• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 27 Қыркүйек, 2021

Электр энергетикасы: Іркіліс пен ізденіс

1012 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері жөнінде өткен кеңесте елдің дамуы энергетика саласының тұрақтылығына тікелей байланысты екенін атап өткені мәлім. Бүгінгі таңда электр энергиясына тарифтерді көтеру мәселесі өзекті болып отыр.

2021 жылдың 1 сәуірінен бастап энергия өндіруші стансалардағы электр энергиясына тарифтер Энергетика министр­лі­гінің ақпараты бойынша орта есеппен 15%-ға көтерілді. Тиісінше электр энергиясының құны KEGOC АҚ электр желілерінің Ұлттық операторында өңірлік желілік «Көкшетау Энерго» серіктестігі және жабдықтау компаниялар «Көкшетау Энерго Орталық» серіктестігінде де өсті. Жалпы тариф 4 бөліктен тұрады. Бұл сатып алу (42%), транзит (47%), қуат нарығы, теңгерімдеу, сауда-саттыққа дайындық (8%) және жабдықтау үстемесі (3%). Тұ­тынушыларға түсінікті болуы үшін «Көкшетау-Энерго» серіктестігі облыста электр энергиясына тариф қалыптастыру құрылымын көрнекі және қолжетімді етіп арнайы жүйе де әзірледі.

2021 жылдың 1 маусымнан бастап электр энергиясы жеке тұлғалар үшін 10, заңды тұлғалар үшін 20, бюджеттік ұйымдар үшін 45%-ға қымбаттады. Осы ара­да қымбаттаудың себебін талдап көре­лік. Біріншіден, Энергетика ми­нис­тр­лігі мәлімдеген 15% – респуб­ли­ка­ның барлық 37 энергия өндіруші стансалары бойынша орташа өсім көрсеткіші. Яғни бір жерде көп, бір жерде аз.

– Біз электр энергиясының негізгі көле­мін «Самұрық-Энерго» АҚ көп­бейін­ді энергетикалық холдингіне кіретін электр стансаларынан сатып аламыз. Нақ­тырақ айтсақ, «Екібастұз ГРЭС-1» және «Мойнақ» ГЭС-інен. Онда электр энергиясының құны биыл 1 маусымнан бастап 25%-ға, ал 1 шілдеден бастап тағы да орта есеппен 4 %-ға өсті, – дейді «Көкшетау Энерго» ЖШС бас директоры Досымхан Аралбаев, – екіншіден, өзіміз де тұтынушы болғандықтан, біздің компания үшін тарифтің кезекті көтерілуі, әрине, жұқалап айтқанда, қолайсыз әсер етеді. Мысалы, тұтынушыларды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету және шығында қалмау үшін облыс бо­йынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаментінде тарифтің әрбір тиынын қорғауға тура келеді. Был­тыр компанияның жиынтық табысы 7 млрд 708 млн теңгенің деңгейінде болды. Ал шығыс – 7 млрд 664 млн теңге. Бұл электр энергиясын сатып алуға арналған шығыстар (шығындарды өтеу және шаруашылық қажеттілік үшін) – 3 млрд 224 млн, еңбекақы – 2 млрд 049 млн, материалдық шығындар мен жөндеулер – 715 млн, инвестициялық бағдарлама – 1 млрд 244 млн, салықтар – 354 млн, басқа шығындар 78 млн, ал пайда 44 млн теңге көлемінде. Тапқан қаражат материалдық-техникалық базаны жақсартуға және арнайы техника сатып алуға жұмсалды. Бұл жерде компанияның жиынтық табысы туралы ауыз толтырып айтатындай ешнәрсе жоқ.

«Көкшетау-Энерго» серіктестігі биыл 1 қазаннан бастап 6,5%-ға өсіруге өтінім берген. Бұл шешім ағымдағы жылдың 1 шілдесінен стансалар бағасының өсуіне және 1 қазанынан бастап электр энергиясын тасымалдау, диспетчерлеу және қуат нарығын теңгерімдеу бойынша KEGOC АҚ тарифінің өсуіне байланыс­ты болып отыр. Көкшетаудағы электр бағасының тарифі еліміздің өзге қа­лаларымен салыстырғанда біршама жо­ғары. Себеп – облыс орталығында жылу электр орталығының болмауы.

