Суреткер күресуге бейімсіз, талап қоюдан бейхабар
– Шығармашылық одақтың негізгі миссиясы сол саланы жаңа форматта, жаңаша көзқараста дамытуға, өнер адамдарын қолдауға һәм құқықтарын қорғауға бағытталған дейміз. Шын мәнінде, осы міндеттер орындалып жатыр ма?
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ,
Театр қайраткерлері одағының төрағасы:
– Аталған бағыттар шынында шығармашылық одақтардың негізгі миссиялары екені даусыз. Одан басқа да миссиялары жетерлік. Шығармашыл адам сүйрікті, қолпаштауды былай қойғанда, қорғаштауды аса қажет ететіні де аян. Қоғамның қасаң, кейде тіпті қатыгез болатынын ескерсек, өзінің нәзік әлемімен өмір сүретін суреткер – күресуге бейімсіз, талап қоюдан бейхабар пенде. Тіпті өз талантын міндет те қыла алмайтын әуейі адам. Әрине, шынайы суреткерлерді тілге тиек етіп отырмын, болмаса неғұрлым талантсыз, дилетанттардың пысықай келетіні, болмашы дүниесін тыққыштауда алдына жан салмайтыны белгілі. Бұл тұста шығармашыл адам бойкүйез, бейшара деп мүсіркеуді айтып отырған жоқпын. Онсыз да арзанның қымбаттап, қымбат етекте жүрген жұлқын заманда, ұлт талғамының өрелі болғанын ойласақ, өнер әлемін, сол әлемде жүрген өнерпаздарымыз аялы алақанға зәру екенін түйсіну түсінікті нәрсе. Төте жауапқа келсек, ол міндеттердің орындалуы өте-мөте қиын. Шығармашылық одақтар жетім қыздың күйін кешуде. Бұл тұста жалғыз төрағаның жыламсақтығы мен іскерлігі ғана іске асып жатқан жоқ. Дәл осы жағдайда біздің одақтың көз жасы мен есік жағалауы өзгелерден артық болмаса, еш кем емес, мәселе басқада. Қалам ұшы мен тікенек тілден секем алатын қоғам кімді таңдап, кімді қолдап, қайсыны талғап, арқадан қағуды жақсы меңгерген. «Бәледен аулақ, одан машайық та қашқан» деген мақалды жатқа біледі. Театрды – ойын, киноны сауық қатарына қосып алған қоғам біздерге оң назарын салмай-ақ қойды. Ұққанға Театр қайраткерлері одағында 60-қа таяу, театрларда 5 000-ға таяу адам өнер жасап жүр, олардың 2 500-ден астамы одаққа мүше. Солардың ерігіп жүрген ешқайсысы жоқ, «қол сынса – жең ішінде», кедей жомарт тірлігінде, сүйікті сахнасында, майдақадам жүрісте.
Ақберен ЕЛГЕЗЕК,
Жазушылар одағы төрағасының бірінші орынбасары:
– Жазушылар одағы – 87 жылдық тарихы бар қазақ әдебиетінің қарашаңырағы. Біздің құрамда үш басылым жұмыс істейді («Қазақ әдебиеті», «Простор», «Жұлдыз»). 800-ге жуық мүшеміз бар. Екі жылдық карантин кезінде 60-қа жуық қаламгерден айырылып қалдық. Пандемияға байланысты жұмысымыз да іркіліп тұр. Жалпы, қай елде болсын, әдебиетшілерді біріктіретін ұйымдар жұмыс істейді. Кеңестік елдерден бөлек, Батыста да бұл бағыт бүгінде нарықпен бірге дамып келеді. Жазушылар одағы – қаламгерлер мен билік, қаламгерлер мен қоғам арасындағы дәнекер ұйым. Одақ мүшелерінің құқығын қорғап, шығармаларын насихаттап, ақтық сапарға шығарып салуға дейін айналысады. Яғни шығармашылық одақ ретіндегі миссиямызды барынша орындап отырмыз.
Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ,
Суретшілер одағының төрағасы:
– Айталық, кеңестік кезеңде одақ мемлекет идеологиясы үшін қызмет етіп, мүшелерінің еңбектері бағаланды, тегін тұрғын үй, шеберхана берілді, материалдық көмек көрсетілді. Алайда еліміз егемендігін алып, қоғамдық дамудың нарықтық экономикаға негізделген түріне көшкелі бұрын мемлекет қамқорлығында болған шығармашылық одақ сыртта қалып, өз бетінше өмір сүруге көшті.
