• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Экономика 05 Қазан, 2021

«Жасыл капитализм» мифі

230 рет
көрсетілді

НЬЮ-ЙОРК. Аптап ыстық, су тасқыны, құрғақшылық пен орман өрттері бүкіл әлемге қауіп төндіріп тұр. Мұндай апаттар келешекте көбеймесе, кемімейді. Климаттың өзгеруін жоққа шығарушылар әлі де дегенінен қайтпай отырғанына қарамастан, шұғыл әрекет ету уақыт күттірмейтін мәселе екенін экологиялық белсенділер ғана емес, былайғы жұрт та түсінді. Мемлекет басшылары, халықаралық ұйымдар, тіпті бизнес пен қаржылық ұйымдар да бұған келіскен сыңайлы. Немесе солай көрінеді.

Шын мәнінде, әлем көміртек саудасы мен «жасыл» экономика деген қаржылық таңбалау жүйесін ойлап тапқанша ондаған жылын жоғалтты. Қазіргі таңда хедж-мәміле стратегиясы (кө­мір­тек шығарылымы үшін өтем­ақы) сәнге айналған. Алайда қара­пайым ғана мәселені – адам­заттың әлі де сол бұрынғы қайы­ғында отырғанын естен шыға­рып аламыз. Өтемақы төлеу жеке ак­тивтердің ие­лері­не ұнамауы мүмкін, бірақ мұның жа­қындап келе жатқан климаттық апаттың алдын алуға әсері аз.

Жеке сектордың «жасыл ка­питализмді» қабылдауы – нақ­ты өтемақыны төлеуден қашу­дың айла-шарғысы. Егер бизнес пен қаржы саласындағы көш­басшылар байыппен қараса, олар планетамыздың қазіргі таңда және болашақта бүкіл адамзатқа қолайлы болуына жағдай жасау қажеттігін, соған сәйкес ұс­танған бағытты түбегейлі өз­гертудің маңызын түсінер еді. Бұл жерде әңгіме «қоңыр ак­тивтерді» «жасылға» ауыстыру туралы емес. Мәселе «қоңыр» капитализм миллиондаған адамды шығынға батыруға жол бермей, ең осал топтардың болашағын қамтамасыз етуінде жатыр.

«Жасыл капитализм» ұғы­мы мынаны білдіреді. Кли­маттың өзгеруіне қарсы тұру­ға кететін шығындарды мем­лекет­тің жалғыз өзі көтере ал­май­ды, бұл нәубетке қарсы жеке сектор тиімді әрекет ете алады. Сондықтан «жасыл ка­пи­тализмді» жақтаушылар мем­лекеттік және жекеменшік са­лалардағы серіктестік «қоңыр­дан» «жасыл капитализм­ге» ұтым­ды көшуді қамтама­сыз етеді деп есептейді. Жаңа технологияларға көп көлемде инвестиция салу адамзаттың тұңғиыққа енуіне жол бермейді.

Бірақ мұның шындық екеніне сену қиын. Себебі, ықтимал нәрселер өте көп. Капитализмнің ДНК-сы оның климаттың өзге­руі­нің әсерін болдыртпауына мүм­кіндік бермейді. Бұл капита­лизм­нің аз бөлігі емес. Бүкіл капи­та­листік жүйе кіріс­ті жекеше­лендіруге және шығын­дарды әлеуметтендіруге негіз­делген. Мұны жүзеге асыру үшін еш­қандай жаман әрекет қажет емес, бәрі заңның мақұлдауымен іске асырылады.

Кейбір пысықайлар қоршаған ортаны ластамай тұрып, заң аясында сенім қорын немесе заңды тұлға құрып алады. Содан кейін емін-еркін планетаны құртуға кіріседі. Экологиялық міндеттемесін орындамағаны анықталғанда банкротқа ке­тіп, қайта құрылымдай салады. Осылайша, әлемдегі бүкіл мем­лекет халықаралық ереже­лер арқылы шетелдік инвес­тор­лардың кірісін жоғары қо­йып, өз халқының әл-ауқатын жақ­­сартуды естен шығарып ала­ды. Осының салдарынан Энер­­гетикалық хартия шартына сай әрекет етпеді деген же­леу­­мен көмірқышқыл газдың шыға­ры­лымын азайтуды талап еткен бірнеше елді шетелдік компания­лар сотқа берді.

Өнеркәсіптік революциядан кейінгі парниктік газдардың шы­ғарылымының үштен екісі небәрі 90 корпорацияға тиесілі. Тіпті әлемдегі ауаны көп көлемде ластаушы компаниялардың басшылары декарбонизация­ны жедел жүргізуге дайын болғанына қарамастан, олар­­­дың акционерлері бұған қар­сы. Ондаған жыл бойы акцио­нер­лердің табысын ұлғайту басты мақсат еді. Сондықтан компаниялардың басшылары осы бағытынан ауытқып кетсе, өздерінің сенім міндетін орындамағаны үшін сотқа тартылатынын білетін.

