Қазақ көркем ойының бір биігі, қанатты қаламгер, аға-дос Несіпбек Дәутайұлының өмірбаяны мен өнербаянына үңілген сайын оның «Мінез» деп аталатын әңгімесіндегі жазушы Хакімжанның: – «Қанша кітап жазсаң да өмір өз жолымен жүреді», деп қамықты ол. Толстойды айтам да. Адамдардан біртүрлі көңілі қалды. Өз үйінің терезесінен ұрланып қашып шыққанда, өзін бүкіл әлемнен қызғанған тас құйрық қатыны Софья Андреевнадан емес, көрсоқыр қоғамнан безді. Толстой – өзі сомдаған Анна Каренина тағдырының қайғылы жалғасы, аға. Ол да, Абай да, өзін өзі атып салған Хэмингуэй де ішінде өзіміз бар қалың нөпір баяғыдан көнген, әбден мойындап алған, айдауына жүрген көнбіс, көңілшек өмірге ешқашан сыймайтын азабы мен шері мол, шеңбірек атқан шерменде мінездер» – дейтін жері ойыма орала береді.
Тағы соған жалғасты: – «...Лермонтовтың түбіне жеткен қызғаншақтық мінез. Бекер обалы қане, Мартынов оған бірнеше жолы «отпен ойнама» деп ескертті ғой. Қайтесің, басы тым үлкен, мойны қылдырықтай, аяғы талтақ Лермонтов сұлу, сымбатты Мартыновтың балға жиналатын ақсүйек қыз-келіншектердің алдындағы биік мерейін өлердей қызғанып, солардың көзінше мазақтауын қоймады. Ол кездің еркектік өлшемінде дуэл – соңғы да сөзсіз шешім болатын. Рас, Лермонтов ұлы ақын. Алайда ұлылықтан да жоғары азаматтық ар-намыс, ар-намыстан от боп ойнап шығатын ойран мінез бар ғой» – дейді Хакімжан кейіпкер.
От боп ойнап шығатын ойран мінез... Хакімжан кейіпкер мен қазақтың қарағайдай жазушысы Несіпбек Дәутайұлы тұтасып жүре береді оқырман санасында. Шығарма шынайылығын да осы жерден іздеу керек шығар.
Ана бір жылы Несіпбек Дәутайұлының «Құдірет пен қасірет» романы жарық көргенде қанаттасы, қатарласы, сарабдал сыншы Бақыт Сарбалаұлы сүйіншілеп пікір айтып, мақала жазған. Сонда: «Несіпбек – қасиетті Қордай өңірінің перзенті. Сондықтан онда тастың бітімі, таудың мінезі бар. Мен оны оның шығармаларынан үнемі байқаймын. Мына жаңа романды оқып шыққанда да бұл бірден сезілді. «Ай, мына Досмағанбет – Несіпбектің нақ өзі ғой» – дедім ішімнен. Мен мұны өзіммен талай жыл араласып келе жатқандықтан, жеке басынан да жүріс-тұрысынан да адамдармен қарым-қатынасынан да қам-қарекеттерінен де көріп келемін», деп жазғаны бар еді.
Иә, Несіпбек Дәутайұлын сөз еткен әріптестері, болмаса оқырманы Шерхан Мұртаза ағамыз «Қордайдың қоңыр құлжасы» атаған жазушы шығармаларын оқуы керек. «Алма ағаштың бұтағы», «Ақ көгершін», «Көк көйлекті келіншек», «Әнім сен едің», «Айғыркісі», «Батыр» тағы басқа кез келген хикаят, әңгімелерін зер салып оқысаңыз «от боп ойнап шығатын ойран мінезді» кейіпкерге кезігесіз. Кезігесіз де Несіпбек Дәутайұлы дейтін тағдырлы да тамырлы суреткермен жүздесесіз. Жүздескенде ол саған: «Кез келген шынайы суреткер өзін жазады. Өз мені жоқ қаламгер – өлген қаламгер», деп өткір жанарын қадап, темекісінің түтінін көкке созып тіл қатады.
Болмысы бөлек, табиғаты тылсым, ой орманы оқшау Несіпбек ағамызбен сырласқан, сыйласқан бауырларының бірі едім. Аптасына бірер рет: «Қалайсың, Әке» – деп хабарласып қоятын. Қазақы әңгіме тиегін ақтарыла ағытқанда кәдімгі көркем дүние оқып отырғандай әсерленуші едім. Сол әңгімелердің дені елдік, бірлік, ауыл, ұлт, руханият төңірегінде екен. Қайтарынан бір күн бұрын Байзақтағы жарылыс туралы әңгімелестік. «Сұрауы болар, құзғындардан» – деп сәл налып тұрғандай көрінді.
Кейінгі күндері Несіпбек Дәутайұлымен арадағы ұзақ жылғы алғаусыз сырлардың, бір көзге көрінбейтін алтын арқаудың негізі болған сағаттар мен секундтар жан дүниемде жаңғырып жүр.