Қазір одақ мүшелерінің шығармашылығын қолдау үшін түрлі жаңа форматта, заманауи көзқарастағы жобалар мен іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Аға буын, олардың ізін басып келе жатқан жас суретшілердің шығармашылық деңгейіне қарай мүшелікке қабылдануына мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар өнер иелерін мемлекеттік атақтарға, лауреаттыққа және өзге де аталымдар мен сыйақыларға ұсынып отырамыз. Бірақ одан нәтиже жоқ. Дегенмен суретшілер басқармасының жыл сайын өткізетін есеп беру көрмесі және жыл бойына жоспарланатын шығармашылық пленэрлер, мерейтойлық көрмелер, шығарылатын альбомдар – мұның барлығы бүгінде қалалық әкімшілікке, қалалық мәдениет басқармасына жоба ұсыну арқылы жүзеге асып отыр. Одақ суретшілер алдындағы міндетін осылай орындауға мәжбүр.
Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,
Күйшілер одағының төрағасы:
– Бұл жұмыстар, әрине, шығармашылық одақтарға тиесілі. Дегенмен қазір нарықтық жағдайда өмір сүріп отырғандықтан, барлық жоспарымыз қаржыға байланысты. Яғни өз миссиямызды толық орындай алмай отырғанымыз да рас. Мәселен, қазір одақ мүшелерінен түсетін түсімнен және жыл сайын күйшілерге арналған жетілдіру курстарынан түсетін қаржыға жұмыс істеп отырмыз. Осы қаржыға жыл соңына дейін күйшілік өнер туралы екі кітап шығармақпыз. Ал шығармашылық одақтардың миссиясына сай түрлі конкурс ұйымдастыруға министрліктің көмегінсіз қауқарсызбыз. Мысалы, биыл Батыс Қазақстан облысы әкімдігі республикалық «Тәуелсіздік ұраны» атты күйші-копозиторлар байқауы мен «Көне домбыра» атты домбыра жасау шеберлерінің фестивалін ұйымдастыруға қолдау білдіреміз деген. Алайда кейін бас тартты.
– Шығармашылық одақтар қоғамдық ұйымға жатады. Бұның мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауға әсері бар ма? Мәселен, республикалық гранттарға қатыса ала ма? Жалпы, мемлекеттік бюджеттен қаржы жүйелі түрде бөліне ме?
Ақберен ЕЛГЕЗЕК:
– Ғасырға жуық тарихы болса да Жазушылар одағы үкіметтік емес ұйымдар туралы заңға сәйкес қоғамдық бірлестіктермен құқығы тең болып қалды. Бұл, әрине, әділетсіздік. Өйткені үкіметтік емес ұйымдардың түр-түрі бар: кішкентай саланы қамтитын қоғамдық ұйымдар да жұмыс істейді. Ал мәдениеттің әр саласын реттеп, ұйымдастырып отырған шығармашылық одақтарды бұл санатқа жатқызуға болмайды. Әдебиет – мәдениеттің ең үлкен саласы. Әдебиетсіз кино да, театр да жоқ, әдебиетсіз ән де шықпайды. Ал жалпы мемлекеттен қаржы алмаймыз. Үкіметтік емес ұйымдардың барлығы мемлекеттік тапсырыстарға қатыса алады. Бірақ ол жерде де көптеген мәселе бар: кейде «көлденең көк атты» ұйымдар бағасын төмендетіп алып кетіп жатады. Тиісінше, сол тапсырысты орындай алмайтын кездері де болады. Айталық, біз республикалық мемлекеттік органдардың гранттарына және жергілікті басқару органдарының әдебиет, мәдениет саласына байланысты байқауларына қатысамыз. Дегенмен кейбір басқа елдердегідей, шығармашылық одақтар мемлекеттің тікелей қаржыландыруына көшкені дұрыс. Бұл, әрине, мемлекет сол саланы басқарады деген түсінік емес.
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ:
– Иә, ит асыраушылар да үкіметтік емес ұйымға жатады. Сондықтан мемлекет тарапынан еш қолдау көрсетілмейді. Иттер де үріп, «қолдаңдар» деп ұлып қоя беруі бек мүмкін. Мемлекеттік бюджеттен бір тиын да бөлінбейді. Ал грантқа қатысу эпопеясына біздің үніміз де өтпейді, шамамыз да жетпейді. Ол біз сияқты алтыншы сортты «арық-тұрықтар» емес, «жүнді қолдардың» ауылы ғой. Олардың талаптарын орындауға ақылымыз жеткенмен, қалтамыз тесік. Қалай қатысамыз? Алдын ала төлейтін сома түсімізге де кірмесе не істейміз, «шәпкілерді» ауызға да алмай-ақ қояйық.
Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ:
– Әлеумет назарынан тыс қалған ұйымдардың бірі – Суретшілер одағы. Мемлекет тарапынан шығармашылық одақты қолдау қоры жоқ. Қазіргі уақытта осы факторларға байланысты одақ қызметінде туындаған мәселелер де жетерлік. Мәселен, Суретшілер одағына мемлекеттік немесе жеке тұлғалардан шығармашылық жұмыстарды орындауға тапсырыстар түспейді. Берік қаржылық базаның болмауы салдарынан болашақ даму үшін ғана емес, шығармашылық одақтың қызметіне үлкен қиындықтар туғызады. Суретшілер одағы – коммерциялық емес шығармашылық ұйым, соған қарамастан коммерциялық кәсіпорындар сияқты салық төлеуге мәжбүр, бұл оның одан әрі дамуына мүмкіндік бермейді. Одан бөлек, суретшінің әлеуметтік мәртебесі заңмен белгіленбеген, өйткені шығармашылық қызметкердің одақ мүшесі ретіндегі мәртебесі еңбекке теңестірілмейді (Кеңес заманындағыдай). Сондықтан күнделікті жұмыста емес, өз шеберханаларында шығармашылықпен жұмыс істеген суретшілерге зейнетақы ең төменгі деңгей бойынша төленеді. Суретшілер мен басқа да шығармашылық қызметкерлер авторлық құқыққа қатысты мәселелерін де шеше алмайды. Негізгі мәдени әлеует шоғырланған Алматы қаласында осы салада пісіп-жетілген практикалық мәселелерді шеше алатын зияткерлік меншік мәселелері бойынша сауатты және тармақталған құқықтық жүйе жоқ.
Ортақ мәселе – қаржылық қиындық
–Президент Қ.Тоқаев биылғы Жолдауында: «Жас әрі дарынды мүсіншілер, суретшілер, театр қызметкерлері, музыканттар, қаламгерлер жаңа жанр түрлерін игеріп, ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Сөйте тұра, олар елеусіз қалып, меценаттардың көмегімен ғана күн көреді. Шын мәнінде, Қазақстан мәдениеті сол жас дарындардың арқасында жаһандық деңгейде танылып жүрген жоқ па?! Сондықтан Үкімет сарапшылармен бірлесіп, жыл соңына дейін жаңа мәдениетті және оның дарынды өкілдерін дәріптеуге бағытталған нақты шаралар жоспарын ұсынуға тиіс», деп нақты тапсырма берген еді. Осы мақсатта қандай жобалар ұсынасыздар?
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ:
– Президенттің осы тапсырмасынан кейін, ел қатарына қосылдық-ау, қоғамға біз де керек екенбіз-ау деген үміт оты жарқ еткені рас. Өткен жылғы кездесуімде Қасым-Жомарт Тоқаевпен болған әңгіме осы төңіректе өрбіген-ді. Жолдауда айтылған әлгі ойларды Президенттің өз аузынан естігем. Шүкір, көпке ұзамай іске асқалы жатқанына – бөркім аспанда. Театр қайраткерлері одағының ойында қыруар жобалар балалап жатыр десем, артық айтқандық емес. Қайыршы кезіміздің өзінде бизнестегі жораларға қол жайып жүріп қаншама тірлік жасағанымыз ел-жұрттың есінде. Әлемдік театрлар әлдеқашан жаңа форматтарға көшіп, көрерменді көзайым қылып, заманауи талаптарға сай қойылымдар қоюда, драматургия жанры да бізден оқ бойы алда. Сахналық әбзелдердің де неше түрлі технологиялық мүмкіндіктері шығып жатыр. Соның бәрімен тиісті мамандарға құда түсіп, шеберлік-кластар өткізіп, тіпті жаңа формадағы театрларды шақырып, актерлар мен режиссер, суретшілеріміздің шеберлік мүмкіндіктерінің қарым кеңдігімен сусындатсақ, қанаттандырсақ, ең бастысы, режиссура қиялы мен актерлік өренің биік мысалдарымен таныссақ, қысқасы, көштен қалмасақ дейміз де... Біздің одақ алыс-жақын шетелдегі одақтарымыз бен әріптестерімізбен ауызекі ғана байланыста. Олардың ізденістерімен, табыстарымен танысу үшін, барып көруге, шақырып араласуға қаражатымыз жоқ, іштегі арман күйінде көмескіленіп қалып барады, запыран боп күйіп барады. Қытайдағы Азия елдері театрларының халықаралық қоғамы (АТА), Франциядағы (ITI интернешнл театр институты), Англиядағы АССИТЕЖ (дүниежүзілік жастар театрлары қауымдастығы), УНИМА (дүниежүзілік қуыршақ театрлары бірлестігі), т.