Өңірдегі коронавирус инфекциясымен күрес, вакциналау жағдайы туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов, облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина қалыптасып отырған жайдайды баяндап, қойылған сұрақтарға тұшымды жауап берді.
Жалпақ әлемді індет қусырғалы елді коронавирус шеңгелінен қалай аман алып қаламыз деген сұрақ күн тәртібінде. Халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстары ұдайы жүргізілуде.
Індет басталғаны облыста коронавирус инфекциясымен аурудың 40 мыңнан астам оқиғасы тіркелді. Оның 83 пайызы биыл орын алып отыр. Індеттің салдарынан 397 адам қайтыс болды. Оның ішінде 2020 жылы 109 науқастың өмірден озғанын айта кетелік.
Өңірде коронавирус инфекциясына мүмкіндігінше тосқауыл қойылуда. Осындай жұмыстардың нәтижесінде биыл қыркүйек айының 30-ы күні өңір жасыл аймаққа көшті. Тамыз айында індетке шалдығу көрсеткіші 0,9 пайызға төмендеді. Сонымен қатар ауруханалардағы адамдар саны да кеміді. Шілде айында 1 425 адам ауруханаларда ем қабылдаса, бүгінде бұл көрсеткіш 410 адамға азайды. Жан сақтау бөлімшесінде жатқан ауыр науқастар да бұрынғыдай көп емес. Нақтырақ айтсақ, 50 пайызға кеміді. Тамыз айында облыстың ауруханаларында 115 адам жан сақтау бөлімшелерінде жатса, соңғы айда 57 адам ем қабылдауда.
Науқастар санының азаюы ауруханадағы жүктемені үш есе төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Бүгінде өңірдегі індет шеңгеліне іліккен науқастар 17 жұқпалы аурулар ауруханасында ем-дом қабылдауда. Қауіптің беті қайтқанымен, қамсыз отыруға тағы болмайды. Қазіргі күні ауруханаларда 2,5 мың төсектік орын дайын. Онда барлық жағдай жасалған.
– Денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын жақсарту үшін республикалық және облыстық бюджеттен 1,5 млрд теңге қаражат бөлініп, 221 дана медициналық құрал-жабдықтар алынды, – деді облыс әкімінің орынбасары Айна Ермекқызы, – бүгінгі күні облыстың медицина ұйымдарында 447 жасанды тыныс алу аппараты бар.
Облыста 147 мобильді бригада тұрақты жұмыс істеуде. Салаға заман талабына сай серпін беру үшін 8 отандық жылжымалы медициналық кешен сатылып алынды. Бұл кешендер 8 ауданның халқына қызмет етеді. Бұған дейін де дәл осындай 3 кешен болған. Жаңалары қосылған соң медицина қызметкерлерінің қолы ұзарып қалды. Сала қызметкерлерін көлікпен қамтамасыз ету де біршама оң жолға қойылған. Індет басталғалы 2,5 млрд теңгеге 58 санитарлық автокөлік алынды. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге де ұдайы көңіл бөлінуде. Бұл орайда қазір жетіспеушілік жоқ деп айтуға әбден болады.
– Облыста екі айға жететін дәрі-дәрмек қоры бар, – деді Айна Ермекқызы, – індет басталғалы облыстағы медицина мекемелеріне жалпы құны 915 млн тұратын 85 түрлі дәрі-дәрмек жеткізілді. Оның үстіне жеке дәрі-дәрмек қоры қалыптастырылуда. Бұған жергілікті бюджеттің қаржысы жұмсалуда. Ең қажетті дәрі-дәрмек қоры жасалды. Емханалар арқылы халыққа қолжетімді бес түрлі дәрі-дәрмектің қажетті мөлшері қамтамасыз етілді. Тұрақтандыру қорына қосымша 500 млн теңге қаражат қарастырылған. Қазір облыстағы дәріханаларда адамдарды індеттен арашалап алып қалуға септігін тигізетін дәрі-дәрмектің бәрі бар. Айтпақшы, өңірде 352 дәріхана жұмыс істейді. Олар «Аманат», «Гелика», «СтоФарм», «Арша» тәрізді дәрі-дәрмек жеткізетін ірі ұжымдармен келісімшарт жасады.
Барлық медицина қызметкерлері жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етілген. Қазір медициналық бетперде, қолғап, арнайы костюмдер тәрізді қорғаныс құралдары жеткілікті. 8 зертхана үздіксіз жұмыс істеп, бір тәуліктің ішінде 3 мыңға жуық тест қорытындысын талдайды. Жаман тұмаумен бірге күз айларында пайда болатын тұмау тәрізді жұқпалы аурудың алдын алуға да дайындық жұмыстары жасалуда.
Білім саласындағы індеттің алдын алуға байланысты қойылған сұраққа облыстың бас санитарлық дәрігері Айнагүл Мусина жауап берді.
– Жаңа оқу жылы басталғалы өңірдегі білім ошақтарындағы ахуал басты назарда. Егер сыныптағы бір бала ауырса, онда түгел сынып және ата-аналары да оқшауланады, – деді Айнагүл Советқызы.
Індеттің алдын алуға байланысты қыруар жұмыс атқарылды. Соңғы аптада ғана облыстағы 360 нысан қауіпсіздік шараларын сақтауға байланысты тексеріліп, тәртіп бұзушылықтың 15 оқиғасы анықталды. Қауіпсіздік шараларын сақтамаған нысан иелеріне жалпы көлемі 700 мың теңгеге жуық 10 әкімшілік айыппұл салынды. Індеттің алдын алуға Ashyq платформасының септігі тиіп отырғанын айта кетуге болады.
Сары аймаққа көшкенімізбен сақтық шараларын қаперден шығармаған ләзім. Оның ең басты шарты дер кезінде тұрғындардың екпе ектіруі. Бұл орайдағы облыстағы көрсеткіш соңғы аптада 1,5 есе ұлғайды. Облыс жұртшылығының екпе ектіріп, өз денсаулықтарына мұқият болуына дер кезінде жүргізілген үгіт-насихат шараларының әсері тиіп отыр. Екпе ектіру ісіне қоғамда өзіндік салмағы бар, сөзі уәлі тұлғалармен қатар, медицина саласының тәжірибелі мамандары, жастар қозғалысының белсенділері үлес қосуда. Әлеуметтік желілерде оң сипаттағы талдамалы түсінік жұмыстары үзбей жүргізілуде. Осы орайда әлеуметтік желілерде 7 мыңнан астам, ал облыстық және аудандық бұқаралық ақпарат құралдарында мыңға жуық мақалалар жарияланған.
Бүгінде екпенің алғашқы компонентін 300 мыңға жуық адам немесе екпе алуға тиісті тұрғындардың 69 пайызы алды. Ал екінші компонентті 250 мың адам немесе халықтың 61 пайызы қабылдап үлгерді. Бұл мәселе жергілікті атқарушы биліктің назарында. Соңғы айда екпе егетін орындардың саны бес есе көбейді. Шалғай ауылдарда 11 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істеуде.
Көкшетау қаласы тұрғындарынан түскен екпе егу кезінде денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің өз жұмысына салғырт қарауы туралы шағымға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Сыздықов «Әрбір адамның дене қызуы, жалпы жағдайы мұқият тексерілуі керек. Алдағы уақытта бұл жағдайларға ерекше көңіл аударатын боламыз» деп жауап берді.
Індеттің беті қайтқанымен, қайта өршуіне жол бермеу үшін сақтық шараларын естен шығаруға болмайды.