• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 05 Қазан, 2021

Сезімді селт еткізген спектакль

377 рет
көрсетілді

Кеше театр шымылдығы түріліп, өскемендіктер рухани демалып қайтты. Қазақ драма театры кезекті 22-ші маусымын Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» трагедиясымен ашты.

Әлемге жайылған індеттің ке­сірінен еңсесі басылып қалған ел спектакльден сергіп шықты. Кіршіксіз махаббат сезімі мен адалдық қасиеттерді арқау еткен қойылымнан кейін көрерменнің бір серпіліп қалғанын байқадық. Театр фойесінде қауқылдасып, қойылымды талқыласып ұзақ тұрды ел. 

– Рухани жиындарға шөлдеп қалыппыз. Трагедиялық қойы­лымның өзінен кереметтей әсер алып шықтық. «Өмір – театр» дегендей, өмірдегі кейіпкерлерді сахнадан көріп отырдым. Міне, театрдың 22 маусымы ашылды. Ендігі кезекте, ел амандықта, еш кедергісіз қойылымдар жалғаса берсе екен, – дейді көрермен Айдана Болатқызы.

Бұл жолы театр маусымы ерек­ше басталды. Фойеге киіз үй­дің ішкі жабдықтарынан үй­лес­тіріп, фото-зона жасаған. Он­да көрермендер шапан, камзол киіп, суретке түсісті. Ал спек­такль басталмас бұрын ақ ки­мешекті әже «алас-алас» деп, қа­зақы дәстүрмен сахнаны алас­тап шықты. Бұл-дағы бә­ле-жала жоламасын деген ниет қой. Сондай-ақ жұмыста жетіс­тіктерге жетіп, белсенділік та­ныт­қан қызметкерлер марапат­талды.

Сонымен қош. Жарық бір сө­ніп, қайта жанғанда Қарабайдың ауылынан бірақ шыққандай бол­ды көрермен. Азан-қазан ауыл. Ортада құрау-құрау деп, жыл­қысын түгендеген Қарабай жүр. Көрермен оқиға желісін біліп отырғанымен, әртістердің талантына таңдай қақты. Қо­зы­ға қоқаңдаған Қодардың рө­лін­дегі Арыстанбек Мұқият, екі жүзді Жантықтың образын ойда­ғыдай алып шыққан Ернат Мұ­хаметханов, Баян сұлуды сом­даған Арай Маралбековалар нағыз талантты әртістер дер едік.

Спектакльде қос ғашықтың бір-біріне деген адалдығы, махаббатты көрініс тапты. Сонымен қатар дүниеқоңыздықтың, қыз­­ға­­ныштың соңы сан қақты­ра­тыны жиналған қауымға ой сал­ған шығар. Жалпы, қазақ хал­қының әдет-ғұрыптарын тұр­мыс-салт жырларымен байланыстыра отырып, сол кездегі қоғам тынысынан сыр шерткен қойылым болды.