• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 06 Қазан, 2021

Әр құжаттың артында адам тағдыры тұр

783 рет
көрсетілді

Саяси қуғын-сүргін құр­бандарын толық ақтау жөніндегі Ақтөбе өңірлік комиссия­сы ХХ ғасырдың 20-30-жылдары жазықсыз жазаланған 455 адамның тізімін түгендеді. Аты-жөндері анықталғандарға қатысты барлық дерек енді республикалық комиссияға ұсынылады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің тарихшы ғалымдарынан жасақталған комиссия облыстық және Ішкі істер департаменті архивтеріндегі 1919-1930-жылдары қозғалған 328 қылмыстық істі қарап шықты. Кеңес өкіметіне қарсы болып, жазаға тартылғандар негізінен РСФСР Қылмыстық кодексінің 58, 59, 73, 79,109-баптарымен айыпталған.

Сол жылдары «саяси сенім­сіз­дік­тері» үшін Ақтөбе округінен бақылауға алын­ған 1051 адамның 216-сы контрреволюциялық топ құрды деген айыппен (58-бап) қылмыстық жауапкершілікке тар­тылып, бесеуі ату жазасына ке­сілген екен. Олар Кеңес өкі­ме­тінің астық, ет тапсыру саясатына, ұжымдастыруға, колхоз құрылысына қарсы шыққандар. Сондай-ақ мемлекеттік тәртіпке қарсы тұрды деген айыппен (59-бап) сотқа тартылған 23 адамның біреуі атылған. Мемлекеттік уә­кілдерге қарсылық көрсеткен 10 адам 73-баппен айыпта­лып, бір жылдан кем емес мерзімг­е бас бостандықтарынан айы­рыл­ған. Мемлекеттік мүлікке зиян келтіргені үшін (79-бап) 8 адам, тауар бағасын көтергені және жасырғаны үшін 67 адам айып­тал­ған. Мемлекеттік қызметте қыл­мыс жасағаны үшін 109-баппен 43 адам ұзақ мерзімге сот­талған.

Комиссия мүшесі, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемле­кет­тік университетінің доценті, тарихшы Дәулет Әбеновтің ха­барлауынша, түрмеге айда­лып, жер аударылып кеткен адам­дар­дың әрі қарайғы де­ректерін көршілес облыстардан іздестіру керек. Өйткені сол жылдары Ақтөбе округінің аумағына қа­зіргі Қостанай, Қызылорда об­лыс­тарының бірнеше ауданы кіріп, қайтадан бөлініп шықса, Ақбұлақ ауданы 1939 жылы Орынбор облысына қаратылды.

Комиссия төрағасы, Қ.Жұ­ба­нов атындағы Ақтөбе өңір­лік мемлекеттік универ­си­те­ті­нің проректоры, тарих ғы­лым­­дарының докторы Рахым Бек­назаровтың айтуынша, комис­сия мүшелері құжаттарды рет-ретімен қарай отырып, қуғынға ұшыраған адам туралы барлық мәліметті толтыруға тырысқан. Айыпталған адамның аты-жө­ні, әлеуметтік жағдайы (бай, мол­­да, орташа, кулак), туған жылы мен тұрғылықты мекен-жа­йы, айыпталған бабы мен сот үкімін көрсетіп, қай жерде жазасын өтегенін толтырады. Бірақ облыстық архивтен алын­ған істерде айыпталушыға қатысты мәлімет толық емес. Оның қандай қылмысы үшін айып­­­талып отырғаны, сотталған соң жазасын қай жаққа өтеуге жіберілгені жазылмаған. Тіпті кей істе тергеуші мен судьяның аты-жөні жоқ. Кей папкіде бір бетке де толмайтын қылмыстық іс кездессе, кейбір іс 200 беттен де асып кетеді», дейді комиссия төрағасы.