б. одақтармен байланыс жасағымыз келеді. Әріге бармай, өзіміздің облыстардағы әріптестеріміздің жетістіктерімен мақтанып, Алматы мен Нұр-Сұлтанда гастроль жасап, біздер оларға барып, алқақотан араласудың жолдары да қол қысқалық жасайды. Елге танымал, тоғыз жылдан астам өмірі болған «Театр KZ» журналымызды да шығара алмай, Голливудтың «Оскарына» пара-пар «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығын да үш жыл бойы тірілте алмай, ұятқа қалып жүрміз. Театр суретшілерінің көрмесі, грим, костюм шеберлерінің көрме-мастер кластары, тіпті көрерменмен жұмыс істеу менеджерлерін де оқытып алу да ойымызда бар. Қайсыбірін айтайық, істеймін деген адамға жобалар жетіп артылады.
Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ:
– Нота редакторы деген шетелдік бағдарламаға ұлттық аспаптарымыз – домбыра, қобыз, шаңқобыз, сазсырнайды енгізу туралы министрлікке хат жолдағанбыз. Алайда бұл жоба кейінге қалдырылды. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» бөлімінде қазақ аспаптарын жаңғырту жөнінде айтылған еді. Дегенмен бұл бағыттағы жобалар министрлік тарапынан қолдау таппай отыр.
Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ:
– Осы орайда Алматы қаласында қыркүйек айының 19-29 жұлдызы аралығында Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында «Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты республикалық пленэр конкурс өтті. Пленэр нәтижесіне орай Әбілхан Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде 5 қазанда көрме ашылып, марапаттау рәсімінде жеңімпаздарға жүлделі сыйлықтар тағайындалмақ. Сондай-ақ осы іс-шара қорытындысында пленэрге қатысқан суретшілердің еңбектері альбом катологке енгізіліп отыр. Ал Суретшілер одағының республикалық есеп беру көрмесі 12 қарашада Мемлекеттік өнер музейінде өтеді. Оған барлық өңірдегі суретшілер қатысады. Бұл іс-жобаларға Алматы қалалық әкімдігі және Алматы қаласының мәдениет басқармасы қолдау көрсетіп отыр.
Ақберен ЕЛГЕЗЕК:
– Одақ басшылығына 2018 жылы сайланған кезде біздің алдымызда екі мақсат тұрды: қазақ әдебиетін экспорттау, яғни әлем елдеріне насихаттау, екіншісі – жас таланттарды қолдау. Тәуелсіздіктің 30 жылында әдебиетте бірнеше буын алмасты. Сол ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау, білімін жетілдіру, т.б. толып жатқан мәселелер бар. Қазіргі таңда, әсіресе, жастарды қолдауға аса мән беріп отырмыз. Президент сөзінде айтылғандай, Әдебиет академиясын құру идеясын жоспарлаған едік. Алайда мемлекеттік сатып алудың кейбір тетіктері бойынша конкурста ұтылып қалып, басқа бір аты белгісіз ұйым алды. Бұл жобаны ол ұйым өз деңгейінде жасай алатынына сенім аз. Ал Әдебиет академиясын құру – кешенді жұмыс. Сондай-ақ әдебиет саласының бірде-бір өкілі «Болашақ» бағдарламасымен шетелде оқыған жоқ. Мәселен, Әдебиет академиясын үздік бітірген 2-3 студентті «Болашақпен» шетелге жіберетін болса, ол мемлекетке ешқандай шығын келтірмейді. Керісінше, олар ұлттық деңгейдегі, тіпті әлемдік деңгейдегі шығарма жазуы мүмкін. Мәселен, Дэн Сяопин Қытай билігіне келген кезде: «Біз енді тұтынушы ұлт болмаймыз, әдебиетті шығаратын, экспорттайтын ұлтқа айналуымыз керек», деп ұран тастап, Жазушылар одағына қарқынды түрде қолдау көрсетіп, жанынан үлкен баспа ашты. Нәтижесінде, 30-40 жылдың ішінде Нобель сыйлығының екі лауреаты шықты. Сондықтан ең алдымен жас қаламгерлердің тілін жетілдіру керек. ХХ ғасырда әдебиет деген дамыған мемлекеттердің сыртқы саясатының құрамдас бөлігі болатын.