«...Қатар жүрген күндерді сыйлайықшы, біреу ерте біреу кеш бір құлайды», деп еді Кәкімбек ағам. Мынау жарық жалғанның бар түйіні осы екі жолға сыйып тұр ма, қалай?
Ендеше, әлі талай ұрпақ Несағаның көркемдік әлеміне бойлар, кейіпкерлері арқылы жазушымен сан сырласар, қаламгер болмысынан ғибрат алар.
... – Былай ғой, Ғалым – деді Несіпбек ағамыз бірде. Мен өзімнен ауылды көремін. Біз әуелі ауыл мінездіміз ғой. Мен Дулат Исабековтің «Ақырмаштан наурызға дейінін», Тынымбай Нұрмағамбетовтің кез келген әңгімесін, сосын марқұм Қалдарбек Найманбаевтың «Бәйгеторысын» қайтадан оқығым кеп тұрады. Оқысам ауылыма барып келгендей, ауылдағы баяғы аталар мен апаларды, ағалар мен жеңгелерді көргендей жүрек елжіреп, бауыр езілген күй кешемін.
Ауыл – қазақ қаламгерлерінің тағдыры. Әдебиетте классика деген ұғым бар ғой. Ақын-жазушы ретінде танылғандар, танылуға таяп қалғандарды былай қойғанда, газеттерді жағалап, мақалалар сүйкеп, оқта-текте төрт-бес шумақ өлеңдерін жариялап жүргендер де «Мен осы байқасам, классик екенмін ғой», деп көкіп отырады. Не сонда классика деген? Білмейді.
Классика, меніңше адам, ұлт тағдырынан туатын ақиқат. Соның көркем көрінісі, терең танымы.
Егер Э.Хэмингуэй «Шал мен теңізді» жазса, теңіз оның және ұлтының тағдыры. Шығармада сол тағдыр, адамның сол тағдырындағы өмір үшін жан алып, жан беретін тілмен айтып жеткізуі қиын ұлы күресі жатыр.
Ауыл да біз үшін сол сияқты. Мұны қаперге алмай түрлі іздермен эксперимент жасап қоямыз. Бұған қарап жаңа түр, тың мазмұн, бөлек ой айтпа деуге болмайды.
Бұл енді үлкен сұрақ.
Қаламгер жанары бір нүктеге қадалып алған. Қобызша боздап, абызша толғап отыр. Суреткердің көздерінде лезде ой мен мұңның керуені көшіп өткендей мені де бір тұңғиық тарта жөнелді. Қалтафонымның түймесін сырт еткізіп, арнасына түскен әдемі әңгімені жазып алуға оқталдым. «От боп ойнап шығатын ойран мінез» – мұның не, Әке – деп кіділене қалса қайтем? Серттеспесек те сеніскен ұзақ жылға дос-аға. Сыралғы сұхбаттас.
Енді мен сұраққа көшем:
– Сөйтіп сіз қазақ ауыл мінезді дейсіз, Нес-аға! «Ақ көгершін» повесіңізде бұл өзі кеңінен әңгіме болмай ма?
Жұрт ата-бабасынан бермен қарай мұра болып келе жатқан мекенді тастап кете алмай әбден қиналады ғой. Сіз сол шығармаңызда тоталитарлық жүйенің қазақы менталитетке түкірмейтінін астарлап айттыңыз.
– Иә, солай. Қайсыбір жылы Шерағаң – Шерхан Мұртазаның менің туған ауылым – Иірсуға барғаны бар. Кенен атама күйеу бала болған жылы ғой. Қордай ауданының сол кездегі әкімі Құрманғали Уәлі екеуміз Шерағаңды Кененнің Иірсудағы үйінің орнына апарайық дедік. Кезінде Кененді іздеп келіп, Жамбыл тәтем де түстенген Иірсу ғой бұл. Кейін Хрущевтің кезінде шағын шаруашылықтар іріленіп, жұрт бір орталыққа көшірілген соң Иірсу иесіз қалған. Бары – үйлердің тегістеліп кеткен орындары. Бірді-екілі ескі қыстау.
– Сол Иірсуға Шерағаңды бастап келдік. Иірсу – тау бөктеріне жақын басы кең, аяғы тарлауыт жыраны бойлап, ирелеңдеп ағатын жіңішке өзен. Соның жағасында 60-70 түтін от жаққан. Кенекеңнің үйі ауыл ортасындағы оймақтай ұлпа саздың жиегіндегі қызыл төбешіктің үстінде болатын.
– Соның орнына отырғызбаймыз ба, «Әй, қайын атамның орнына шығып кеткен жоқпын ба?» – дейді Шерағаңның көзі алайып.
Ол өзенді біраз бойлап жүріп, айнала төңірекке көз салып көбіне өзімен-өзі болды. Батысқа қарай әйгілі «Ойжайлауға» шығар қасқа жол жатты қасқайып, Оңтүстікке қарай Қордай асуының сілемдері, сонау-сонау төменде кезінде қырғыздың Манас жырында: «Қордайыңа жол салдым, Көлқопаңа қол салдым» дейтін ойпаң, солтүстігі – Аңырақай даласына асатын Құлжабасы, Қушоқы таулары, шығысы – Алматыға жетелеп әкететін ұшы-қиыры жоқ ми жазық.