1920-1928 жылдары айып­тал­ғандар ең әуелі халық со­тына тартылып, одан соң округтік сотқа жіберілген. Округтік сот үкі­мімен келіспеген айыпталу­шы Жоғарғы сотқа шағым тү­сіргенде, шешімдер қайта бұ­зылған жағдайлар жиі кездес­кен. Алайда жоғарыдан өзгер­тіл­ген шешім бастапқы іске тір­кел­мейді. Сондықтан да істің басы бар да, аяғы жоқ болып оты­рады. Тарихшы ғалымдар ақ­тау­ға жататын істер бойынша зерт­теу жұмыстарын жүйелеуді жалғастыруда.

 Қудаланған дін өкілдері

Қазақстанда дін өкілдерін қу­да­лау 1919 жылдың соңы­нан басталды. Өлкелік партия комитетінің жанынан уағыз-насихат бөлімі құрылған соң елде дінмен күрес мықтап қол­ға алынды. Ең алдымен жер-жерде мешіт салуға, жас ба­лалардың медреселерде бі­лім алуына тыйым салынды. Медреселерде 18 жастан асқан­дар ғана білім алатын болды. Осы жылдан бастап дін өкілдерін бір-біріне қарсы қою саясаты күшейді.

 1927 жылдың 15 қаңтарында ҚКП (б) Орталық Комитеті «Дауыс беру құқығынан айыру» туралы қаулы қабылдап, дін өкілдерінің сайлауда дауыс беруіне тыйым салды. Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссияның мүшесі – Дәурен Сайымов 1927-1933 жылдары Ақтөбе округі бойынша сайлау құқығынан айырылған 500-ге жуық діни қызметкердің тізімін тапты. Төте жазумен жазылған осы құжатта ишан, молда, ахун, хазіреттердің барлық дерегі, діни білім алған оқу орны мен мешіт ұстаған жері де жазылған. Бірақ бұл сол уақытта өмір сүрген ишан, молда, хазірет, ахундардың толық тізімі емес. Өңірдегі дін адамдарына қатысты қылмыстық істер бір қорда жинақталмағандықтан, оларды әр папкіден іздеуге тура келеді. Рахым Бекназаров өңірде мешіт-медресе ұстаған ишан-молдаларды алдағы уақытта қазақ шежіресімен, мешіттер тарихымен байланыстыра зерттеу керек деген пікірде. Өйткені «көне мешіттерді түгендегенімізде, осы құрылыстарды салған, медреседе бала оқытып, мешіт ұстаған аяу­лы жандарды ұмытып кетеміз. Комиссия мүшелері мұсылман дін өкілдерін ғана емес, қуғынға түскен басқа дін өкілдерін де қо­са зерттеп келеді. Өйткені 1927-1928 жылдары өңірдегі ишан, имам, хазіреттермен бірге протес­тант, иудаизм, баптист, ад­вен­тистер де қудаланды», дейді ол.

 Байларды тәркілеу

1927 жылдың соңында партияның Орталық Комитеті қабылдаған үш құжат тәркілеу саясатын жеделдетіп қана қой­май, ел ішіндегі өкіметке деген қарсылықты күшейтті. 1927 жыл­дың 14 желтоқсанында партия астық саясатын тездету туралы жаңа нұсқаулық жариялайды. Осы құжат бойынша жеке адамдар үшін астық салығы бірнеше есе өсіріліп, шаруаларға төлемді үш айдан кешіктірмеу міндеттелді. Екіншісі – 1928 жыл­дың 5 қаңтарында қабыл­дан­ған астық дайындауды жолға қоюдың шектік мерзімі туралы нұсқаулық. Бұл шаруаның қамбасындағы бидайды күштеп тартып алуға жол ашқан құжат еді. Енді мемлекеттің астық және тұқым қоры үшін әр отба­сы қысқа мерзім ішінде тө­лем жүргізуге тиіс. 1927 жы­лы мемлекет шаруалардың би­д­айын нарық бағасынан 40 пайызға төмен сатып алды. Сол жы­л­­дары ең қажетті тұтыну тауар­ла­рының тапшылығы туындап, инфляция күшейіп, шаруалар қамбасындағы астығын мемлекетке сатудан бас тартады. Алайда 1928 жылдың 1 қаң­та­рынан артық астығын мемлекет бағасымен беруден бас тартқандар РСФСР ҚК 107-бабымен жазалана бастады. Қамбадағы астығын арзанға сатқысы келмегендерге Сталиннің «Біздің индустриямызға құрал-жаб­дық­тар әкелу мен оған бөлінген валю­таны жұмсамай, кулакты қысып, одан астықтың артық мөлшерін сығып алған дұрыс...» саясаты күшіне мінді.