– Қазіргі таңда шығармашалық одақтарда қандай күрмеулі мәселе бар?
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ:
– Ең басты күрмеу – мемлекет назарынан тыс қалуымыз. Бірді-екілі арнаулы іс-шаралар ұйымдастырған министрлік, оның өзін «міне, мынаны жасадық» деп ақпарат үшін ғана жасайтыны жалған емес. Онда да, қайдағы бір қауымдастық, компаниялармен шарт жасасып, ал олар күлдібадам бірдеңені шатпақтайды. Ал олар ақша үшін дәм-тұзы жоқ шала дүние ұйымдастыра салады, театр табиғатынан хабары жоқ кездейсоқ бірлестік не оңдырушы еді, алайда олар тендерді ұтып алған, заң солай... Ал біз тендерге қатыса алмаймыз, әуелі арнайы маманымыз жоқ, керек десеңіз, бухгалтеріміз де ақшасыз келіп-кетіп көмектесіп жүрген таныстарымыз. Оны айтасыз, біздің одақтың басында шаңырағы да жоқ. Кезінде, тоқсаныншы жылдары, ел болардың алдында одақтың Алматыдағы «Актерлер Үйі» деген ғимаратын, сол кездегі төраға Әзірбайжан ағамыз ақкөңілдікпен Сыртқы істер министрлігіне уақытша берген екен, содан қайтарылмады. Бұл да біздің ең басты күрмеуіміз.
Ақберен ЕЛГЕЗЕК:
– Шығармашылық одақтарға ортақ мәселе – қаржылық қиындық. Онсыз ешқандай жобаны жоспарлау, іске асыру мүмкін емес. Ал шығармашылық әлеует барлық одақта бар деп есептеймін.
Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ:
– Қазіргі уақытта Суретшілер одағы қорсыз және басқа да шаруашылық құрылымдарсыз, тек мүшелік жарналар есебінен қаржыландырылатын қоғамдық бірлестік болып табылады. Бұл қаражат қызметкерлердің ең аз санын және қолда бар мүлікті қамтуға мүмкіндік береді. Сондықтан одақтың шығармашылық қызметін қаржыландыру және қазіргі кезеңдегі қоғамның рухани-материалдық мәдениетінің бір бөлігі ретінде Қазақстанның бейнелеу өнерін дамытуға серпін беретін суретшілердің шығармашылығын ынталандыру негізгі өзекті мәселеге айналған. Одақ басқармасының жыл сайын өнер түрлері бойынша шығармашылық сайыс (тақырыптық) өткізу, суретшілердің үздік туындыларын музей қорларына сатып алу, мемлекеттік тапсырыстарды жүйелеу және жүзеге асыру, өнер иелерін шығармашылық жетістіктері үшін марапаттау, орта буын, әсіресе жас суретшілерге материалдық қолдау көрсету, шығармашылық шеберханамен қамтамасыз ету – күрмеулі мәселе. Қазір Рысқұлов көшесі 48 А мекенжайындағы жалғыз өндірістік кешенді жөндейтін болсақ, жас суретшілерге қолдау көрсете аламыз. Ол үшін 70 миллион теңгеден астам қаражат қажет. Сонымен қатар Суретшілер одағы басқармасының және филиалдарының көрме залының болмауы, Қазақстан музейлерінде суретшілер шығармашылық көрмесін және басқарма тарапынан ұйымдастырылатын республикалық көрмені өткізу де ақылы.
Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ:
– Одақ филиалдары министрліктің тапсырмасы бойынша жергілікті Әділет департаментінен бір мекенжайға тіркелулері керек. Ал бізде арнайы мекеме жоқ болған соң әркім өзінің жеке үйінің мекенжайына тіркеуге мәжбүр. Мұның өзі көп жағдайда сәйкеспей жатады. Осының шешімі ретінде Ақтөбе, Қызылорда облыстарындағы филиалдар мәдениет саласына қарасты мекемеге тіркелулері керек болған. Бірақ белгілі бір себептерге байланысты тоқтатылып тұр. Мемлекет тарапынан одақтарға көмек ретінде филиалдарға мекемелерден бөлме берілсе дейміз. Сондай-ақ филиалдарда түрлі іс-шаралар ұйымдастыру үшін министрлік пен жергілікті мәдениет басқармалары басшылары қолдау көрсетсе екен. Ал қаржылық ахуал бәріне мәлім.