– Бізге электр энергиясын сатып алуға тура келеді. Сондықтан электр энергиясын біздің облысқа жеткізу үшін біз KEGOC АҚ транзиті үшін ақы төлейміз, – дейді Досымхан Әлішұлы, – егер жылу электр орталығы болса, тариф 4,29 теңгеге төмен болар еді. Бар мәселе осында.

Тарифтің көтерілуі қарапайым тұтыну­шы­мен қатар шағын және орта бизнеске де оңай соқпасы белгілі. Әйтсе де тарифтерді мемлекеттік реттеудің басқа тұтынушылар есебінен тұтынушыларды субсидиялау деп аталатын ерекшелігі бар. Бұл тариф экономикалық негізделген деңгейден төмен. Яғни өзіндік құнынан төмен болған кезде осындай баға қалыптасады. Ал басқа өнеркәсіптік тұтынушылар үшін керісінше, жоғары. Жеке тұлғалар үшін тариф орташа тарифтен әлдеқайда төмен. Асылында, жеке және заңды тұлғалар арасындағы тарифтерді теңестірген жөн. Бұл біршама әділетті болар еді.

Сонымен қатар Көкшетауды «арис­тондар» деп аталатын электр су жылыт­қыш­тар қаласы деп айтуымыз керек. Бұл да қала тұрғындарының қалтасына салмақ түсіреді. Сондай-ақ халықты «кВт/сағат» электр энергиясы үшін өзінің жоғары тарифімен де демеушілерге қа­ты­сатын заңды тұтынушылардың қар­жысына кері әсер етеді. Басқа облыс орталықтары орталықтандырылған ыстық сумен және газбен жабдықталған. Өзге облыс орталықтарының тұрғындары бір айда шамамен 150 кВт/сағат электр қуатын тұтынса, көкшетаулықтар 300-350 кВт/сағат шамасында тұтынады.

Соңғы кезде KEGOC АҚ Ұлттық желілеріне тікелей қосылған және осылайша тариф қалыптастырудың жалпы жүйесіне қатыспайтын кейбір өнеркәсіптік тұтынушылар пайда болды. Бұл, былайша айтқанда, тұтынушылардың бір тобы. Орташа алғанда, мұндай тұтынушылар 1 кВ/сағ 15 теңгеден төлейді. 1 кВ/сағ үшін келесі топ – «Көкшетау Энерго» ЖШС желілеріне қосылған, бірақ еркін тарифі, таза кірісі бар және тек ірі өнер­кәсіптік тұтынушыларға қызмет көр­се­тетін энергиямен жабдықтаушы ұйым­дардың қызметтерін пайдаланатын тұтынушылар. Бұл мемлекет баға қа­лып­тасуын реттемейтін шағын энергиямен жабдықтаушы ұйымдар. Олар тұтынушыларды электр энергиясын халыққа міндетті түрде сатып алу-сату міндеті жүктелген басқа кепілдік беретін энергиямен жабдықтаушы ұйымдарды «қызықтырып» өз жақтарына тартып алады. Осыған байланысты заңды тұлғалар кетеді және ЭЖҰ-ға халық пен заңды тұлғалар арасындағы электр энергиясын тұтынудың үлес салмағының өзгеруінен пайда болатын шығындар туындайды, өйткені халықтың тарифі айтарлықтай төмен. Осы шығындар қолданыстағы заңнамаға сәйкес ЭЖҰ шығындарын өтеу үшін тарифке енгізілуі тиіс, олар өз кезегінде тұтынушылар (халық және заңды тұлғалар) үшін тарифтердің көтерілуіне себеп болып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасын дамыту мәселелері бойынша сөйлеген сөзінде генерациялайтын стансалардың тозуы 50%-дан асып кеткенін атап көрсетті. Электр энергиясына арналған тарифтер бірнеше рет көтерілгенімен, бұл әрекет саланың жағдайын жақсарта алмай тұр. Бүгінде материалдық-техникалық база шамамен 80%-ға тозған. Бұл көрсеткіш жылдан жылға көбейіп келеді.

