• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 30 Қыркүйек, 2021

Ұлтшылдық пен отаншылдық

4573 рет
көрсетілді

Қазіргі әлемдегі саяси жағдайдың ушығуы, түрлі аймақтарда қақтығыстар өр­шіп, босқындардың көбеюі, еуропалық ықпалдасудың болашағына күмәнмен қарайтын ұлтшыл еуроскептиктердің саны артуы, шовинистік пиғылдағы кейбір шетелдік саясаткерлердің қоғам­дық пікірді дүрліктіруі, неонацистік қозғалыстардың жандануы, әлем картасында этносаралық жанжалдардан туындаған «ыстық нүктелердің» пайда болуы ұлтшылдық мәселесі адамзат қоғамындағы өзекті тақырыптардың бірі болып отырғанын көрсетеді.

Кеңестік тоталитарлық кезеңде қа­лып­тасқан қасаң стереотип бойын­ша ұлтшылдық жағымсыз ұғымға ай­нал­ғандықтан, «Ауру қалса да, әдет қал­майдының» керімен ұлтшылдық десе, аза бойы қаза болатындар әлі күні де жетіп артылады. Біртұтас «кеңес халқын» жасау эксперименті үшін, әрине, ұлтшылдық теріс әрі қауіпті ұғым саналды. «Ұлтшыл» деген жала жабылып, қаншама қазақ зиялысы саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Бұған қоса, национал-социалистік идеологияға сүйенген А. Гитлердің нацистік Үшінші рейхі неміс фашизмін туындатып, Екінші дүниежүзілік соғысқа себепкер болды. Осындай тарихи жағдайлар ұлтшылдық ұғымына деген жағым­сыз көзқарастың туындауына ықпал ет­ті. Ал түптеп келгенде, осы ұғымды құ­бы­жық етуге ықпал еткен мәселе – «на­ционализм» мен «нацизм» деген ұғымдардың аражігі ашылмастан, қазақ тіліне «ұлтшылдық» деп аударылып, қоғамдық сананы шатастырушылық еді.

«Национализм» – ұлттық мемлекетті қалыптастырушы әрі нығайтушы болып саналатын мемлекетқұраушы төл ұлттың рөлін басты құндылық ретінде танитын дүниетаным, ұлтжандылық сезімі, өз ұлтыңды сүю, ұлтшыл болу. Ұлтшылдық толерантты: өз ұлтыңды сүйе отырып, өзге ұлт өкілдерінің ұлтшылдығына түсіністікпен қарауды талап етеді.

Ал «нацизм» болса – «национал-социализм» деген идеология атауының қысқартылып алынған нұсқасы, бұл – шовинизмді («ұлы» ұлттың астам­шылығын насихаттап, «бұратана» ұлт­та­р­ды қанау, шеттетіп, түртпектеу құқы­ғын негіздеу), расизм (нәсілдік диск­ри­минация) мен антисемитизмді (семит­тік тіл тобына жататын еврейлерге жау ретінде қарау), ксенофобияны (грек­ше: ксенос – бөтен, шетелдік, фобия – қорқыныш) социализмнің бойы­на сіңіріп, бір ұлттың арийлік этнос­тық ар­тықшылығына сүйене отырып «әлеу­меттік әділеттілік» орнатуды аңсайтын әсіре ұлтшыл-социалистік қоғамдық құрылыстың тоталитарлық идеологиясы.

Бұрмаланған ұлтшылдықтың құбы­жық формасы ретінде национал-социализм идеологиясы бүкіл әлемге қайғы-қасірет әкеліп, адамзатқа қарсы ауыр қылмыстардың жасалуына негіз болды. Сондықтан да, «нацизмді» қазақша нақтылып, «әсіре ұлтшыл-социализм» деп атын атап, түсін түстеп айтқан жөн.

Ұлтжандылық әрбір ұлт үшін қа­жет, ұлтжанды ұлтшыл болу арқылы ғана ұлттың тілін, салт-дәстүрін, ерек­шеліктері мен ұлттық мемлекетін сақ­тап, дамытуға болады. Таза нацио­на­лизм, яғни өз ұлтыңды сүюді білді­ре­тін ұлтжанды ұлтшылдық ұғымы – жа­ғым­ды құбылыс, ол ұлттық мемлекет құру үшін аса қажетті рухани құндылық.