Қазір мәдениет саласындағы түрлі жанрларға көңіл бөлініп, насихатталып жүр. Дегенмен, соның ішінде күй өнері төменгі деңгейде қалып барады. Күйшілік конкурстарды алып қарасақ, жүлде қорлары мардымсыз. Тіпті көп жағдайда орындаушыларға қаламақы да төленбейді. Мәселен, күні кеше ғана «Абай ТВ» арнасы Батыс Қазақстанға келіп, өңір-өңірдегі күйшілерді түсірді. Алыс-жақын аудандардан келген орындаушыларға қаламақы төленген жоқ. Яғни еңбегі бағаланбайды. Салыстырмалы түрде алсақ, бүгінгі қоғамда эстрадалық әншілердің жағдайы әлдеқайда жақсы.
–Жоғарыда айтқанымыздай, шығармашылық одақтарға 2020 жылы бөлінген 257 млн теңге мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілмегендіктен, бюджетке қайтарылды. Бұл одақтарда іске асыратын жобалардың жоқтығын көрсете ме? Әлде пандемияның тигізген әсері ме?
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ:
– Ол конкурстар өткізілді, алайда біздер оның талаптарын орындай алмадық. Қолданыстағы заң бойынша ондай конкурстарға ақшалы, бай компаниялар ғана қатыса алатындай етіп пісенттелген. 257 млн теңге жыл бойына жасауға тиіс іс-шара үшін жеті-сегіз шығармашылық одаққа мардымсыз қаржы. Саусағыңның саны жетпейтін талаптарды орындаудың өзі біраз уақытты қажет еткенімен тұрмай, алдын ала төлеп қоятын сомасы, конкурстың талабына сәйкес әр түшкірудің сағаты мен оң-солға бұрылмайтын нақты бағамы, оның қажеттілігін түсіндірулерді конкурс тексерушілерінің миына жеткізу – біздің қолдан екі дүниеде келмейтін әрекет. Ал пандемия деген алып-қашты әңгіме.
Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ:
– Пандемиядан бөлек, ең алдымен мемлекеттік сатып алуға қатысу шарттары өте күрделі. Гранттарға қатысу тәртібі күшейтіліп, өзгергеніне байланысты біз ұсынған жобалар өтпеді. Оған қатысу да қаржылық жағдайға келіп тіреледі. Бағдарламаны тағайындау үшін түрлі мамандар керек. Шығармашылық одақтың басты мәселесінің бірі – осы кадр жайы.
Ақберен ЕЛГЕЗЕК:
– Біз барлық мемлекеттік сатып алу гранттарына қатысамыз, көбісінен ұтып жүрміз. Ал былтырғы конкурста барлық шығармашылық одақтар өтпей қалуының өзі көп нәрсені аңғартатын сияқты. Меніңше, пандемиялық ахуалға байланысты қаржы керек болған соң шығар. Әйтпесе бір-екеуі емес, барлық одақтардың өтпей қалуы мүмкін емес.
Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ:
– Иә, көптеген жобалар ұсынылды. Конкурс, халықаралық шығармашылық көрме, пленэр өткізу үшін тендерге қатыстық. Бірақ елімізде болып жатқан пандемияның салдарынан тоқтатылды.
– Шығармашылық одақтардың бастамасымен түрлі әдеби-мәдени іс-шаралар ұйымдастырылып жүр. Алайда кейде сол жобалар тек жоспар үшін жасалған секілді, концерттік деңгейден аса алмай жатады. Іс-шара өткізу барысында рухани маңызына неге мән берілмейді?
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ:
– Ол рас, біздің бастамаларды ала қашып, өздерінің пайдасы үшін иемденіп алып, апыл-ғұпыл іс-шара жасай салатын рейдерлік мінез бұрыннан бар. Ашығын айтсақ, алты жыл бойына шоу-концерт болып кеттік. Ол жылдары «Қазақконцерт» қырғын «жұмыс» істеді... Хооош, деңіз... Іс-шараның рухани маңызына сол идеяны тудырған одақ қана мән береді, оны ойдағыдай етіп, жоғарғы деңгейде сол одақ қана өткізе алады. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Айтпасқа амал жоқ, «ауруын жасырған – өледі» деген...
