• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Футбол 04 Қазан, 2021

Қазақстан үздік төрттікте!

266 рет
көрсетілді

Футзалдан Балтық жағалауында орын тепкен Литва мем­лекетінде өткен VIII әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Жер-жаһан жан­күйерлерінің назарын өзіне аударған дүбірлі доп до­дасы­ның бас жүлдесі үшін тартыс Арген­тина мен Португалия арасын­да өрбісе, Бразилия мен Қазақ­стан құрамалары қола медаль үшін сайысқа түсті.

 

Жұмыр жердегі бірде-бір ко­манда өзінің атақ-даңқы жағы­нан Бразилиямен теңесе алмай­ды. Осыған дейін сегіз рет ұйым­­дастырылған әлем чемпио­на­тының бесеуінде олар бас жүл­дені олжалады. Тарқатып айт­сақ, 1989-1996 жылдар аралы­ғын­да өткен алғашқы үш жа­рыс­тың соңғы сынында Ни­дер­ланд (2:1), АҚШ (4:1) және Ис­панияны (6:4) ұтты. 2008 және 2012 жылдарғы біріншіліктің шешуші бәсекесінде қатарынан екі рет испандықтардан басым түс­ті. Бразилияда пенальтиден (2:2, 4:3) жеңсе, Таиландта қо­сымша уақытта (3:2) тізе бүк­тірді. 2000 жылы Гватемалада кү­міс медальды мойындарына ілді. Оңтүстік Американың құрлығының футзалшылары финалда өздерінің сы­ралғы қарсыласы Испанияға 2:3 есебімен есе жіберген болатын. Дәл сол жарыстың топтық турнирінде олар Қазақстанның футзалшыларын тас-талқан етіп жеңгені де есімізде. Бұл матчта қазақстандықтар 12:1 есебімен ойсырай жеңілді. 2004 жылы Тайпейде бразилиялықтар қола медальды қанағат тұтса, 2016 жылы Колумбиядан құрқол оралды. 1/8 фи­налдық межеде олар ойда жоқта Иранға есе жіберді.

Литвадағы әлемдік доп додасын Бразилия футзалшылары әдеттегідей өте керемет бастады. Топтық сайыста олар Вьетнам (9:1), Чехия (4:0) және Панаманы (5:1) ұтты. Плей-оффтың алғаш­қы екі матчында Жапония (4:2) мен Марокконы (1:0) жолынан ығыс­тырды. Алайда жартылай финалда Аргентинадан (1:2) айласын асыра алмады.

Бұл бәсекені біздің жігіттер өте керемет бастады. Дамылсыз шабуылдардың нәтижесінде 12-минутта есеп ашылды. Игита қақпадан шыққан бетте Альберт Ақбалықовқа керемет пас берді. Оның тіземен бағыттаған добы қақпашыға тиіп, нысанаға дөп түсті. Бұл гол біздің жігіттерді жігерлендіргені соншалық, олар қарқынын еш бәсеңдеткен жоқ. Дәурен Нұрғожиннің есепті еселеуге екі тамаша мүмкіндігі болды. Бірақ оған сәттілік жолдас болмады.

Үзілістен кейін шиеленіс­ті сайыс жалғасты. Қазақ­стан құ­рамасы жиі ша­буыл­­дағанымен, 25-минутта Тай­нан абайсызда өз қақпасына гол соғып, бра­зи­лия­­лықтардың жолын ашты. Ара­да бес-алты минут өткен­де ол жерлестерімізді алға шы­­­­ға­рып, өз қателігін жуып-шай­­­­ғандай болды. Бірақ одан кейін даңқты Бразилия фут­зал­­­шыларын тұсаулаудың еш мүм­­­кіндігі болмады. Олар қа­та­­рынан үш гол соғып, әлем чем­­­пио­натының қола жүлдегері атанды. Отандастарымыз төр­тін­ші орынды иеленді. Бірақ ойын­шыларымызға еш өкпе айта алмаймыз. Осы доп додасында олар керемет ойын өр­­негін көрсетіп, төртінші орын­ға тұрақтады. Бұл – әзірге Қазақстан футзалшылары тари­хындағы ең зор табыс.

Финалда Аргентина мен Пор­тугалия күш сынасты. Бұл кездесуде 2:1 есебімен Пиреней тү­­бегінің түлектері жеңіс то­йы­н тойлады. Осылайша, олар тұң­ғыш рет әлем чемпио­ны атанды. Қарсыластар қақпасына 9 гол соққан бразилиялық Кар­лос Вагнер Гуларте Фильо (Ферран) жарыс қорытындысы бо­йынша сұрмергендер көшін бас­тады. Ең үздік ойыншы атағы тағы да Португалияның жұл­дызы Рикар­диньюға бұйыр­ды.