Ұлтшылдық – өз ұлтыңа деген сүйіспеншілік, ұлттық ерекшеліктеріңе мақтанышпен қарау, салт-дәстүрлеріңді сақтап, ана тілде сөйлеу, қысқасы, өз шық­қан тегіңе, ұлтыңа тән барлық бел­гілер мен ұстанымдарға қатысты асқақ та позитивке толы сезім.

Ұлтшылдықтың ауқымы кең, ол саяси, қоғамдық немесе мәдени сипаттағы қозғалыс емес және ұлттық өмірдің бар­лық саласын қамтиды. Саяси режімдер ауыса береді, экономика да сан алуан жол­­дармен дамиды, ал ұлт өзінің ерек­­­шеліктерін сақтап, қоғамдық өзге­ріс­терге бейімделе отырып өмір сүруін жалғастырады. Осылайша, ұрпақ алмасу, мәдени мұраны үзбей, ұлттық болмысты жоғалтпай болашаққа қадам басу жүзеге асады. Ал ұлттық сана-сезімін, болмыс-бітімін жоғалтқан ұлт жер бетінен жойылады.

Ұлтшылдық мәселесінде ерекше мән беретін маңызды ерекшелік – ол тек бір ұлтты мақтап, асыра сілтеу­ді ғана білдірмейді, ұлтшылдықта сын­ға да орын бар. Ұлттың бойындағы кем­­­ші­­ліктерді сынап көрсетіп, олардан ары­лудың жолдарын іздеп, қайғы­рып-қамықпаған ұлтшыл ойшыл жоқ шығар. Абай атамыздың «Қара сөздеріндегі» қазақтың бойындағы кем­шіліктердің айтылуы осыдан, Алаш­тың ұлтжанды қайраткерлері де «Айқап», «Маса», «Қазақ» басылымдары арқылы өз ұлтының кем-кетігін айтып, жоғын жоқтады. Бұл тұрғыдан алғанда, ұлтшылдық – ұлттың өзін өзі сақтау инстинк іспетті аса қажетті қасиет. Ресей ойшылдары да орыстың ол­қы­лық­тарын ашына көрсетіп, қан­ша­ма сыни шығармаларын жазды. Әлем­дегі басқа ұлттардың ойшылдары да солай, өз ұлтын сүйгендіктен, жақ­сы қасиеттерін асқақтатып мақтаса, жаман қылықтарына ұялады, жаны ашы­ған­дықтан кемшіліктерін сынап, ұлты­ның мықты болуын армандайды. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деп, нағыз ұлтшылдар жақсы мен жаманды қатар көре біледі. Ұлдары ұлтшыл келетін, сол ұлдарын ұлықтай білетін ұлт ұлы бол­мақ. Ал керісінше, ұлтын сүйе­тін ұлт­шыл ұлдарын ұрыдай көріп, қуыс­тан­ған ұлт түбі ұтылады.

Елдің өркендеуі мен дамуын үнемі және біржақты насихаттай беру де ұлтшылдықтың халықты ұйыстырудағы қызметіне теріс әсерін тигізеді. Бірақ бұл бас салып Үкіметті, еліміздің сая­сатын сынау емес, осы мәселеге өзім қан­дай үлес қосып жүрмін деген сауал төңі­регінде ойлану. Қиыншылықтардың бар екендігін және оның себептерін анық­тап, оларды еңсерудің жолдарын көр­сету, оған әрқайсымыздың саяси сілкі­нісіміздің, рухани жаңаруымыздың, ұлт­жандылығымыздың қажет екендігін түсіндіру арқылы отаншылдықты жан­дандыруға болады. Бұл көп жағдайда халықты, ұлтты кез келген қиындықты жеңуге жұмылдыруда тиімді қызмет атқаратынын ұмытпауымыз керек.

