Жапырақ жамылған ежелгі адамдар заманынан бергі дүниежүзі тарихында небір киім үлгісі болғаны белгілі. Тіпті күн сайын жаңарып жатқан мың сан моданың бас-аяғын ешкім жіті қадағалай алып жатқан жоқ. Жалпы жер шарында жеті миллиард адам болса сонша түрлі талғам болатыны даусыз. Адам қиялымен бірге түрлене беретін киім дизайнына әркімнің көзқарасы әртүрлі болуы да заңдылық. Біреу үстіндегі жейдесінің бағасына мән берсе, біреу оның сапасына назар аударады. Ал тағы бірі оның ыңғайлылығына көп көңіл бөледі. Алайда бүгін біз жалпы киім үлгісі туралы емес, жекелеген тұлғалардың киім киісіндегі ерекшеліктер туралы, оның ішінде әлемді өзінің қиял жемісіне жібермей байлап келе жатқан, адамзат тарихындағы феномен тұлғаның бірі, әйгілі Applе брендінің негізін қалаушы – Стив Джобс туралы айтқымыз келеді.
Білетіндер тарихи тұлғалардың, көбіне генийлердің гардеробы қарапайым болғанын растайды. Тіпті кейбірі өле-өлгенше үстінен бір киімді тастамай киіп өткен. Стив те сондай адамдардың санатында болады. Ең қызығы адамның бұндай қиямпұрыс әдеттері туралы біржақты ештеңе айта алмайтынымызда шығар. Себебі оның түрлі факторы болуы мүмкін. Көбіне ой еңбегімен шұғылданатын құбылыстар дүкен аралап киім таңдауға уақыт зая қылғанды құптамаса, кейбірі жетістікке адамның киім ілгіші көп әсер етеді деп топшылайтын болған. Сондай-ақ адамның талғамы да талас тудырмайтын мінез екенін ескергеніміз жөн.
Стив стилі оның мінез-құлқын бірден аңғартып тұрады. Біз жалпы Apple өнімдерін дүниеге әкелген, оны ойлап тапқан Джобс деп ойлаймыз. Негізінде олай емес. Стив ең алдымен нарықты жаулау үшін идеямен жұмыс істеді. Стив үшін ең маңызды екі нәрсе болды. Ол – дизайн және маркетинг еді. Ол өнімді өндіріп шығарудан бұрын, оның сыртқы және ішкі үлгісіне мән берді және оны жоғары деңгейде жарнамалай алды. Бұл екінің біріне берілетін қасиет емес қой.
Джобстың киім сөресінде бір уақытта қара түсті, бірдей өлшемде 200-ге тарта джемпер ілініп тұрған деседі. Бұл ақпарды алғаш естігенімізде аңырып тұрып қалғанымыз рас. Өзіңіз ойлап қараңызшы, адам бір ғана үлгідегі киімді кие бергеннен жалығып, жынданып кетуі мүмкін емес пе? Бірақ генийдің ойлау жүйесінің біз пайымдағаннан мүлде өзге екенін ескерсек, бәрі дұрыс. Әлемдегі ең танымал, ең бай, ең талантты адамның аксессуарлары қымбат болса керек-ті. Алайда бүкіл адамзат аузына қарап отырған сол Стив Джобстың киім-кешегі, сағаты мен көзілдірігінің құнын есептегендер олардың 2 мың долларға да жетпейтінін біліп таң қалысыпты.
Басында біз де таң қалғанымызды жасырмаймыз. Бірақ кейін Стив әлеміне қызығып, оны зерделей келе таңданысымыздың тым дөрекі екенін ұқтық, ұялдық. Мына бір шашылып түскен шымыр ойларға бір көз жүгіртіп өтіңізші? Осыншама терең пайым иесінің тым қымбат киінуі мүмкін бе? Стив айтады: «Жасымыз өскен сайын бізге ақыл кіре бастайды. Менің түсінгенім – 30 доллар тұратын сағат та, 300 долларға алынған сағат та бір уақытты көрсетеді. Біз 30 доллар тұратын әмиянды алсақ та, 300 доллар тұратын әмиянды қолдансақ та екеуіне бірдей ақша сияды».
