Бұл туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен брифингте айтылды, деп жазады Egemen.kz.
Президент Жолдауына сәйкес шараларды қолдануды талап ететін тағы бір сала — агроөнеркәсіп кешені.
Үкімет басшысының орынбасары атап өткендей, агроөнеркәсіптік кешеннің басты мақсаты — елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Ауыл шаруашылығы өндірісіне ауа райы факторларының теріс әсерін жою, сондай-ақ мал шаруашылығының жемшөп базасын дамыту мақсатында егіншілікті әртараптандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Ол үшін жалдау шарты шеңберінде қабылданған міндеттемелерді орындау бойынша жер пайдаланушыларының жұмысын бақылау тетіктері әзірленді.
«Мемлекеттік реттеу шаралары заманауи цифрлық технологияларды қолдануға, ғарыштық мониторинг пен жерді қашықтан зондтауға негізделіп, мемлекеттік қолдау шараларымен үйлестірілетін болады», деді Роман Скляр.
Бұдан басқа, егіс алқаптарын әртараптандыру, ауыл шаруашылығының жалпы өнімін ұлғайту, еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ жерді ұтымды пайдалану жөніндегі талаптарды орындау сияқты қарсы міндеттемелерді кезең-кезеңімен енгізу жоспарланған. Сонымен қатар жем-шөп дақылдарын өсіру алаңын кемінде 2 есе ұлғайту жоспарлануда.
Жайылымдардың өнімділігін арттыру үшін жаңа тәсілдер енгізілетін болады. Осыған байланысты су арналарына реконструкциялау жүргізілуде.
«2025 жылға дейін жалпы ұзындығы шамамен 2,3 мың км болатын кемінде 120 магистралдық арнаны қайта жаңартуды жүргізу жоспарда бар, сондай-ақ таяу уақытта елдің алты өңірінде жинақтау көлемі 1,7 млрд м3 болатын 9 жаңа су қоймасы салынатын болады», деп баяндады ол.
Бүгінгі таңда елімізде шамамен 1,6 млн жеке қосалқы шаруашылық бар, олар 2020 жылдың қорытындысы бойынша 2,6 трлн теңге сомасына ауыл шаруашылығы өнімін өндірді.