Сыр бойында кейінгі ұрпақ тәу етер талай тарихи орындар бар. Соның бірі Жаңақорған ауданындағы Әбдіғаппар ауылынан он шақырымдай жерде салынған Төлегетай баба кесенесі. Шығыстан Сырға келіп қоныс тепкен елге тұтқа болған қайраткер Төлегетай мен Қылышты ата кесенесі қатар орналасқан.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ұрпақтары осыдан он үш жыл бұрын жаңадан кесене тұрғызып, ас берді. Өз заманындағы белгілі тұлғалардың бірі болған Қылышты ата мен Төлегетай арасындағы байланыс сорабы ұзақ бір әңгіменің жүгі.
Жақында қос әулиенің кесенесі ауласынан Қаракерей Қабанбай батырдың ордасы бой көтерді. Елбасы бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында ұйымдастырылған шараға еліміздің әр түкпірінен келген азаматтар, батырдың ұрпақтары атсалысты.
– Келер жылы анталаған жаудың бетін қайтарып, қазаққа қорған болған батыр бабамыздың 330 жылдығы. Соның қарсаңында елінің есесін түгендеп, ат арқасына қонған ер рухын құрметтеп, содан өскелең жастар өнеге алсын деген ниетпен осында шаруа бастадық. Қабанбай бабамыздан «Алыс, туыс демеймін, кім атымды атаса, соны қолдап жебеймін» деген сөз қалған деседі. Шынында қаһарынан дұшпаны қаймыққан батыр бір руға, бір аймаққа емес, күллі қазаққа ортақ. Жерінің сынық сүйемін жауға таптатпай, тізе қосып, жасанып келген жауға қайрат танытқан барлық баһадүр рухын осылайша құрметтеп, кейінгіге үлгі етуіміз керек, – дейді «Ер Қаптағай» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, философия ғылымдарының докторы Құсман Шалабаев.
Биыл еліміздің шығысында ел қорғаған батырлардың жорық жолымен «Аягөз-Майлышат-Шорға» тарихи-танымдық экспедициясы жолға шығып, арнайы деректі фильм түсіріліпті. Ел басына күн туған 1723 жылы Түркістанда жаудың бетін қайтарып, алапаты асқан Қаракерей Қабанбайды ел «Хан батыр» атаған деседі. Бұл Сырдың бойын қорғап, Ташкент, Сайрам қалаларынан жауды түре қуған батырдың ерлігі елге ортақ екенінің дәлелі. Сондықтан да осы шараның басы-қасында жүрген азаматтар келер жылы батырдың 330 жылдығына байланысты өтетін экспедицияны Сыр бойынан бастап Жоңғар қақпасына дейін жүріп өтуді жоспарлап отыр.
– Ізгі істің айналасында жұмылған азаматтардың арқасында биылғы экспедицияда 1 279 шақырым жол жүріп, ел аузында сақталған әңгіме-аңыздарды тарихта болған оқиғалармен салыстыру арқылы бабалар ерлігін жаңа қырынан тани түстік. Зерттеу жұмыстары әлі де жалғасады. Алда деректі фильм түсіру, батырлардың жорық жолымен жүріп өткен сапарды қорытындылап, жүйелі зерттеу жұмысын жарыққа шығару жоспарда тұр, – дейді Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты Қанат Еңсенов.
Дарабоз ердің ордасында қазақ жерінің қай пұшпағына тиген жауға қарсы жұмыла шайқасқан батыр бабалардың бірлігі жайлы баса айтылды. Баһадүр рухына құрмет танытудың шаралары баяндалды. Еліне қалқан болған ер жайлы көркем фильм түсіру қолға алыныпты. Сонымен қатар тиісті орындарға Алматы қаласынан еңселі ескерткіш тұрғызып, 330 жылдығын республика көлемінде атап өту жөнінде ұсыныс берілген.
Қызылорда