Табиғаты көркем, сулы, нулы Ақмола облысында туризм саласын дамытуға мол мүмкіндік бар. Сала серпін алса, ел экономикасына қосылар үлес көбейіп, әлем елдерімен байланыс дами түспек.
Үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдер мен қолдың саласындай ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген көркем өңірдегі туризм саласындағы ауқымды іске 500-ден астам кәсіпорын үлес қосуда. Оған «Бурабай», «Бұйратау» және «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи парктері мен «Қорғалжын» мемлекеттік табиғи қорығын қоссаңыз, саланың салмағы таразы басын қаншалықты тартып тұрғандығын көз алдыңызға елестете алар едіңіз. Жалғыз табиғат қана емес, туған жеріміздің тылсым тарихымен танысып, өткеннің өрнекті жолын ой елегінен өткізіп, екшегісі келген зерделі туристер үшін кәдімгідей кәдеге жарайтын 900-ден астам тарихи және мәдени ескерткіштер самсап тұр. Көне тарихтың көмбесі қатталып жиналған, жалпақ жұрт киеліге санайтын орындар да аз емес. Бүгінгінің турисінің көңіл аударатыны да осы мәселе. Ел тарихы Бурабай, Зеренді, Сандықтау, Қорғалжын, Ерейментау, Біржан сал аудандарында тұнып тұр. Қадам бассаңыз көкірегіңді қат-қабат сырымен мелтектетіп жіберетін қазынаға кезігесіз. Тыңдай білген құлақты, ұға білген көкіректі рухани мол мұрамен кемелдендіретін аңыз-әңгіме, сұлбасы солғын тартқанымен, мәні өзгермеген деректер қаншама?! Жүрген аяққа жөргем іліктірер, бүгінгі ұрпақты ұлтжандылыққа тәрбиелер қаншама мысал бөгіп тұр. Егер облыстағы 73 туристік маршрутты алапат теңіздің түбінен ақық іздегендей сүзіп шықсаңыз, он сан олжаға кенелер едіңіз.
Жалпақ әлемді жаман тұмау жайлап тұрған уақытта да туризм саласынан түңілуге болмас. 2020 жылы өңірге 500 мыңнан астам турист ат басын бұрған. Статистикалық деректерге қарағанда, осы жылдың алғашқы жартысында келушілер саны 317,8 мыңға жетіпті. Оның ішінде шипажайлар мен сауықтыру орындарында 55,6 мың адам Көкшенің көгілдір, саф ауасын жұтып, жібек желімен желпініп, күміс көлдеріне түскен. Жыл соңына дейін туристер саны 600 мыңға жетеді деген үміт бар. Жаз бойы дүмеп келіп жатқан туристерге 1,9 млрд теңгенің қызметі көрсетіліпті. Өткен жылмен салыстырар болсақ, 55,8 пайызға жоғары.
Жыл сайын туристер санының көбеюіне не себеп болып отыр? Енді осы мәселеге сәл назар аударсақ. Алдымен қызмет көрсету сапасының жақсаруы. Ол үшін әрине, қомақты қаражат қажет. Биыл қаңтар-маусым айларында осы салаға құйылған инвестиция көлемі 5,6 млрд теңгеге жетті. Оқырманға түсінікті болуы үшін өткен жылмен салыстырсақ, қаржы көлемі 1,7 есеге көбейгендігін айта кету ләзім.
Қызмет сапасымен бірге жұрт назарын өзіне аударатын жағымды жаңалық та аз емес. Мәселен, Бурабай баурайы жыл өткен сайын бояуы қалыңдап, жаңа леппен буырқанып, өзгеше бір кейіпке еніп, ажары әдемілене түсуде. Отандық туристер ғана емес, талғамы жоғары, талабы күшті шетелдік туристерді де құшақ жая қарсы алып, көркем жердің сымбатына сұқтандырып, көкіректерін сәулелендіріп жіберуге толық мүмкіндік бар. Тылсым тарихты тарқатып, тамаша сыр шертетін ашық аспан астындағы «Ботай-Бурабай» этно кешені айрықша қызығушылық тудыруда. Ең басты мәні Алаш баласының жылқыны тақымға басуы қашан басталғандығын кесіп көрсетеді. Мұның жалғыз тарихи ғана емес, өзге де мәні бар. Әлемде баламасы жоқ «Бурабай» халықаралық трамплин кешені де демалушылар үшін қызғылықты. Әйгілі Абылай хан алаңындағы «Абылай хан» экспозициялық кешені көзі ашық, көкірегі ояу демалушыларды тылсым сырдың тұнығына шомылдырып, өзіне тартатын орынға айналды. Discovery аумағындағы аква парктің әсері өз алдына.
