Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының миссиясы 2018 жылғы салыстырмалы талдау қорытындылары бойынша дәрілік заттарды реттеу саласында Институттық дамыту жоспарының нұсқауларын орындау барысымен танысу үшін Қазақстанға келді, деп жазады Egemen.kz.
Сапардың негізгі мақсаты — ДДСҰ Жаһандық бенчмаркинг құралының (ДДСҰ ЖБҚ) көмегімен Қазақстандағы реттеу жүйесінің мәртебесін айқындау және жүйенің кемелдік деңгейін бағалау.
ДДСҰ бағалауына сәйкес, Қазақстанның ұлттық реттеу жүйесі мүмкін болатын 4-тен 2-нің кемелдік деңгейін растады
Бенчмаркинг негізгі 8 индикатор бойынша өткізілді: ұлттық реттеу жүйесі, тіркеу және маркетингке рұқсат беру, фармакологиялық қадағалау, нарықты бақылау, лицензия беру, реттеу инспекцияларын өткізу, зертханалық реттеулер жүргізу, клиникалық зерттеулерді қадағалау.
ДДСҰ сапарының миссиясы — 2018 жылдан бастап түзету әрекеттерін орындаудан кейінгі нақты деректерді зерттеу, вакциналар реттелісін қадағалауға арналған бақылау көрсеткіштерінің шеңберін кеңейту, қалған қажетті іс-шараларды талқылау, сондай-ақ Қазақстандағы дәрілік заттар мен вакциналарды ұлттық реттеу жүйесін ресми талдауға арналған келешек қадамдар мен мерзімдерді келісу.
Жұмыс сапары барысында ДДСҰ өкілдері ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетімен және Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығымен, атап айтқанда, бірқатар кездесу мен талқылау өткізді. Бұдан бөлек, ДДСҰ сапарының қорытындылары бойынша ҚР ұлттық реттеу органын кемелденудің 3 деңгейіне жеткізудің Жол картасы әзірленді және бекітілді.
«Бенчмаркинг жөніндегі комиссиямен біз бірқатар маңызды тармақты талқыладық. Ол бойынша әрі қарай жұмысымызды жалғастырамыз. Біздің мақсатымыз — жүйені кемелдіктің келесі үшінші деңгейіне жеткізу. ДДСҰ ЖБҚ жіктеуі «тұрақты, жақсы жұмыс істейтін және ықпалдастырылған жүйе» деген мағынаны білдіреді. Сарапшылар бірқатар маңызды нұсқау ұсынды. Біздің қызметіміздің озық жақтарын жоғары бағалады. Келесі жылғы ДДСҰ сапарында жұмысымыздың нәтижелерін көрсетуге дайын боламыз», деп түсіндірді ДЗСҰО Бас директоры Еркен Дәутбаев.