• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
04 Қазан, 2021

Ақселеу орталығы орда тіксе

1936 рет
көрсетілді

Көзі тірісінде қазақ руханиятының көгіне самғап, ұлтымыздың ықылым заманнан бергі асыл мұрасын ұлықтау ісіне өлшеусіз үлес қосқан Ақселеу Сейдімбектей аяулы тұлғаны біз осы ардақтай алдық па? Бүгін алдымыздан шыққан бұл сауалдың ертең жолымызды кес-кестеп жүргізбесі айдан анық. Өйткені қазақ ғылымының айналымына «Көшпелілер мәдениеті мен өркениеті» деген ұлы ұғымды енгізіп кеткен кемеңгер тұлғаның керектігіне деген зәрулік артқанның үстіне арта бермек.

 

Биыл этнограф-жазушы, әдебиет зерт­теушісі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, филология ғылымдарының докторы Ақселеу Сланұлы Сейдімбектің дүние салғанына он екі жылдың жүзі болды. Ал алдымыздағы жылдың желтоқсан айында ардақты тұлғаның туғанына 80 жыл толады екен.

Бүгінде Ақселеу десе қазақ баласының көз алдына Арқаның ақ теңіздей толқы­ған селеулі даласы келеді. Алтай мен Атыраудың арасын күй күмбірі кернеп кеткендей болады оның есімі аталғанда. Боз жусанның бұрқыраған жұпары есті алып, «Дәурен-ай» деп салған ән жан дүниені астан-кестең етеді. Өйткені ол – могикандардың соңғы тұяғы өзінің саналы ғұмырын «Қазақтың әлемін тану» ғылымына арнаған аяулы да ардақты жан еді. Иә, бағзы замандағы бабаларымыз қалдырған дүр-дүниелермен жадынан жаңыла жаздаған қазақтың баласын қауыштырған да бір өзі-тұғын.

Ақселеу Сейдімбек арамыздан кеткен бір мүшелге жуық уақыт ішінде оның есі­мін есте мәңгі қалдыру мақса­тында не істей алдық? Иә, қабірінің басына мәрмәрдан ескерткіш соқтық. «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірім қанбады» деген өзінің сөзін құлпытасына қашап жаздық. Туған ауылы мен ауданының бір-бір кө­шесіне есімі берілген екен. Осымен тоқ­таған түріміз бар.

Әлбетте, Ақселеу Сейдімбек сынды аса сирек кездесетін дарын иесі соңы­на қалдырған асыл мұрасымен өзіне өл­мес ескерткіш соғып кеткен тұлға ғой. Деген­мен ұлтының жолына жанын садаға қы­луға қашанда дайын болған саңлақтың есі­мін ауқымды түрде ардақтайтын уақыт жеткені даусыз шындық.

Мысалы, Алаштың ардақты ұлы, аса көрнекті қаламгер, мəдениет жəне қо­ғам қайраткері, Қазақстанның Еңбек Ері Əбіш Кекілбайұлына арналып Ақтау қала­сында «Әбіш Кекілбаев рухани ор­талығы» ашылды. Оның алдында Орал қала­сында қазақтың классик ақыны Қа­дыр Мырза Әлі атындағы Мәдениет және өнер орта­лығы ашылған болатын.

Ал жаңағы біз есімін құрметпен атап өткен абыз Әбіш Кекілбайұлы Ақселеу Сейдімбек өмірден өткенде не деп еді? Қайыра бір еске түсірейікші. «Қазақта сал қандай болады? Ақселеудей болады. Серi қандай болады? Ақселеудей болады. Би қандай болады? Ақселеудей болады. Батыр қандай болады? Ақселеудей болады. Пiр қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың жақсысы мен жайсаңының бəрi қандай болады? Ақселеудей болады. Қазақтың кəтептi қара нары қандай болады? Ақселеудей болады. Бəрiнiң орнына бiр ғана Ақселеу жүре алады. Ал Ақселеудiң орнына кiм жүре алады?» деп егілгенін есті ел ұқса дейсің...