Тарихшы Дәулет Әбеновтің айтуынша, 1928 жылдың 1 қыр­күйе­гіндегі Ақтөбе ок­ругтік бюросының жабық мәжі­лісінде 2-санат бойынша мал-мүлкі мемлекет есебіне алы­н­уға тиіс 59 байдың тізімі жасақталып, тәркілеу комиссиясы құрылады. Іле-шала Ақтөбе округінен 278 адам басқа өңірлерге жер аударылған. Бірнеше отбасы Қы­зылордаға қамыс шабу­ға жібе­рілген. Бірақ осы адам­дар­дың кетуі жөнінде құжат бар да, әрі қарайғы тағдыры белгісіз. Округішілік жер аудару бо­йын­ша Ақбұлақ ауданындағы 3-са­нат­тағы бірнеше ауқатты отбасы Темір, Алтықарасу, Ырғыз, Шалқар ауданына көшірілген. Жер аудару шығыны байдың есебінен жүзеге асырылған әрі оларға кетерде мал-мүлкі, үй жабдықтарынан ештеңе алуға рұқ­сат берілмеген. Архив құ­жаттарында тәркіленген мү­ліктің 25 пайызы ауылдағы ке­дей­лерге, 75 пайызы кеңес­тік шаруашылыққа өткізілгені жазылған. Осылайша ауқат­ты­лар­дан тартып алынған мал­дың есебінен шаруа­шылықтар құрылды. Қара тізімге іліккен кейбір жандар барын Кеңес өкіметіне өткізіп, тек туған жерінде қалдыруды ғана өтініш еткен. Жер-жерде өткен халық жиналыстарында ауылдастары байлардың аштық, соғыс, таршылық уақыттарда қара ха­лық­қа көмек бергенін айтып, оларды қорғауға тырысқан. Сол кезеңде Қазақстанда астық да­йын­дауға байланысты 34 мың адамның сотталғаны туралы 1989 жылдың 14 қаңтарында «Ка­захс­танская правдада» жазылды. Қиын күндерде елде астық дайындаудың бар ауыртпалығы орта шаруа мен кедейдің мойнына түсті. Малмен ғана күн көретін ауылдар да астық салығынан бас көтере алмай қалды.

1919-1929 жылдары Ақтөбе округі бойынша қозғалған 328 қылмыстық іске 455 адам тар­тыл­ған. Осы тізімде 13 бай, 38 кулак, 60 шаруа, 77 жұмысшы, 101 қызметкер және әлеуметтік жағдайы көрсетілмеген 166 адам бар. Соңғылары байлар мен кулактар, дін өкілдерінің отба­­­сы мүшелері болуы мүмкін. Айыпталғандардың арасында Алаш партиясына мүше болған азаматтардың да есімдері ұшырасады. Мәселен, 1928 жылдың 1 қыркүйегінде өткен Ақтөбе округтік бюросының жа­бық мәжілісінде Темір ауда­ны­ның тұрғыны Есенғұлов (бұ­рын­ғы Уақытша Үкімет комиссары) пен Жүндібаевтың (Алаш партиясының бағдарламасын жа­сау­ға қатысқан) партияның астық жинау саясатына қарсы шыққаны туралы айтылады.