Биыл Щучье-Бурабай курортты аймағын дамытуға 7,8 млрд теңге қаражат бөлінді. Облыс әкімдігі Bi-Group компаниясымен бірлесіп, Бурабай кентін дамытудың тұжырымдамасын әзірледі. Сондай-ақ Berguttu демалыс орталығын салуды көздейтін Koktal town көпсалалы паркінің «бақыт аралы» жобасын әзірледі. Бұл жоба Жөкей көлінің жағасында жүзеге асырылмақ.
Өңірдің туристік инфрақұрылымдық кешенін дамыту мақсатында биыл жалпы көлемі 6,7 млрд теңгені құрайтын 22 жоба жүзеге асырылмақ. Оның ішінде маңыздыларын атай кетуге әбден болады. Мәселен, Wyndham Garden қонақүйі мен AQBURA Resort отбасылық үлгідегі курорт құрылысы. Бүгінгі таңда Бурабай кентінің туристік инфрақұрылымына инвестиция құюға ниетті ірі компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Жаман тұмаудың әсері ішкі туризмнің әлеуетін арттырды. Соныдан соқпақ іздеген кәсіпкерлер демалыстың жаңа түрі әрі болашағы зор деп есептелетін глэмпингті дамытуға ынталы. Осы жылдың шілде айынан бастап «Байбосынова» жеке кәсіпкерлігі «Орбита Жөкей» жаңа глэмплингті аймағында меймандарды қабылдай бастады.
Туристерге жағдай туғызу мәселесін шешу үшін курортты аймақтағы жол жақсартылуда. Мәселен, Щучинск-Зеренді көлік жолын пайдалануға беру тәп-тәуір септігін тигізіп отыр. Алдағы уақытқа да ауқымды жоспарлар жасалған. Аймақтың әлеуетін дамыту үшін арнайы бағдарлама қабылданды. Жалғыз Бурабай мен Зеренді төңірегінде ғана емес, елорданың маңындағы көрікті жерлерге де қамқорлық жасалуда. Елорда маңындағы аудандарда 642 млн теңгенің 5 жобасы іске асырылуда. Оның ішінде 20 глэмпинг орнату, Ақкөл ауданында «Эко ферма» салу, Целиноград ауданында «Чистые пруды» демалыс аймағының өндірістік қуатын кеңейту және жол бойындағы қызмет нысанын салу қолға алынуда. Бұл жерлерде туризм қызметтерін ұсынатын абаттандырылған демалыс аймақтарының желісі жұмыс істейді.
Өңірдегі туризм саласындағы жағымды жаңалықтармен жұртшылықты таныстыру оң жолға қойылған. Үш тілде ақпарат тарататын сайт жұмыс істейді. Анықтамалық-ақпараттық жолсілтемені, бағалары мен байланыстары бар туристік маршруттарды қамтитын Visit Aqmola мобильді қосымшасы бар. Әлеуметтік желілерде көрікті өңірдің тартымдылығын жан-жақты баяндайтын «Зерттелмеген Ақмола» жобасын іске асыру жалғасуда. Туристерге қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында туған жердің тылсымымен таныстыратын мамандар қысқа мерзімді даярлау курсында оқытылуда.
Осындай оралымды шаруа оңынан оңғарылып жатқаннан соң өңірдегі туризм саласы соны серпінге ие болып, игілігін еселей түседі дейтін үміт мол.
Ақмола облысы