Кез келген өнер туындысы – жан азабының жемісі. Бұл сіз бен біз ойлағандай бәкүн-шүкін шаруа емес, өте үлкен еңбек. Жан мен тәннің қақтығысы десе де болады. Дүниеге керағар көзқарас, тарих теңізін кешіп өту, жүрек толқынысын басу, уақытпен санасу, осының бәрі – шығармашылық процестің басты бағдары. Сіздің кеудеңізді жарып шыққан әрбір туынды сарқып берген көз жасыңыздай мөлдір де керім құбылыс.
Дали және оның мысықтары
Бұл таңғажайып фотосурет 1948 жылы түсірілген. Туынды ішіндегі кейіпкерлер аспанда қалқып жүргеніне қарап, бұған цифрлы технологияның қатысы бар деуге келмейді. Көбіне жұрт бұл туындыны «Дали және оның мысықтары» деп атайды. Шынында да солай. Dali Atomicus. Мұны атақты қылқалам шеберінің жақын досы, фотографиядағы сюрреализмнің негізін қалаушы Филипп Халсман түсірген екен.
Қазір мұндай қызықты фотосуреттер жасау түкке тұрмай қалды. Технология дамыған шақта әрі «фотошоп» деген сиқырлы бағдарлама пайда болған кезде кішкентай балаға дейін ойына келгенін жасай алады. Ал ол кезеңде мұндай фотосуретке түсіру қиынның қиыны еді. Ең қызығы, бұл кадрды қағып алуға 6 сағаттан астам уақыт кетіпті.
Жақсылап көз салсаңыз, мольберт пен кескіндеме төбеден қармақ жібіне ілініп тұр. Екі көмекші мысықтарды лақтырып қана қоймай, сол мезетте бір шелек суды шашуға тиісті болған. Тіпті фотографтың әйелі орындықты ұзақ уақыт көтеріп тұруына тура келіпті. Ал Сальвадор Далидың әрекеті тіпті күлкілі. Өнерге жан-тәнімен берілген адамның образын сомдау.
Әр түсірілім сайын Филлипп Халсман қайта-қайта фотоаппаратты әзірлеп отырған. Яки пленканы қайта-қайта жаңартып отырған. Фотографтың талабы бойынша, «үш» дегенде көмекшілер мысықтарды лақтырып, «төрт» дегенде су төгуге тиіс. Соған сай Дали де секіреді. Сондай сәтте көбіне суретші жайбасарлық танытса керек. Көмекшілер жиі-жиі еденді сүртіп, әбден үркіп қалған мысықтарды қуалаумен болған екен. Жарты күнге созылған жұмыс неше түрлі қызыққа толы болғаны соншалық, адамдар өздерінің шаршағанын да байқамаған. Ақыры ұзақ тәжірибеден кейін осындай тамаша сурет өмірге келеді.
Ақырған арыстан
Бұл логотипті әлемдегі ең әйгілі логотиптердің бірі деп атауға болады. Шынында да, америкалық Metro-Goldwyn-Mayer компаниясы (MGM) осы арыстан арқылы кино тарихында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ақырған арыстан шын мәнінде компанияның негізгі логотипі ғана емес, бүкіл Голливудтың жұлдызына айналды. Осы қорқынышты қалпы арқылы, көрермендердің де жүрегін жаулады.
Шынында логотипте бір ғана арыстанның бейнесі берілмеген. Жыртқыш аңмен жұмыс істеу мамандарды әбден әбігерге салса керек. Мезгіл-мезгіл алмастырып отырған екен. Содан да болар, MGM логотипінің тарихы компанияның тарихына қарағанда әлдеқайда қызығырақ. Бұл арыстандардың кейбірі шынымен де танымал бола біліпті. Ал қалғанының түр-түсі уақыт өте ұмытылған.
Енді қараңыз, алғаш рет 1916 жылы «Өнерге арналған өнерпаз» ұранымен пленкаға қоршалған арыстан бейнесі жаңадан құрылған Goldwyn Pictures Corporation логотипінде пайда болды. Бұл арыстан тарихқа «Түпнұсқадағы Лео арыстан» деген атпен енді. Ол сондай-ақ «Үнсіз арыстан» деген атпен де белгілі. Логотипті суретші Ховард Диц жасаған.