  Қазақ азамат соғысын бастан өткерді

Қос архивтің «аса құпиялы» құжаттарының бірі – жұрттың жаппай көшуі. 1930 жылдары Табын ауданының (қазіргі Бай­ғанин) бірнеше ауылы кәм­пес­ке­леуден қашып, Ауғанс­тан­ға, Қарақалпақстанға қарай жа­сы­­рын өтіп кетеді. Кетіп бара жат­қанда ұсталып қалғандарды билік өкілдері аяусыз жазалап, мұндай оқиғалар көбіне адам өлімімен аяқталған. Көштің алдынан шығып, адамдарды кері қайтармақшы болған милицияны өлтіріп тастаған жандардың тергеу істерін оқыдық дейді Рахым Бекназаров. «Милиционер елге қайт дейді. Бірақ жұрттың кері оралғысы жоқ. Текетірес жанжал, төбелеске ұласады. Арада кісі өлімі де болған. Көбі­не­се қылмыстық істер ОГПУ қызметкерінің өлімі бойынша қозғалған. Жазатайым оқиға болса да, айыпталушы қылмыс жасаған адамның жөнді қаруы да болмаған. Бала-шағасын алып, амалсыздан елден кетіп бара жатқан бейбақтың жазықты емес екенін сезесің, бірақ ақтауға бола ма деген тұсына тарихшы ретінде не жазарыңды білмейсің. Себебі, кісі өлімі болған. Сол уа­қыт­тың құжаттарын оқысаңыз, бірінің үстінен бірі арыз жазып, жағаласып жүрген ылғи ағайын-туыстар. Осы кезеңде қазақ азаматтық соғыстың бір түрін бас­тан өткерді деп айтуға болады. Қарапайым адамға коммунистік биліктің керегі де жоқ. Оған бала-шағасын асырау керек. Бірақ оның жағдайын ойлап жатқан билік жоқ. Марқұмдардың іс­терін ақтарып отырып, екі саяси лагерьдің қарапайым адамдардың тағдырына қалай әсер еткенін көресің де, жүрегің ауырады. Әрі қарай қолың ештеңеге бармайды. Папкіде ату жазасына кесілген адамның фотосуретінен бастап, бүкіл құжаты жүр, тіпті атылған кездегі шалбарының қиындысы да заттай айғақ ретінде сақталған. Бір шірік материал 2021 жылға жетіп тұр, бірақ адамнан із қал­­ған жоқ. Бұған не деуге болады? Қиын. Моралдық тұрғыдан қиын».

Жұрттың малын, қоймасына тыққан соңғы азығын тартып алып, үй-үйді аралап жүрген бел­сенді комсомолдар – 17-18-дегі жас жігіттер. 1920-1930 жы­л­­­­дары комсомол жастар көп өлген. ІІД архивіндегі ақтауға жат­пайтын 66 істің бәрі де кісі өлімімен аяқталғандар. Мәселен, Айжарқын Мұқатайдың (Ай­жа­рық хан) «қарақшылық» тобымен айыпталып, өлім жазасына кесілгендердің қата­рында Әзірбаев Абдулғазиз Кішекбайұлы (1903 жылы туған), Құлтасов Әбіш (1899 жылы туған), Өтебаев Исмағұл (1893 жылы туған), Үкібаев Балшықбай (1862 жылы туған, Ырғыз ауданы №2 ауылдан), Отарбаев Рәтжан (1906 жылы туған, Ырғыз ауданы №16 ауыл­дан) бар. Балшықбай Үкібаев 1930 жылдың наурызында ұлы Мақаналымен бірге Айжарқын «бандасына» қо­сылғаны үшін 1931 жылдың нау­рызында ұсталған.