Ұлтымыздың болашағы зор, бәсеке­ге қабілетті әрі сапалы болуы үшін әрқайсысымыз бала тәрбиесіне ерекше мән беруіміз қажет. Бұл міндет жүзеге асуы үшін ата-аналардың ұлттық намысы берік болуға, ұлттық мәдениет пен салт-дәстүрді қастерлей білуге тиіс. Ең бастысы – әр қазақтың өз ұлтына, тіліне, діліне, елі мен жеріне де­ген мақтанышы мен сенімі мол болуы қажет. Ондай мақтаныш сезімі қай кезде болады? Әрине, еліміз дамып, халықтың әл-ауқаты артып, өмір сапасы жақсарып, білім-ғылым мен мә­дениет көркейіп, заң алдында бәрі тең болатындай құқықты және қауіп­сіз қоғам орнаса Қазақ елі үшін бәріміз мақтанып, халқымыз өз Отаны үшін жанын қиюға даяр болары сөзсіз. Бұл біз ашқан жаңалық емес. Ұлттық мем­лекетті нығайту үшін, ең алдымен, мем­лекетқұраушы ұлттың саны мен сапа­сын жақсарту қажет деген қағида баяғыдан бар. Дамыған елдер бұл қа­ғи­даға имандай сенеді және оны шы­найы жүзеге асырып та жатыр. Ал біз­­дегі жағдай қалай? Қазақстандағы мем­лекетқұраушы ұлт – қазақ ұлтының саны мен сапасын жақсарту үшін бізге әлі де көп еңбектену қажет. Қазақтар көп қоныстанған ауыл-аймақтарды дамы­ту, тұралаған ауыл шаруашылығын көтеру, жастарды баспанамен қамту, ауылдық жерлердегі өмір сапасын жақсарту, шетелдегі қазақтарды жинау және т.б. Қазақ ұлты мықты болмай, Қазақ елі мықты болмасы анық. Бұл өзара тәуелді мәселе, бір жағынан қазақ ұлты бәсекеге қабілетті болу үшін барынша тырысып, ғылым-білімді, кәсіпті, биз­несті барынша меңгеруге ұмтылуы шарт. Екінші жағынан, билік тарапынан мем­лекетқұраушы қазақ ұлтының дамуына барынша жағдай жасалуға тиіс.

Мемлекетқұраушы қазақ ұлты­ның атқаратын миссиясы ауыр, жауап­кершілігі зор, сондықтан да өз ата­ме­ке­нінде тұрып жатқан төл ұлттың ар­тық­­шылықтарға ие болуына моральдық құ­қығы бар. Бұған өзге этнос өкілдері түсіністікпен қарауы керек, қазақтар әрдайым кеңпейілділік танытып келе жатқанын олар да ұмытпауға тиіс.

Мемлекетқұраушы ұлт ретінде қазақ ұлты – Қазақстан атты ұлттық мем­лекеттің ең басты субъектісі, ұлт­тық мүдденің қайнар бастауы әрі басты қор­ғаушысы. Кез келген ұлттық мемле­кеттегі мемлекетқұраушы ұлттың орны мен рөлі осындай. Мемлекетқұраушы ұлттың төңірегіне ұйысқан елдегі барша халықтың мұң-мұқтажы мен арман-мақсаты ескерілмесе, ол – жалпыұлттық мүдде емес, билік басында отырған билеуші элитаның ғана мүддесін біл­діретін тар саяси мүддеге айналмақ. Мұн­дай алдамшы, ауқымы тар саяси мүддені саясаткерлер жүз жерден жа­лаң ұранмен бүркемелегенімен, ол ұлт­тық мүдде деңгейіне көтеріле алмайды. Бұл тұрғыда Қазақстан Пре­зи­денті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл­ғы Жолдауында: «Бірлігіміз – әр алуан­дықта» деген басты қағидамыз ешқашан өзгермейді. Сондықтан этнос­аралық қатынастардың үйлесімді дамуы Қазақстанның мемлекеттік саясатының басты бағытының бірі болған, әрдайым солай болып қала береді», деп нақты көрсетілген.