Шынында да біз кейінгі уақытта құндылықты адамның сыртынан іздеп кеткеніміз жасырын емес. Әрине, 150 мың доллар тұратын көлікпен жүрсек те, 3 мың доллар тұратын көлікке мінсек те баратын жол мен қашықтық өзгермейді. Біз қайсысымен барсақ та, жететін жеріміз – бір. 300 доллар тұратын бөтелкедегі шарапты ішсеңіз де, 10 доллар тұратын шарап ішсеңіз де, сезінетін рахат бір деп кез келгеніміз айтуымыз мүмкін. Бірақ бұл қарапайым өмір қағидаларын қазынасын қалай шашса да қазаны ортаймайтын Джобстың аузынан естудің жөні әсте бөлек.
Қарапайым киінудің, ел қатарлы тіршілік кешудің жалғыз эталоны Джобс деуден аулақпыз, әрине. Бірақ заманы бізге жақын тұлғаның ел көп біле бермейтін қырлары өскелең жаңа ұрпаққа зор өнеге болғаны дұрыс.
Ол тағы бірде «Сіз тұратын үйдің ауданы 300 шаршы немесе 3000 шаршы метр болса да, сіз – жалғызсыз, сіздің шынайы ішкі бақытыңыз дүниенің материалдық құндылығынан туындамайды» дейді.
Біз Стив Джобстың осыншама еркін, осыншама біртоға ғұмыр кешкеніне қызыға да қызғана қарадық. Мысалы, Джобс Lunor деген неміс фирмасының қарапайым, бірақ сапалы жасалған 500 доллар ғана тұратын көзілдірігін тағыпты. Әлемнің көз жауын алатын Apple өнімдерінің қайталанбас дизайны сол көзілдірікпен-ақ дүниеге келіп отырыпты. Сол көзәйнектің ар жағындағы қырағы да ойлы, озық та талғампаз көздердің, еркін сананың жемісін бәріміз тұтынамыз.
Джобстың джемпері деп тақырыбын атағанымызбен, толық джемпер деуге келмес, қара водолазка көрсек, ашық көк джинсыны көзіміз шалып қалса бірден ойымызға Джобс оралады. Жапон дизайнері Иссей Миякенің қолынан шыққан қара водолазка әуелде компанияның қызметкерлері түгел киетін форма ретінде тігіліпті. Кейіннен Джобс ол идеяны құптамай, тек өзі ғана тұтынуды жөн көреді. Жеке тігіншісіне бірнеше жүз қара кеудешені тіктіртіп киген ол өмірінің кейінгі жиырма жылында сол кеудешені үстінен тастамай өтеді.
Джобстың джинсы да керемет қымбат шалбар демес едік. Levi’s тіккен шалбар оның жұмыс істеуіне өте ыңғайлы болса керек. Аяқ киімі жайлы да ақпараттар ашық, NewBalance брендінің аса танымал өнімі. Бағасынан байлықтың иісі бұрқырап тұрған жоқ, бар-жоғы 150 доллардың кроссовкасы.
Міне, адами құндылықтың, тұлғалық даралықтың қызыл-жасыл шүберекке, асыл-әшекейге еш тәуелсіз екендігін осындай тұлғалар әркез дәлелдей береді. Румидің «қаншама адам көрдім, үстінде киімі жоқ, қаншама киім көрдім, ішінде адамы жоқ» дегеніндей, Джобстың джемпері мен джинсысы арзан болғанымен, оның қиялынан туған қымбат өнімдер кез келген адамның қолына түсе бермейді.
Ұлы идеялар әрқашан қымбат болуы керек.