Ақберен ЕЛГЕЗЕК:
– Бұл жеке адамның пікірі деп есептеймін. Жалпы, руханиятқа салынған қаражат бірден нәтижесін көрсетпейді: ол құрылыс емес. Ол – жемісін болашақта беретін сала. Сондықтан бұған концерт немесе шулы іс-шаралар деп қарамау керек. Мысалы, Қазақстан кейінгі екі жылда әдеби интегратор ретінде өзінің позициясын көрсетіп жүр. Нәтижесінде, авторларымыз шетелдік қаламгерлермен танысып, аударма жұмыстарымен айналысуда. Бұл екіжақты еңбектер кітап болып жарияланып, көркем әлемімізді, көркем сөзімізді танытатын, көркем ойлау жүйемізді, жалпы рухани панорамамызды көрсететін болады.
Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ:
– Концерттік деңгейдегі іс-шаралар көрсетілім үшін, жоспарды орындау үшін жасалатын болды. Тіпті әдетке айналды. Қоғамның өнерге деген талғамы мен көзқарасын өзгертетін де осы дүниелер. Мысалы, телеарналар мен радиоларда немесе қоғамдық орындарда белгілі бір уақытта күй орындалып тұрса, халықтың құлағы үйренеді. Біз осы мәселемен Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне мемлекеттік арналарда «Күйші» деген бағдарлама енгізуді сұрап хат жаздық. Қазір жауабын күтіп отырмыз. Ол бағдарлама түсірілсе, Күйшілер одағының тікелей қатысуымен жасалар еді.
Заңға әдебиет туралы тарау енгізу керек
– Шығармашылық одақтар мемлекеттің қолдауынсыз тәуелсіз жұмыс істей алуы үшін не істеу керек? Бәлки, шығармашылық агенттіктер секілді қайта құрылымдау қажет шығар?
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ:
– «Тәуелсіз жұмыс» дегенді дұрыс айттыңыз. Шығармашылық одақ – министрліктің қосалқы қайталауы емес. Керісінше, көмекшісі. Дәмесін-ай демеңіз, керек десеңіз, қоғамдық министрлік іспеттес. Үкімет құрамындағы министрлік таза шенеуніктік мемлекеттік мекеме, ал шығармашылық одақ – шенеуніктердің қолы мен өресі жете бермейтін ерекше әлемнің ішінде жүрген, сыр-қыры, мұң-зары, қанат-қарымы, қиял-өресінің ортасынан табылатын ет-бауыры, қолдаушысы, жанашыры, сөзін сөйлеуші, жоғын жоқтаушысы, қамшыгері, атбегі сынды бәйгеге қосушысы. Театрларды басқаратын, министрлік тағайындайтын жүректіліктен гөрі, білектірек басшының тасасында қараусыз жүрген құлагерді танушы. «Әр кәлләда бір қиял» демекші, неше түрлі басшылар бар ғой...
Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ:
– Бүгінгі таңда бұл формат өзге өнер саласына тиімді шығар. Ал өнер шығармашылығына қатысты сурет туындысын түбегейлі форматқа енгізу тиімді деп ойламаймын. Суретшілер үшін тек жеке тұлғалық мәлімет ретінде тиімді. Әрине, бұл суретшілер туралы, одақтың іс-шаралары туралы айту, дәріптеу мәселесін ғана шешетін формат. Суретшілердің шығармашылық туындылары музей мен галереяларда өткізілетін көрмелер арқылы қабылданады.
Ақберен ЕЛГЕЗЕК:
– Егер бізде ұлттық буржуазия қалыптасып, меценаттар, бизнес өкілдері әдебиетке деген көзқарасын өзгертіп, қаржылай қолдау көрсететін болса, әрине, мемлекеттің қолдауынсыз-ақ бұл жұмысты жасауға болады. Ондай меценаттар бар болғанымен, қоғамда әдебиетке көмектесу деген дәстүр қалыптаспаған. Мысалы, айтыс өнерін қолдаушылар табылады. Өйткені ол – бірден көрінетін, бірден атағы шығатын сала. Ал мемлекеттің қолдауынсыз, бизнес өкілдерінің көмегінсіз қаламгер қауым өз-өзін алып жүре алмайды. Ал әдеби агенттік құру да заңмен реттелуі керек. «Мәдениет туралы» заңға әдебиет жөніндегі тарауларды енгізуді талай рет ұсынғанбыз. Әлі қолдау тапқан жоқ. «Мәдениет туралы» заңда кітапхана туралы, театр туралы тараулар бар. Кино туралы бөлек заң қабылданды. Ал әдебиет туралы бірауыз сөз жоқ. Мәдени қызметкер деген мәртебеге ақын-жазушыларды жатқыза алмаймыз.