Ұлтшылдық теориясының дамуы барысында ұлтты мемлекеттің азаматы болуымен анықтау да орын алды. Бұл саяси ғылымда француздық модель деп те аталады. Мұндай үлгі бо­йынша қандай ұлттың өкілі болсын, қолында Франция азаматы екенін растайтын төлқұжаты бар болса, ол – француз. Францияға бақыт іздеп келген қаншама араб, африкалық, азиялық мигранттар азаматтық алып, еуропалық өмірден орнын тауып, бағы жанып жатса, өздерін французбыз деп мақтанышпен айтады. Бұл модельден көріп отырғанымыздай, азаматтық – тек саяси, яки мемлекеттік сипаттағы, ал ұлт – саяси әрі халықтық сипаттағы ұғым. Ұлт ұғымының ауқымы да кең, мән-мағынасы да терең.

Қазіргі заманғы ғаламдану процесі ұлтты айқындау мәселесіне де, ұлт­шылдық сезіміне де айтарлықтай ық­пал етіп отыр. «Әлем азаматы» деген космополиттік өзін өзі айқындау түрі пайда болып, кейбір елдерде ұлттық ерекшеліктер, азаматтық өзін өзі ай­қындау екінші кезекке қалып барады. Трансұлттық компаниялар ғаламдық деңгейде пайда табуды көздейді, бір мемлекеттің ауқымы олар үшін тар. Жаһанданудың басты қозғаушы күштері солар. Бұл аздай, нарықтық қатынастар адамдарды тұтынушылық психологияға негізделген эгоизмге ұрындырып, әлеуметтік жіктелудің жаңа түрлерін туындатуда. Мұның барлығы айналып келгенде, ұлттық құндылықтардың девальвацияға ұшырауына әкеліп соғып отыр. Біздіңше, шынайы ұлтшылдар да, патриоттар да, негізінен, орта таптан шығады. Тұрғылықты халықтың бай-кедей болып жіктелуі – қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін бас­ты факторлардың бірі. Орта тап сая­си тұрғыда әлеуметтік амортизатор қызметін атқаратынын ескерсек, мұн­дай жұмсартушы-тұрақтандырушы фак­торсыз антогонистік сипаттағы бай-кедей қайшылығы таптық күреске ұласып, саяси жанжалға немесе дағ­дарысқа ұрындыруы ғажап емес. Ал республикамызда нағыз орта тапты қалыптастырып, одан әрі дамыту үшін өндірісті жолға қою, ауыл ша­руа­шылыған жандандыру, еркін сау­даны қалпына келтіру, салықтарды төмендету, несиенің сыйақылық па­йыз­дық мөлшерін өркениетті елдер­дің деңгейіне жақындату, жалақы мен зейнетақы сияқты төлемдерді көтеру, бюрократиялық кедергілер мен сыбайлас жемқорлықты барынша азайту, шағын және орта бизнеске қол­дау көрсету, кедейшілікпен және жұмыс­сыз­дықпен күрес, нарықтық қатынас­тар­ға сәйкес мамандарды қайта даяр­лау сияқты бірқатар аса маңызды мін­дет­терді шешу ұлтшыл азамат пен мем­лекеттің арасындағы кері байланысты жүзеге асырудың әдіс-тәсілдері, қыс­қа­ша айтсақ, қазақы ұлтшылдық пен отан­шылдықты нығайтатын әлеуметтік-эко­но­микалық факторлар болып саналады.

Рухани факторларға келсек, ең алдымен, қазақ ұлты халықты ұйыстырушы ядро қызметін атқарғанымен, қазақ тілі мұндай миссияны атқаруда кенжелеп қалғаны жасырын емес. Президентіміз де идеялық бірігудің сындарлы жұмы­сы арнасында қоғамда жоғарғы тіл мәдениеті орнығуға тиіс екенін атап көр­сетті. Оған мемлекеттік тілді оқшау­лау, оны басқаларға қарсы қою тұрғысы­нан емес, керісінше, оның біріктіруші рөлі тұрғысынан қарау керек. Қазақ тілі мәдениеттің бір бөлігі ретінде бар­лық қазақстандықтарды біріктірудің қосымша факторы болуға тиіс. Ол шын мәнісінде барлық ұлттар мен ұлыстарға қазақ халқының мәдениетін, дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігін танып-білудің негізі екені даусыз.

