• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 24 Қыркүйек, 2021

Президент Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысын өткізді

304 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің кезекті отырысы өтті, деп жазады Egemen.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Күн тәртібінде төрт мәселе қарастырылды. Олар: ұлттық жобалар, тиімді тауар өткізу жүйесін қалыптастыру, экспортты ілгерілету жөніндегі жүйелі шаралар және аумақтық даму жоспарының жобасы.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов Ұлттық жобалар бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Ұлттық жобалар жөніндегі баяндаманы мұқият тыңдаған Мемлекет басшысы кеңестің өткен отырысында ұлттық жобалардың тізімі мақұлданғанын және оларды қаржы жағынан қамтамасыз ету, қорытынды нәтижелерінің шынайылығы, тиімсіздікке жол бермеу тұрғысынан пысықтауға тапсырма берілгенін еске салды.

– Бұл бағытта жұмыс жүргізілгенін көріп отырмыз. Қаржыландыру мәселесіне қатысты сұрақ бар. Презентацияға сәйкес, жекелеген іс-шараларды жүзеге асыру шығынының бір бөлігін көтеру, яғни 3,3 триллион теңге қаржы бөлу жергілікті бюджетке жүктеліпті. Бұл аз қаражат емес. Жергілікті бюджет бұған дайын ба? Ұлттық жобаларды жүзеге асыруға қатысты бюджетаралық қатынастардың нақты механизмдерін анықтап алу керек. Жергілікті жерлерде ұлттық жобаларға бөлетін қаржысын бақылау қажет. Үкімет аталған мәселені мұқият пысықтауы керек, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жеке инвестицияларға қатысты мәселені де қозғады. Оның айтуынша, ұлттық жобаларды қаржыландыруға қажетті 49 триллион теңгенің 33 триллионы немесе жалпы соманың 67 пайызы бюджеттен тыс қаражатқа тиесілі.

– Бұл қаржылар егжей-тегжейлі пысықталып, нақты жобаларға бағытталған және қаржыландыру көздері анықталған деп ойлаймын. Жеке инвесторлармен арадағы шала жүргізілген жұмыстардың кесірінен ұлттық жобалардың жүзеге асырылмай қалуына жол бермеу қажет. Жеке инвестицияларды тиімді тарту мәселесі бюджет қаржысын ақылға қонымды пайдалану сияқты маңызды екенін естеріңізге саламын, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі талқылаулар мен Президент Әкімшілігінің ескертпелерін ескере отырып, жалпы ұсынылған ұлттық жобаларды мақұлдауды ұсынды. Үкіметке бекіту туралы тиісті қаулыны екі апта ішінде қабылдауға тапсырма берілді.

– Үкімет пен Агенттік сараптама қоғамдастығы мен халық арасында тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізгені жөн. Айтылуы мүмкін сындарға нақты әрі жедел жауап беру қажет. Үндемей қалуға болмайды. Конструктивті диалог жүргізу керек. Ұлттық жобалар бекітілгеннен кейін бірден жүзеге асыруға кірісіңіздер. Үкіметтің жобалық офисінің мүмкіндіктерін пайдалану маңызды. Ол шұғыл мониторинг жасауды және әрбір ұлттық жобаның жүзеге асырылғаны жөнінде берілетін есепті қамтамасыз етуге тиіс. Ұлттық жобалардың жүзеге асырылуына қарай олардың орындалу барысын қарастырып, қажетті шешімдер қабылдаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кеңесте тиімді тауар өткізу жүйесіне қатысты мәселе де қарастырылды. Бұл бағыт бойынша Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов баяндама жасады.

Мемлекет басшысы биылғы жыл өндіріс, өнімдерді сақтау және өткізу саласында қордаланған проблемалар бар екенін көрсеткенін айтты. Инфляция, әсіресе азық-түлік бағасының құбылуы бекітілген межеден әлдеқашан шығып кеткен.