– Біздің компания шамамен 16 мың шақырым электр беру желілері мен ­­­3 мыңға жуық қосалқы стансаларға қызмет көрсетеді, – дейді Досымхан Әлішұлы, – жыл сайын өз күшімізбен электр желі­лері мен жабдықтарды жөндейміз және жаңғыртамыз. Бірақ бұл жеткіліксіз. Елеу­лі қаржылық инвестиция қажет. Мо­нополияға қарсы департамент бекіткен 2021-2025 жылдарға арналған желілерді жаңғырту жөніндегі инвестициялық бағдарлама 5 жыл ішінде компанияның барлық энергожабдықталуынан 2 % ғана желіні жаңғыртуға мүмкіндік береді. Яғни қолданыстағы қайта құрудың қазіргі қарқынымен жабдықты толық жаңарту үшін көп уақыт қажет болмақ.

Облыс орталығында да маңызды мәселелер бар. Басты себеп – қала әкімдігі мен облыстық энергетика басқармасында облыс орталығының электр желілерін дамыту жоспарының болмауы. Мұндай жағдай электр қондырғылары мен же­лі­лерін одан әрі дамыту мен пайда­ла­нуға елеулі қатер төндіреді. Ал облыс орталығында көп қабатты үйлер көп­теп салынуда. Мысалы, 10 жекеменшік үй­дің орнына 100 пәтері бар көпқабатты үйлер салынуда. Олардың әрқайсысында су жылытқыштар, электр плиткалары, шәйнектер, кондиционерлер, теледидарлар, тіпті жылы едендер бар. Тиісінше, 50-60 жылдары салынған желілер мен қосалқы стансалар берілген жүктемеге төтеп бере алмайды.

Мемлекет тарапынан субсидиялау мәселесін шешу қажет. Өйткені электр желілері де әрбір қазақстандықтың әл-ауқаты үшін қажетті инфрақұрылым болып саналады. Ал энергетиканы басқаша жаңғырту мүмкін емес.

Жаңғырмалы энергия көздерін (ЖЭК) дамытуға арналған үстемені тұты­ну­шылар үшін негізгі тарифтен алып тастау керек деп есептейді серіктестік басшысы. Тариф қалыптастыру жүйесінен же­ке­­­леген топтардың «қалталы» ұйым­да­рына айналған барлық энергиямен жаб­дық­таушы ұйымдарды алып тас­тау керек. Аудандардың (қалалардың) электр желі­ле­рін іске асыру мүмкіндігі мен да­мы­тудың перспективалық жоспарларын әзірлеу қажет.

– Қазіргі уақытта ЖЭК нысандарының тарифтері өте жоғары. ЖЭК-те өндірілген 1 кВт электр энергиясының құны 25-тен 50 теңгеге дейін құрайды. Дәстүрлі көздерден (көмірлік, газ-мазут) электр энергиясының өзіндік құны 15 теңге шегінде. Демек ЖЭК шығындарды төмендету бағыты бойынша мәселені айтарлықтай жақсартпайды. Керісінше тарифті қалыптастыруды күрделендіре түседі, – дейді серіктестік директоры Д.Аралбаев, – біздің әрқайсымыз осы үлкен айырмашылық үшін қосымша құн салығынсыз (ҚҚС) 1,57 теңгеден, ҚҚС-пен 1,76 теңгеден төлейміз. Яғни әрбір абонент ЖЭК құрылысына инвестиция салады. Түсініксіз жайт.

Тәжірибелі басшының айтуына қа­ра­ғанда, мемлекет мүдделі тұлға бол­ған­дықтан саланы субсидиялау кіріс­те­рінің есебінен дербес шешуге тиіс. ЖЭК құрылысы – энергетикалық емес, экологиялық мәселе. Өйткені электр стансаларында ЖЭК жұмысы есебінен атмосфераға зиянды шығарындылар азаяды. Егер мемлекет осы проблеманы шешуге мүдделі болса, онда жағдайды экспортқа шығатын мұнай, газ және шикізат есебінен түзетуі қажет.

 

Ақмола облысы