• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 30 Қыркүйек, 2021

Балаларға абай болайық

204 рет
көрсетілді

Соңғы аптада «жаман тұмаудың» шеңгеліне ілігу көрсеткіші 1,7 есе азайғанымен, өңір әлі де «қызыл аймақтың» құрсауында. Тәуліктік көрсеткіш 0,3 пайызды құрап отыр. Жаңа оқу жылы басталғалы 440 мектеп оқушысы дерт шеңгеліне іліккен.

Өткен тәулікте COVID-19 індетіне шал­дығудың 79 оқиғасы орын алды. Бүгінде облыста 433 адам арнайы емдеу мекемелерінде ем қабылдауда. 57 науқас жан сақтау бөлімінде жатыр. Бір алаң­датар­лығы, соңғы айларда мектеп оқушыларының індетке шалдығу оқиғасы жиілеп кетті. Айталық, оқу жылынан бастап 440 оқушы қатерлі дерттің қармағына ілініп отыр. Оның 158-і дертті білім ошағынан тыс жерлерде жұқтырғаны анықталған. Қауіптің алдын алу мақсатында 76 оқу орнының 130 сыныбы қашықтан оқуға көшірілген. Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орны студенттерінің арасында 64 адам індетке шалдығып отыр. Осы орайда Щучинск қаласындағы жоғары техникалық кол­леджде – 11, Көкшетау қаласындағы «Арна» колледжінде – 5, азаматтық қор­ға­ныс колледжінде 4 індетке шалдығу оқи­ғасы тіркелді. Шоқан Уәлиханов атындағы уни­верситетте де 12 студенттің коронавирус жұқтырғаны белгілі болып отыр.

Індеттің алдын алудың жалғыз жолы – екпе ектіру. Облыс Спутник V, Синофарм, QazVac вакцинасымен толық қамта­ма­сыз етілген. Мемлекет басшысының тап­­­сырмасына орай, төртінші тоқсанда Phizer вакцинасы жеткізілмек. Отан­дық вакцинаның шетелдік екпеден еш кемдігі жоғы әлдеқашан дәлелденген. Бұл арада көңілде алаңдаушылық тудыратын себеп жоқ. Науқан басталғалы облысқа 350 650 доза жеткізіліп, бүгінге дейін 282 123 адам екпе алды. Бұл барлық тұрғындардың 68,6 пайызы. Екпе алудың көрсеткіші әр ауданда әртүрлі. Демек, ұйымдастыру, мәселенің мән-жайына елдің көзін жет­кізіп, ұғындыру жұмыстарының талапқа сай емес екені айтпаса да түсінікті. Қор­ғалжын және Жарқайың аудан­дарының тұрғындары мәселенің мәнісін жақсы түсініп, түгел екпе ектірген. Осы орайда Целиноград, Бурабай, Зеренді аудандары мен Көкшетау қаласында екпе егу әлі де сылбыр жүріп жатыр.

Шынтуайтында, облыста екпе ектіру көрсеткіші өткен аймен салыстырған­да біршама төмендеді. Мамандардың айтуына қарағанда, оның негізгі себебі – әлеуметтік желіде етек алып кеткен жал­­­ған хабарлардың әсері. Осыған орай, әлемде екпе ең алдымен аурудың жеңіл өтуіне әсер етіп, COVID-19 салдарынан науқастардың шетінеуі азаятыны ғылыми негізде дәлелденіп отырғанын тағы бір қайталап айтуға мәжбүрміз. Тіпті мысалды алыстан іздеудің де қажеті жоқ. Облыста 282 123 екпе егілген адамның небәрі 125-і ғана ауруға шалдықты. Бұл жалпы екпе алған халықтың 0,04 пайызы ғана. Осы арада екпе алды делінгенімен, жалған құ­жат жасатушылардың да болғанын ескеру керек. Бәлкім, екпе алған соң ауруға шалдыққандар сол жалған құжат жасатушылар болуы мүмкін. Облыста екпе алдым деп жалған құжат жасатушыларға бірнеше қылмыстық іс қозғалды.

Қыркүйек айының орта шенінен бастап тұмауға қарсы екпе егу науқаны басталды. Бюджет қаржысы есебінен «Гриппол Плюс» ресейлік вакцинасының 87 961 дозасы алынды. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін тұрғындардың кем дегенде 10 пайызы тұмауға қарсы екпе ектіруге тиісті. Оның ішінде бірінші кезекте медицина қызметкерлері, балалар, есепте тұрған созылмалы сырқаты бар науқастар егіледі.

Облыста 4 397 нысан Ashyq платформасы арқылы жұмыс істеуде. Жұмыс барысында барлығы 1 416 адамның «қызыл», 465 адамның «сары» мәртебемен жүргені анықталған. 419 адамға 19,7 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. Жыл басынан бері 28 237 нысан карантиндік шараларды сақтауға байланысты тексерістен өткізіліп, 604 мәрте талап бұзылғаны анықталды.

 

Ақмола облысы