Міне, «Жақсыдан – шарапат» деген, Орал мен Ақтаудағы өнегелі шаруаның шарапаты тиіп, Қарағандының қақ тө­рінен Ақселеу Сейдімбекке арналған орталық бой көтеріп жатса, ақ түйенің қарны жа­рылған күн болар еді-ау. Қа­зір­дің өзін­де бұл тақырып ел ішінде әңгіме арқа­уына айналып, Арқа төсіндегі зиялы қауым толғағы жеткен мәселені әр-әр жер­де кө­тере бастаған. Солардың бірі һәм бірегейі – Серік Ақсұңқарұлы.

Қазақтың бегілі ақыны, Абай атын­дағы Мемлекеттік сыйлықтың лау­ре­а­ты Серік Ақсұңқарұлы өзінің шы­ғар­ма­шылық өмірінде Ақселеу Сей­дім­бек­тің ағалық қамқорлығын, ақадал ті­леу­лестігін көп көргенін үлкен тебі­ре­ніспен еске алып жүреді. Ақын өзінің «ХХ ғасырдың 20 сәті» атты өлеңмен жазылған поэма­сымен жарқ етіп, әде­биет әлеміне танылға­ны үшін әуелі «Со­циа­листік Қа­зақстан» (қазіргі Egemen Qazaqstan) газетін, одан кейін кезінде осы басылымда әдебиет және өнер бөлімінің мең­герушісі болып қызмет еткен Ақселеу Сейдімбекті аузынан тас­тамайды.

Сол кезде жасы отызға келіп қалса да, жыр­сүйер қауымға есімі әлі де бол­са белгі­сіздеу ақын іздеп барып, қол­жазбасын Ақселеу Сейдімбектің қолына тапсырып кеткен екен.

«Әлі есімде, 1984 жыл, күн сенбі болатын. Кеңес Одағының кезінде Қарқара­лы­ға «Правда» мен «Социалистік Қазақ­стан» шыққан күні келуші еді. «Социалистік ­Қа­зақстанның» төртінші бетін ашып қалсам, «Құрлықтар» деген атпен бір бетті алып, менің поэ­мам тұр. Сол поэма кеңестік цен­зура мен редак­тордың сүзгісінен әзер өтіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде жауапты қызмет атқаратын Әбіш (Кекіл­байұлы) ағамның алқауы­мен 1984 жылы, «Жалын» баспасынан жұлым-жұлым боп жарық көрді. Алты жыл арпа­лысып жүріп, отыз төрт жасымда жалғанның жарығына әзер шығардым. Көлемі бір баспа табақтай. Цензураның қатал тезінен өткен», деп еске алады С.Ақсұңқарұлы.

Ақын Ақселеу Сейдімбекті «Алаш­тың адамзатқа жіберген елшісі» деп бағалайды. «Ахаң, – дейді ол, – Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын, Әлімхан Ермековтердің бізге қалған сарқытындай бір тұлға еді. Жендет Алаштың сорпа бетіне шығарын қолымен қалқып алғанда, Алла солардың көзіндей ғып Ахаңдарды қалдырып еді. Орнында бардың оңалып жатқаны содан. Соңында көшпелілер цивилизациясының үш тағанындай «Қазақ әлемі», «Қазақтың күй өнері», «Қазақтың ауызша тарихы» сынды үш сом дүниесі қалды. Ахаңдары бар Алаш өткен-кеткенін жадынан шыға­ра алмайды. Өткенін ұмытпаған ұлттың келешегі де кемел болады».