1926-1929 жылдары Ақтөбе ок­ругінде 9 көтеріліс ошағы тір­келсе, қарсылықтың ең көбі Ырғыз, Ойыл, Қобда, Клю­чевой аудандарында болды. 1926-1929 жылы Темір ауданының аумағында Кеңес өкі­метінің ұжымдастыру сая­са­тына қарсы көтерілген «Же­кей-Назар» тобының ұйым­дас­тырушыларының бірі – Құлбатыр Жансүгіров (1875 жылы туған, Темір ауданы №16 ауылының байы) пен Жанаділов Еш (1874 жылы туған, Темір ауданы №29 ауылының молдасы) бірге сотталған. Бұл кісілердің кейінгі тағдыры белгісіз. 1930 жылы Қарақұмға қарай көшуге жұртты үгіттеген Ырғыз ауданы №13 ауылының ауқаттысы Төлебаев Хайрулланы (1882 жылы туған) Арал ауданында жасырынып жүрген жерінен 1931 жылы ОГПУ ұстап алған. Кеңес өкіметінің ұжымдастыру саясатына қарсы көтерілген Әбді, Арынғазиев-Аққошқаров, Би­жа­нов Рыспанның топ­та­­рындағы 51 адам қатаң жаза­ға іліккен. «Арынғазиев – Ақ­қош­­қаров то­бының» мүшесі ретінде айып­талған Ырғыз ауда­ны №15 ауылының адамы – ­Шол­­тықов Сандыбай (1872 жылы туған). Ключевой ауда­ны Көсем ауылының адамы Әбдіров Аманбай (1869 ж.) контрреволюциялық мақсаттағы «Әбді» тобын ұйымдастырғаны үшін 1937 жылдың 3 жел­тоқ­санында ату жазасына кесілді. Ал Ойыл ауданының №22 ауы­лында «панисламдық, кон­тр­революциялық ұйым» құр­ғаны үшін ату жазасына ке­сілген бай-молда Тоқ­ма­ғам­бетов Жақияға (1878 жылы туған) қатысты үкім­нің қай жылы, қай жерде орын­дал­ғаны туралы дерек жоқ.

 Жер аударылған поляктар

 Ақтөбе облысында 1940-1946 жылдары саяси сенімсіз, жер аударылғандарға арналған ГУЛАГ-тың үш лагері болды. Олар қазіргі Хромтау ауданы Дөң елді мекенінде, Кемпірсайда және Ақтөбе қаласында орналасты. 1943 жылы осы үш лагерьде 15 мың адам жазасын өтеді. Саяси сенімсіздігі үшін Ақтөбеге жер аударылған по­ляктардың дені Батыс Украина мен Бессарабиядан еді. Олар «Риббентроп-Молотов» келі­сімінің құрбандары. 1939 жылы Батыс Украина мен Молдавия Кеңес өкіметінің құрамына кіргенімен, 1941 жылы екінші дүниежүзілік соғыс басталысымен нацистік Германия басып алғаны тарихтан мәлім. Бұл жігіттер фашистердің қо­ластында жұмыс істейді. Соғыс аяқ­талған соң осы жерлер қай­тадан Кеңестер Одағына өткенде, енді «неміске қызмет еткендер» деп айыпталған мыңдаған адам Қазақстанға жер аударылады. Соның ішінде католик шіркеуін ұстағандар көп қудаланған. Ақтөбеге жіберілген тұтқындардың құжаттарына қа­ра­саңыз, көпшілігі 16-17-де­гі өрімдей жастар. Осы бай­ғұстар азаптың неше түрін бас­тан өткеріп жүріп, жалаңаш қол­дарымен қаладағы көп құ­рылысты тұрғызды, кен өн­дірді. Қазіргі Ақтөбе фер­роқорытпа зауытының пештерін салғандар да солар», дейді Рахым Бекназаров. Өңірлік комиссия ГУЛАГ-тың Ақтөбедегі түрмелерінде жазасын өтеген поляк, немістердің тізімін түгендеп, өмірбаяндарын қалпына келтіріп жатыр. Осы жұмыстан хабардар болған поляк тарихшылары ақтөбелік әріптестеріне бірлесе жұмыс істеуге ұсыныс жіберген.

Сталинград шайқасында қол­ға түскен Гитлер армиясының жауынгерлері де Ақтөбедегі ферроқорытпа зауытының дом­на пештерін, партия-кеңес қызметкерлері үшін Тұрғын үй қалашығын тұрғызды, кір­піш зауытын салды. Соғыс тұт­қындарының көпшілігі ауыр жұмыста жүріп қайтыс болды.

Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссиясында Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік уни­верситетінің магистр-докторантарымен қоса алғанда 25 тарихшы еңбектенуде. Жұмыс ауқымы өте көп, бір жылдың көлемінде бітетін шаруа емес дейді мамандар. Алдағы уақытта елге белгісіз болып келген осы істер бойынша диссертация тақырыптарын бекіту де жобаланып отыр.