Ендеше, Big Business пен Big Finance тобына кіретін компаниялардың климаттың өзгеруінен тірелетін тұйықтан шығатын жолды қолдайтыны таңғаларлық емес. Мәселе мынада. Өзгерісті менеджерлер емес, акционерлер қажет етуге тиіс. Қиындықтың шешімін ғы­лымға негізделген саясат ар­қылы емес, баға механизмі ар­қылы табу керек. Неліктен оңай нұсқаны тағдайтын, хеджирлеу мүмкіндіктері бар инвесторлар өздерінің портфеліндегі кейбір компанияның келешекте зиян шегуіне мүмкіндік береді деген сұрақ жауапсыз қалып отыр.

Көміртек салығы, табиғи ре­сурстарды өндіруге тұрақты мо­раторий секілді тағы да басқа қатаң өзгерістер қажет. Мұн­дай саясат көбіне нарықты бұр­малайтын механизмдер ретін­де қолдау таппайды. Өйткені көптеген мемлекет он­даған жылдар бойы қазба отынды өндіретін өнеркәсіпке қомақты субсидия беріп келді. Мәселен, 2017 жылы 5,5 триллион доллар (салыққа дейінгі және кейінгі) немесе әлемдік ішкі жалпы өнімнің 6,8 пайызы жұмсалды. Егер қазба отынды өндіретін компаниялар табыстары таусылса, салықтық жеңілдіктерді өтеу үшін олар өздерін пайдасы мол компанияға сата алады. Мұндай стратегияның сценарийі бірігу мен қосылу туралы заңнамада жазылғанына көп уақыт өтті.

Бірақ барлық субсидия­лар­дың қайнары – меншік, кор­поративтік, сенім мен бан­кроттық туралы заң арқылы капиталды заңды түрде бекітуге арналған ғасырлардан бері келе жатқан процесс. Көптеген міндеттемелердің астында қалса да, капитал активтерінің иелерін нарықтар мен фирмалар емес, заң қорғайды.

«Жасыл капитализмді» жақ­таушылар бұл ойынды жал­ғастырудан үмітті. Сон­дықтан олар қазір мемлекеттердің би­лігін активтерді алмастыруды суб­сидиялауға көндірмекші. Осылайша «қоңыр» активтердің бағасы төмендегенде, акцио­нер­лердің шығынын толтыру үшін «жасыл» активтердің ба­ға­сы көтеріледі. Қайталап айтсақ, тағы да капитализм. Бұл планетаның өмір сүруін қан­­­шалықты қамтамасыз етуге лайық стратегия? Бұл мүлде бас­қа мәселе.

Билік өкілдері мен реттеу­ші органдар мұндай мәселе­лер­ді шешудің орнына, тағы да нарыққа қолайлы механизм­дердің ортақ «әніне» басты. Қа­зіргі таңда ортақ мәміле қар­­жылық ақпаратты ашуға ба­ғыт­талған. Себебі, осы тәсіл ар­қылы орындауды қажет ет­пей­тін өзгерісті уәде ете алады. (Бұл сон­дай-ақ бухгалтерлер, заң­гер­лер және бизнес-консуль­тант­тар­дан құралған, айтқанға көне­тін топқа жұмыс тауып береді).

Нәтижесінде «жасылға» көшуге құмарлардың көбеюі таңғаларлық емес. Қаржы индустриясы жасыл түске боялған активтерге триллион долларлар­ды қуана құйды, бірақ олар мүлдем жасыл емес болмай шық­ты. Жақында жүргізілген зерт­теуге сәйкес, ESG-ге арнал­ған қорлардың 71 пайызы (эко­ло­гиялық, әлеуметтік немесе басқару санаттары бойынша) Париж климат келісімінің мақсаттарына мүлдем сәйкес келмейді.

Мұндай тәжірибе жүргізуге уақыт жоқ. Егер экономиканы жасылдандыруды шыны­мен мақсат етсек, бірінші қадам – «қоңыр» капитализмге салы­натын бүкіл тікелей субси­диялар мен салықтық субси­дияларды жою қажет. Сон­дай-ақ көміртектің таралуын тоқтату керек. Билік өкілдері ластау­шыларды, олардың иелері мен инвесторларды эколо­гия­лық зиян келтіргені үшін жауап­кершіліктен қорғауға мораторий жариялауға тиіс.

 

Катарина ПИСТОР,

Колумбия заң мектебінің салыстырмалы құқық профессоры, The Code of Capital: How the Law Creates Wealth and Inequality кітабының авторы

Copyright: Project Syndicate, 2021.

www.project-syndicate.org