Арыстан Ховардтың сүйікті футбол құрамасының символы болды деп санайтындар бар. Логотип осы жануардың символизмі ретінде қарастырылған деп те айтылады. Ол да мүмкін, бірақ нақты емес. Сан алуан болжам мен алып-қашпа әңгіме әлі де ақпарат беттерінде жиі-жиі жазылып жүр.
Ақыры 1924 жылы Metro-Goldwyn-Mayer құрылды. Яғни Metro-Goldwyn Pictures Corporation пен Louis B қосылып Mayer Productions-ке айналды. Жаңа компания басшылығы тірі арыстанмен түсірілген ескі логотипке оралуға шешім қабылдайды. Осылайша танымал логотип пайда болады, ол тарихта MGM-дің ресми логотипі ретінде сақталды.
Басты рөлді сомдаған арыстанның аты Слец еді. Оның өмірбаяны да тарихта қалды десек болады. Слец 1919 жылы 20 наурызда Ирландияның Дублин хайуанаттар бағында туған. Кейін атақты арыстан иесімен Америка Құрама Штаттарына қоныс аударады. Жиырма жылға жуық уақыт өмір сүріп, 1936 жылы өлген. Қазір Слецтің терісі Макферсон мұражайында сақтаулы.
Сәт пен сезім
Әй-әй, Роберт Дуано, «бір жүрген әпенді екенсіз» деп бас салып кінәлауға болатын да еді, егер осы бір өмірдің өзіндей, сезімнің сөзіндей нәзік те шынайы сурет болмағанда. 1950 жылы Life журналынан тапсырыс алған фотограф сәтті кадры үшін әлемдік даңққа бөленді.
«Онда тұрған не бар?» деп, немкетті қарайтындар да табылар, десе де сұлулыққа шомылған Парижде жалынды жастық пен тәтті махаббаттың символына айналып шыға келген туындыға тамсанбастан басқа амал жоқ. Кездейсоқ һәм шебер түсірілген секілді көрінгенімен кадрдың үйлесімді композиция жасамауы, сыртқы фонның бұлыңғырлығы, кейіпкерлердің орналасу кеңістігі өмірдің нағыз шынайы бет-бейнесін сызып бергендей.
Аталмыш редакция басшылығы Роберт Дуаноның суретін Париж көшелерінде сүйіскен бірнеше фотосуретпен қатар жариялайды. Бірақ оқырмандардың басым бөлігі Париж көшесіндегі сүйіскен қыз бен жігіттің фотосуретін үздік деп табады. Оған айтылған теріс пікір де, жақсы ой да бүгінде редакция мұрағатында жатыр.
Бұл фотосурет 1986 жылы көше плакаттарына басылғаннан кейін ғана әлемге әйгілі болды. Роберт Дуаноның «Сүю» шығармасы 2,5 миллион ашық хатқа, 500 мың плакатқа және одан да көп күнтізбеге, фотоальбомдарға басылды. Ең қызығы, автордың осы туындысы басқа фотоларына қарағанда мол табыс әкелген екен. Себебі атақты фотографтың есімі сол уақытта үздіктер санатында еді.
Енді қараңыз, фотода өздерін осы суреттің кейіпкерлері ретінде таныстырған жас жұбайлар редакцияға ашық хат жолдап, Роберттен өтемақы талап етеді. Тіпті іс сотқа дейін жеткен екен. Осылайша, ерлі-зайыптылар 90 мың АҚШ долларын талап етеді. Әрине, 40 жылға жуық уақыт үндемеген олардың аяқ-астына атақ біткенде ерсі әрекетке баруы қоғамда үлкен дүрбелең туғызған. Ақыры, Роберт Дуано жеңіске жетіпті. Бірақ ол суреттің сахналанғанын мойындауға мәжбүр болады.
Фотографтың айтуынша, көшеде сүйісіп тұрған адамдарды суретке түсіруге көбінің батылы бармайды, десе де «мұндай жұптардың шынайы махаббатын берудің өзі үлкен мәртебе» дейді.