– Шұғыл шаралар, бағаға қойылған бақылау нарықтық экономиканың іргелі қағидаттарын алмастыра алмайтыны белгілі. Жүйелі шаралар керек. Сондықтан ұлттық тауар өткізу жүйесін қалыптастыру аталған жұмыстың маңызды құраушы бөлігі болып табылады. Көтерме-тарату орталықтары және олардың стандарттау, тауардың тұрақты жеткізілуін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстары өндірушілердің, соның ішінде шағын бизнес өкілдері кооперациясының маңызды элементтерінің бірі болуға тиіс. Бұл ауылда тұрып, жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын адамдар үшін аса маңызды. Бүгінде мұндай кәсіп иелерін экономикалық айналымға тарту жұмыстары мардымсыз жүргізілуде. Сонымен қатар олар өз өнімдерін егін басынан сатуға мәжбүр болып отыр. Көтерме-тарату орталықтарының тағы бір міндеті – «егіс басынан сөреге» дейінгі жолдағы қажетсіз делдалдарды жою. Халық үшін азық-түліктің қолжетімді бағада болуын іс жүзінде ретке келтіру қажет, – деді Президент.

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе – экспортты ілгерілету жөніндегі жүйелі шаралар туралы Бақыт Сұлтанов баяндама жасады.

Баяндаманы тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев шикізат экспортын ұлғайту Үкіметтің күн тәртібіндегі өте маңызды мәселе екенін атап өтті. Оның пікірінше, экспортқа қатысты кедергілерді жою, экспорттың географиясы мен номенклатурасын кеңейту, ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау үшін бүкіл Үкіметтің күш-жігерін жұмылдыру керек. Сонымен қатар Сыртқы істер министрлігі мен оның шетелдегі мекемелері экспортты ілгерілету, нарықтарға жол ашу және кедергілерді жою жөніндегі жұмыстарға белсенді атсалысуы қажет.

– Қазақстаннан Қытайға жүк әкелуге қойылған шектеулерге қатысты  қордаланған мәселе ұзақ уақыттан бері шешілмей келеді. Транзиттік жүктер өтеді, ал біздің жүктеріміз шекарада қалып қояды. Қазақстандық тауарлар тиелген мыңдаған вагон бекеттерде тұр. Бизнес тікелей Президенттен көмек сұрайды. Мұндай жағдайларда Үкімет жедел әрекет етіп, серіктестермен арадағы барлық мәселені реттеуі тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ  жиында «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен Президенттің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Реформалар жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабарти сөз сөйледі.Аумақтық даму жоспарының жобасы туралы Әсет Ерғалиев есеп берді.

Ұлттық экономика министрінің баяндамасын тыңдаған Қасым-Жомарт Тоқаев пысықталуы керек мәселелерді көрсетіп берді. Оның айтуынша, Жоспарда бүкіл еліміздегі тиімді аумақтық ұйымдастырудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері ғана емес, әрбір өңірді дамытудың негізгі өлшемдері қамтылуға тиіс.

– Біздің географиялық, демографиялық, экономикалық ерекшеліктерімізді ескере отырып, Аумақтық даму жоспары мемлекеттік жоспарлаудың маңызды құжаты болып табылады. Жергілікті жерлерде осы жұмысты дұрыс, жүйелі және жоспарлы ұйымдастыру қоғамның билікке, билік тарапынан қабылданатын шаралар мен реформаларға деген сенімнің өзегіне айналады. Сондықтан Жоспар мемлекеттік органның басқа мемлекеттік органдарға жазған жай құжаты ғана болмауы керек. Жоспар еліміздің әрбір азаматы үшін түсінікті болып, дұрыс қабылдануы қажет. Сондай-ақ аталған құжат бизнес пен инвесторлардың бағдарына айналуы керек. Олар біздің аймақтарды қалай дамытып жатқанымызды, қандай салаларға басымдық берілетінін анық түсінуі қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ  жиында «Атамекен» ҰКП төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев пен Президенттің экономикалық даму жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі, Реформалар жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Сэр Сума Чакрабарти сөз сөйледі.