– Алдағы уақытта қандай жобалар жоспарланып отыр?
Тұңғышбай ЖАМАНҚҰЛОВ:
– Бүгінде ұмыт бола бастап, қайта жаңғыра бастаған халық театрларын қолдап, насихаттау үшін Қызылордада, Ақтөбеде, Қостанайда, Атырауда, Жезқазғанда халық театрларының конкурс-фестивалін жасағымыз келеді. Облыстық театрлардың мерейін көтеру мақсатында Нұр-Сұлтан мен Алматыда есепті гастрольдерді жыл бойы ұйымдастыру да бар. Сондай-ақ бұл күндері батыс, шығыс, солтүстік, оңтүстік болып бөлініп, дербес өлкелік реңкке айналып бара жатқан театр фестивальдарын одақ айналасына топтастырып, ұйымдастыру жобаларын қолға алу. Халықаралық сыншылар қауымдастығымен бірлесіп, облыстық театрлардың репертуар саясатын, режиссура өресін, актерлік шеберліктің жетістіктерін саралайтын жыл бойына көшпелі конференциялар өткізу. Жас режиссерлердің жұмыстарын бағалау мақсатында көрсетілім-фестивальдарды дүниеге әкелу. Алматыда республикалық, Түркістанда Азия театрларының форумын өткізу. 27 наурыз – Халықаралық Театр күніне орай «Еңлікгүл» кәсіби сыйлығының іс-шарасын халықаралық деңгейде, бүгінде алты театры бар Шымкент қаласында өткізу. Жыл басынан бастап «Театр.KZ» журналын қайта шығара бастау.
Өнер – ұлттың маңдайындағы жарқыраған гауҺар тасы, жан жылуы. Күйкі тірлікке құл болмай, жеу мен ішуден басқа тазалық, әдемілік әлемінің бар екенін еске салушы. Ал тазалық пен әдемілік қорғауды, қарауды, қолдауды қажет етеді. Бұлар қорғалмаса – әлемді кір басады. Шығармашылық одақтар осының санитарлары. Елдің елдігі шаш-етектен асқан шенеуніктердің санымен өлшенбейді, мәдениетінің биіктігімен, өнерінің өресімен білінеді. Жапа-тармағай баюмен, ұры-қары, коррупциямен ауырған бүгінгі қоғамға шығармашылық одақтар ауадай қажет. Театрлар көп болса, актерлері мен режиссер, суретшілері талантты, жүйрік, өрелі болса, ұлт өрелі болады, мәдениеті өседі, жастары бауырмал болады, ел еңсесі көтеріліп, маңдайы жарқырайды, түрмелер босайды.
Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ:
– Елімізде бейнелеу өнерінің өркендеуі үшін көптеген жобалар жоспарланып отыр. Ол үшін алдымен Суретшілер одағы мен мемлекет арасындағы байланыс форматын өзгерту, ондағы қолдау қорын, мемлекеттік тапсырыс пен сатылымын қалыпқа келтіру. Осы көздеген мақсатымыз жүзеге асса, Суретшілер одағы және оның филиалдарының жоспарлық жобаларын іске асыруға септігі тиеді. Айталық, жылдық жоспар бойынша халықаралық және республикалық деңгейде өткізілетін көрмелер, форум, тақырыптық пленэрлер мен конкурстар және суретшілердің альбом каталогтарын шығару.
Ақберен ЕЛГЕЗЕК:
– Карантиндегі екі жыл біздің көптеген жоспарымызды кешеуілдетті. Қазақ қаламгерлерін әлемге таныстыру, жастарды қолдау, Әдебиет академиясын құру сияқты ауқымды, жүйелі жобалар ойымызда бар. Бұдан бөлек, ішкі мәселелермен айналысып жатырмыз. Мәселен, әдеби сынды көтеру, балалар әдебиетін, сатираны дамыту керек деген сияқты кенжелеп қалған жанрларды көтеруге көптеген жобалар жоспарда тұр.
Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ:
– «Күй форумы» конференциясын өткізгіміз келеді. Министрлікке жылына 4 рет шығатын «Күйші» ғылыми-танымдық журналын ұсынған болатынбыз. Онда QR код арқылы күй орындалып, тарихы айтылатын заманауи тетігі болады. Бұл басылым отандық немесе әлемдік күйші ғалымдардың мақаласы мен жаңа күйлерді насихаттауды көздейді.