Ұлтшылдықтың негізі – мемлекеттік тіл, сондықтан Қазақстанды мекен еткен әрбір азамат мемлекеттік тіл­ді меңгеруге тиіс. Әлемде біз сияқты көп­этносты мемлекеттер жеткілікті. Бірақ көптеген елде мемлекеттік тілді білмесең, азаматтық ала алмайсың, жақсы жұмыс жоқ, өмір сүруің қиын. Сол елдің тілін білу деңгейін тексеретін арнайы емтихан тапсырып, тиісті сертификат алып дәлелдеуің керек. Сөйте тұра, ондай мемлекеттерді ешкім де «ұлтшыл» деп кінәлап, айып тағып жатқан жоқ.

Жалпы, ұлтшылдық мәселесі жө­нін­дегі ой-пікірлеріміздің түйіні тө­мендегідей:

1. Қазақы ұлтшылдыққа тәр­биелеуде тарихымызды, рухани-мә­де­ни мұра­ларымызды жаңғырта оты­рып, дәстүр мен жаңашылдықты өзара бейімдеп, қатар өрбіткеніміз жөн. Алайда ұлт­шыл­дық сияқты аса нәзік мәселеде еш­қашан сыңар­жақ­тылыққа, асыра сілтеушілік пен еліктегіштікке бой алдырмауымыз қажет. Ұлтжандылыққа тәрбиелеу іс-шаралары өмірлік шына­йы­лықпен сабақтасуы қажет;

2. Ұлтшылдық ұғымының мәні терең, атқаратын қызмет ауқымы да анағұрлым кең. Сонымен қатар ұлтшылдық сезімі жасампаздық сипатта ғана болмайтынын ескеруіміз қажет. Радикалды, нацистік, экстремистік, террористік, т.б. саяси күштер патриоттық ұран­дар­ды жамылып, халықтың арасына іріт­кі салуы да ықтимал. Нағыз ұлт­шыл­дық сана-сезімді қалыптастыру жалпыадамзаттық құндылықтарға қайшы келмейтін ұлттық тәрбие арқылы жүзеге асырылуға тиіс;

3. Қазақстандық патриотизмнің де, қазақы ұлтшылдықтың да тілі – мем­лекеттік тіл, яғни, қазақ тілі. Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі рефор­малар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында: «Қазақ тілін дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағы­тының бірі болып қала береді. Ата Заң бойынша Қазақстанда бір ғана мемлекеттік тіл бар. Бұл – қазақ тілі. Орыс тілі ресми тіл мәртебесіне ие. Біздің заңнамаға сәйкес, оның қолданылуын шектеуге болмайды. Болашағын Отанымызбен байланыстыратын әрбір азамат қазақ тілін үйренуге ден қоюға тиіс. Бұл отаншылдықтың басты белгісі деуге болады», деп атап көрсетті. Сондықтан ел азамат­тары мемлекеттік тілді білуге тиіс. Әлем­дік тәжірибеде көптеген мемлекет аза­маттық берер алдында үміт­кер­лер­дің мемлекеттік тілді білу дең­гейін тек­серіп, емтихан өткізетіні бел­гілі. Мін­дет қойылмайынша, талап етіл­мейін­ше, заң орындалмайтыны сияқ­­ты, мемлекеттік тіл де көркеймейді. Қыз­мет пен шен керек пе – мемлекет­тік тілді біл. Міндет пен талап қою – күштеу немесе мәжбүрлеу емес. Біз конституциялық тұрғыда құқықтық мемлекет болғандықтан, қазақ тілін оқып-үйрену күштеу арқылы емес, талап қою жолымен, саналы түрде, ха­лықтың бәріне ортақ қажеттілік ре­тінде, әсіресе, жас ұрпаққа бала кезі­нен үйретіліп, ұйымдық және әдісте­мелік жағынан қамтамасыз етілуі керек.

 Сейілбек МҰСАТАЕВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

саясаттану және саяси технологиялар

кафедрасының профессоры,

саяси ғылымдар докторы