...Алатаудың етегінен қар тез көшіп, Алматыда көктем де ерте шыққан 1992 жыл еді. «Арал-Азия-Қазақстан» Халықаралық қоғамының төрағасы, ақын Мұхтар Шаханов бір күні өзі басқарып отырған «Жалын» журналының редакциясына алматылық тілшілерді шұғыл шақырсын...
Халық үшін әрдайым айтары бар айбарлы ақынның тектен-тек дабыл қақпағанын ұғынып, межелі жерге құстай ұштық... Ол кезде бүгінгідей алдын ала хабар тарата қоятын баспасөз хатшысы немесе мекемелерде бұқарамен байланыс жасайтын PR бөлімдері жоқ. «Баспасөз мәслихаты» деген атаудың өзі таңсық.
Өте көңілді екенінің өзі түр-келбетінен оп-оңай байқала қоймайтын ақын ағамыз тілшілер үшін шын мәнінде тосынсый жасайды деп кім ойлаған?!
– «Лениншіл жас», Қазақ радиосы, «Қазақ әдбиеті», «Жетісу»... «Халық кеңесі», «Алматы ақшамы»... деп әрқайсымыздың айтқанымызды қайталай, қолымызды қысып амандасқан Мұхтар Шаханов «Редакторларыңа жеке өзім телефон шалып, сендерді шұғыл шақыртуымның себебі, санаулы минуттардан соң осында қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров келеді», – деп сыр ашты.
Төбеміз көкке жеткендей қуандық. Өйткені ол кезде ғарыштан оралған Тоқтар Әубәкіровпен жүздесу әрбір тілшінің арманы болатын, амал қанша, Кеңес Одағының ең соңғы №72 ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, КСРО-ның еңбек сіңірген сынақшы-ұшқышы алыс та ауыр сапардан кейінгі өтетін оңалту ем-домына сәйкес Мәскеуде жүрген. Бір сөзбен айтқанда, күллі өмірі онсыз да «құпиялықтан» құралған Батырдың жолы Алматыға қашан түсетіні туралы ақпарат жоқтың қасы-тын...
Ақын бәрімізге «Қош келдіңдер-ді...» айтып үлгергенше, ішкі есікті айқара ашып, Батырдың өзі де кіріп келді. Бүгінгі пікірлер мен талаптар өлшемімен безбендесек, бұл шын мәнінде «Жалын» альманағында тұңғыш ғарышкермен өткен Қазақстандағы тұңғыш баспасөз мәслихаты дер едім. Кинодағылардай көзіміз үйрене бастаған кәдімгі нағыз «Голливудтың жұлдызындай» жайдары Әубәкіров тілшілердің әр сауалына асықпай, талмай әрі қазақ тілінде тамаша жауап берді-ай. Мектепті орысша бітіргеннен күллі оқу-қызметі туған жерден тыс өткен жас жігіттің қойылған сұрақтарға ана тілінде ойланып, асықпай, ұғынықты сөйлеп, жауап беруі баршамызды таңғалдырды.
Содан... Аралдан ұшқан тұз боранның төңіректі тұмшалап қана қоймай, Памир тауының ұшар басына қарай жөңкіліп жатқаны, Екібастұз ГРЭС-інің түтіні шудаланып түу Новосібір асқаны... Жердің ғарыштан домалақ «тірі» организм секілді «тыныстауы», суының қай жылы таусылғаны беймәлім Әмударияның географияда көрсетілгендей Аралға келіп құймайтыны... Каспий мен Арал теңіздерінің жерасты байланысы туралы ғалымдар болжамы... ғарыш кеңістігіне енгенде және шыққанда адам денесінің қандай күй кешетіні сияқты... басқа да қызықты әңгімелер шектеусіз шертілді. Ғарышкер қандай сауал қойылса да, тосылмай жауап берді.
Қазақстан Республикасы Жастар істері жөніндегі комитеттің төрағасы Иманғали Тасмағамбетовтің: «Жігіттер, Тоқтар Оңғарбайұлымен маңызды мекемеде өтетін маңызды кездесуге бара жатырмыз», деген ишарасынан кейін ғана тұңғыш қазақ ғарышкермен Шаханов офисіндегі өткен журналистердің мазмұнды мәслихаты мәресіне жетті.
Түрегеп тұрып, тізерлеп отырып, жүрелей жүгіріп, байыз таппай, әрбір қас-қағым сәтті таспаға мүлт жібермей түсірген атақты фотожурналист Нұрманбет Қизатұлы ағамыздың бұл суретінің осындай бір тарихы бар!
Содан бері де отыз жылға таяу уақыт зырғып өтіпті...