Тамыз айының соңында Байзақ ауданында орын алған жарылыстан барлығы 176 жылжымайтын мүлік зардап шеккен. Оның ішінде 159 тұрғын үй мен 12 коммерциялық, 4 әлеуметтік және 1 инфрақұрылымдық нысан бар. Ал, 35 үй мен 12 коммерциялық нысан айтарлықтай бүлінген. Сондай-ақ 48 нысан бойынша қорытынды алынған.
Оқиға орын алған күннен бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыс зардаптарын жою туралы нақты тапсырма берген болатын. Президент тапсырмасына орай, бүгінде Байзақ ауданында бүлінген нысандарды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Оған 12 мердігерлік ұйымнан 22 бірлік техника мен 187 жұмысшы тартылған. Ал қазіргі кезде жеңіл зардап шеккен 124 тұрғын үй мен 3 әлеуметтік нысан толығымен қалпына келтірілген. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру бойынша барлық жұмыстар Мемлекет басшысының бақылауында екен. Сондай-ақ Президент пәрменімен құрылған Үкіметтік комиссияның тапсырмасы бойынша нысандарды тексеру және қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы органдардан бес жұмыс тобы құрылған. Жұмыс нәтижесінде сейсмикалық қауіпті жағдайдағы Жібек жолы ауылындағы №5 орта мектепке 150 орындық жаңа ғимарат салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Құрылысы қызу жүріп жатқан жаңа білім ошағы келер жылдың қаңтар айында пайдалануға беріледі деп жоспарланған. Жалпы, демеушілік есебінен 150 миллион теңгеге 127 нысан қалпына келтірілсе, айтарлықтай зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру үшін Үкіметтік қордан 1,2 миллиард теңге бөлінген. Ал қалпына келтіру жұмыстары биыл 30 қазанға дейін аяқталады. Бұл ретте Бердібек Сапарбаев зардап шеккен 87 әскери қызметшіге, төтенше жағдайлар департаменті мен прокуратура қызметкерлеріне облыс әкімінің резервінен жалпы 25,4 миллион теңге көлемінде көмек берілетіндігін айтты. Жалпы алғанда, өңірде төтенше жағдай зардаптарын жою, оқиғадан зардап шеккендерге қолдау көрсету жұмыстары жалғасуда.
Өкінішке қарай, Байзақ ауданында орын алған жарылыс салдарынан 17 адам қаза тапты. Бір адам әлі іздестірілуде. Бүгінде қайтыс болған әскерилер мен құтқарушылардың отбасыларына да тиісті барлық әлеуметтік көмектер көрсетілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай, өңірде марқұмдардың және олардың отбасыларының банктегі, түрлі қаржы ұйымдарындағы берешектерін өтеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда Үкімет, еліміздің Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Жамбыл облысының әкімдігі банктермен, сондай-ақ, өзге де қаржы ұйымдарымен бірлесіп, жарылыстан қаза тапқандардың отбасыларының борыштық жүктемесін азайту жөнінде шаралар қабылдады. Банктермен, микроқаржы ұйымдарымен және коллекторлық агенттіктермен жүргізілген жұмыс нәтижесінде қайтыс болған қарыз алушылар мен олардың жесірлерінің берешектерін толық көлемде есептен шығару жөнінде бірыңғай шешім қабылданған. Бүгінгі таңда 47 қарыз бойынша барлық берешектер өтелген. Бұдан бөлек, қаржылай көмектер де көрсетілген. Мәселен, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры және республикалық бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылған 14 отбасына 76 мың теңгеден 260 мың теңгеге дейінгі ай сайынғы жәрдемақы тағайындалған. Аталған жәрдемақы биыл қазан айынан бастап белгіленген. Бір айта кетерлігі, бұл жәрдемақының мөлшері отбасы асырауындағы адамдар санына қарай төленеді. Ал әрбір қаза тапқан азаматтың отбасына үкіметтік қордан 10 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсетуге жалпы 170 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінсе, облыстық бюджет есебінен әрбір отбасына 5 миллион теңге көлемінде материалдық көмек көрсетуге 85 миллион теңге қаралған.
Байзақ ауданында орын алған жарылыстан Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарындағы нысандар зардап шеккен. Бүгінде Қайнар ауылындағы 19 үйді, Жібек жолы ауылындағы 12 үйді және Үшбұлақ ауылындағы 4 үйді жөндеуге 250 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Ал Жібек жолы ауылына жаңа мектеп салуға 729 миллион теңге бөлінсе, бүлінген жолды қалпына келтіруге 35 миллион теңге көлемінде қаражат қаралады деп жоспарланған. Жарылыс аймағына ең жақын нүктеде орналасқан Қайнар ауылында қазіргі кезде 19 үй жөнделуде. Алайда екі-үш үйді қалпына келтіру жұмыстары өткен аптаның соңында ғана бастау алған. Бүгінде шатырларда тұрып жатқан тұрғындардың да үйлері қазан айының соңына дейін бітетін болады.
Қазіргі кезде Байзақ оқиғасына байланысты көптің көкейінде күрделі сұрақтардың туатыны анық. Мәселен, бөлінген қаражат барлық үйлерді қалпына келтіруге толық жете ме деген сауал. Үкімет тарапынан 1 миллиард 200 миллион теңге қаралған. Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, әрбір үйдің сметасы бекітілген, әрбір үйге қанша шығын келгені анықталған. Үйлердің де шығыны осы бөлінген қаражаттың ішіне кіреді екен. Әкім де ешқандай құрылыс компаниясы қаржысыз қалмайтынын айтып отыр. Сол сияқты оқиғаға кінәлілердің анықталуы да көптің көкейіндегі мәселенің бірі. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігі мамандарынан жасақталған тергеу тобы қазіргі таңда жұмыс атқаруда. «Қалай жұмыс бітеді, солай ресми түрде хабарланатын болады. Оқиғаның себебін, кінәліні сол кезде білеміз. Сондықтан жерлестерімнен ешқандай жалған ақпаратқа, лақап сөздерге сенбеулерін сұраймын. Ал нақты мәліметті арнайы құрылған штабтан алу керек», дейді Бердібек Сапарбаев. Сондай-ақ аймақтағы жарылыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен бір азамат та қазіргі кезде іздестірілуде. Әлі де іздеу шаралары жалғаса береді.
Жамбыл облысы