымалы медициналық кешеннің қызметтері ТМККК және МӘМС пакеті аясында да көрсетілетінін айтады.
– Басқаша айтқанда, шалғай елді мекендердің тұрғындары медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебесіне қарамастан, ЖМК-де консультациялар мен тексерулер алу мүмкіндігіне ие болды, – дейді ол.
Жылжымалы медициналық кешендер Жезқазған көпсалалы ауруханасының, Абай, Осакаров және Қарқаралы аудандарының орталық аудандық ауруханаларының, Теміртау және Қарағанды қаласының №4 және №5 емханаларының балансында тұр.
Айта кететін бір жайт, әрбір медициналық ұйымның өз қызмет көрсету аумағы бар. Мысалы, №5 емхананың дәрігерлері ЖМК-мен Бұқар жырау ауданының елді мекендеріне барып, қызмет көрсетеді. Жаз айларында олар акушер-гинеколог, офтальмолог, педиатр, стоматолог, терапевт, хирургтың кеңестерін берді. Соның нәтижесінде 13,5 мың адам қант диабетін, артериялық гипертензияны, глаукоманы және басқа да ауруларды ерте анықтауға арналған тексерулерден өткен.
Қарағанды облысы