Осы ойын тарқата келе Ақсұңқар­ұлы Қарағанды қаласында Ақселеу Сейдім­бек атындағы орталық міндетті түрде бой көтеруі керек деп санайды. «Қарағандыда Қасымның үйі әні-міні ашылады деп жүр ғой. Ашылсын. Ал Ақселеу атындағы тағы бір орталық Арқа төсіне көптік етпейді. Біз осындай есті тірлік арқылы Ахаңның асқақ рухына тағзым етіп, оның артында қалған мол мұрасын өскелең ұрпақтың игілігіне жаратуға жәрдемдескен болар едік», деп толғанады С.Ақсұңқарұлы.

Осы орайда Ақселеу Сейдімбекпен тірісінде тығыз шығармашылық қарым-қатынаста болған ардагер журналист, ­этнограф-жазушы Төрехан Майбастың ­да айтары бар. Өзінің таяуда ғана жарық­қа шыққан, Ақселеу Сейдімбектің ішкі әлемін ашуға талпынған «Құрмалдық» деген рух кітабын мынадай сөздермен бас­тайды: «Ахаңның маған айтар қа­шанда екі сөзі болды. Біреуі – есен­де­се­йік сөзі. Екіншісі – дүкендесейік сө­зі. Біріншісінде қашанда ауыл ішінің әңгімесінен аспаймыз. Жөн-жосық сұра­самыз... Екіншісінде арқаны кеңге саламыз. Өйткені сағаттап дүкен­десеміз. Есті әңгімелер айтамыз, ессіз ар­мандарға берілеміз. Кәдімгідей ет жеп, сорпа ішеміз...».

Міне, осы бір жолдардан-ақ этногра­­фия дейтін телегей теңіздің тереңіне бой­­ла­­ған қос қаламгер арасындағы бал­та­ласаң ­ажы­­рамас ынтымақтың қанша­лық­ты бе­рік бол­ғанын бағамдауға болар еді.

«Біздер, – дейді Төрехан Майбас, – қа­зір қазақтанудың үш толқынын бас­тан өткеріп жатырмыз. Қазақтанудың ба­сында, әрине, Мәшекең тұр. Одан ке­йін Әлиханның ерекше тұрпаттағы, еуро­паланған концепциясы тұр. Одан кейін, әрине, қазақтың Ақселеу Сейдімбегі... Ол саналы түрде бәрінен бас тартты. Жанына серік етіп қазақтануды ғана алып қалды... Қазір ахаңтану туралы айқай көп! Дұрыс айқай! Көмек сұрағанда айқай­лаушы едік ғой... Ахаңнан жәрдем сұрайық. Көзі кеткенімен том-том дүниесі қалды. Қазақ баласының ендігі ғасырлық азығы сол жазбалар болмақ».

Ақселеу жайында әңгімесі таусылмайтын Төрехан Майбас асқақ тұлға атын­дағы орталықтың кеншілер астанасында орын тебуі керек деген идеяны қос қолды көтеріп қолдайтынын айтады. «Бұл Ахаңның ұлт алдындағы ересен еңбегіне берілген ең лайықты баға болар еді», деп тебіренеді қаламгер.

Иә, қадірмендіміздің Ақселеу биігін­дегі қабірінің басына «Көктегі күнге, жердегі еліме мейірім қанбады» деген сөз қашалып жазылды. Бұл өзінің көзі тірісінде айтқан, сырына біздің тісіміз батпас, сал­мағы зіл батпан сөзі еді. Енді келмеске кет­кен кемеңгер тұлғаның тірілердің бү­гінгі тірлігіне рухы шат-шадыман болсын десек немесе Алаштың ардақтысы қал­дырған мол мұраға ертеңгі ұрпақтың мейірі қансын десек, Арқа төсінде – Қарағандының төрінде Ақселеу атындағы рухани орталық орда тігуі тиіс. Бұл шарапатты шаруаны іске асыруға жақсының қазақтың әдебиеті мен өнеріне, мәдениеті мен руханиятына һәм және төл тарихына сіңірген еңбегіне разы бүгінгі ұрпақтың шамасы жетеді дегенге кәміл сенгіміз келеді.