Бұл ми жазық қайсыбір дәуірде Қобы аталатын дейтін Кенекең. Неге Қобы? Қобы деген не сөз? Соны сұрамаппыз.
Шерағаң бәрін сұрап тұр. Түс ауа жазушының туған ауылы Жуалыға жүріп кеттік. Екеуміздің езу жидырмай алма-кезек айтатын әңгімеміз көп болушы еді, бұл жолы шалың үнсіз. Жол ортадан ауғанда: «Шераға, үндемейсіз ғой» дедім. «Ойлап келем» – деді ол. «Нені?». «Иірсуды. Тәңірі оны бекер иір-иір етіп жаратпаған. Сендер соған ұқсайсыңдар. Сендерде әрі жайлы, әрі сұрапыл бір иірімдер бар».
Әрі қарай індеткені: Жойқын, асығыс өзендерді көп көрдім. Біздің Жуалыда мысалы «Теріс» дейтін өзен бар. Ағысы басқа өзендерге қарсы, тауға қарай. Ал Иірсу өзені сондай бір нәзік. Иірім-иірім. Дәл бір бұралып басып бара жатқан қырғи мүше келіншек іспеттес...
Маңдайы – көз ұшынан тау асатын қасқа жол, етегі кең жазира. Кенекең әндері... Кененнің әндері асқақ та шексіз кең, сан иірім... Бір кінәздік бар. Сірә, бүгінгі Кенен ауылының кешегі атамекені – Иірсуда өркениет атаулы, тұрмыстың мәдениеті о баста болған. Ол оның барлық өмір салаларын қамтыған.
Күнкерісін де, өнерін де... Кенен әндерінің алабөтендігі – осы мәдениетте... Кез келгеннің тынысы жете бермейтін самғау әуез, кілт тыйылмай иірім-иірім болып кете беретін сұлу саз, кінәз ырғақ... Асқақ. Оқшау. Дара. Дәл Иірсу өңірі өзен бойлап өрілген көш сияқты ауыл іспеттес ана...
Менің ойымша, ауыл – ұлт тұрмысының, оның менталитетінің халықтың ойлау, пайымдау, армандау, қиялдау, сондай-ақ азап-шерінің тағдыры, энциклопедиясы. Пейіл-ниеті, мақсат-мүддесінің бәрі осы жерден өріп шығады.
Психологиялық өзгерісі де. Қалаға он жеті жасында кеткен, содан ауылына оқта-текте соғатын қаламгер қанша талантты болса да, өзінің бастапқы табиғи тағдырынан айырылып қалғандықтан ауыл, оның адамдары жайлы ақиқат шығарма немесе мақала жаза алмайды.
– Нәке, анау Жюль Верн өмірі теңізді көрмесе де теңіз асты әлемін суреттеп керемет өлмес шығармалар жазған ғой.
– Дұрыс айтасың. Оныкі ұлы түйсік, таланты тудырған ғажайып қиял. Ауыл теңіздің асты емес, қазақ қаламгерлері Жюль Верн емес қой.
Тағы бір ақиқатымды айтсам, мен ешкімді ешқашан бөле жарған кезім жоқ. Менің Кенен ауылым мені осылай тәрбиеледі. Мен кешегі Кененге арнайы сәлем беру үшін Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов сияқты талай-талай алыптар келген ауылда өстім. Мен ең соңғы шайқасы Қордайда болған қазақтың соңғы қаһарман ханы Кенесарының ұлттың азаттығы үшін жан пида еткен ұлы ерлігіне тәнті болып, оған мақтанып әрі намысына өртеніп ес жидым. Жамбыл тәтеңді исі қазақ әлпештеп жүзге, Кенен атаңды тоқсанға жеткізді. Ұлы жүз емес, исі қазақ! Исі қазақсыз ұлттың ұшпаққа шығуы неғайбыл, исі қазақ билігін де ел-жұртын да бірдей алып қарап, бірдей құрметтеп, бірдей қолдап, сүйейтін сәт туды.
Исі қазақтың ХХ ғасырының рухани әлемі берген екі ерен тұлға – ұлы Абай мен заңғар Олжасының жасампаздығын жаһанға жайып отыратын кезең мынау.
Жаңа көзқарастардың алға шығатын мезгілі жетті.
Осы жерден әңгімеміз кілт үзілген. Қазақтың ғажайып суреткері Несіпбек Дәутайұлы темекісін құшырлана сорды. Бір нүктеге қадалған көзі темекі тұманы сейілсе сол нүктенің өзін жұтып қоярдай. Темекі тұқылымен бірге аға-достың ғұмыры қысқарып бара жатқанын ойлаппын ба ол кезде...
* * *
Енді аяқталмаған сұбхат-сырдың жалғасын оның кейіпкерлері айтатын болады.
Ендеше, «Мінез» әңгімесіндегі Хакімжан жазушыны тағы бір тыңдайық: – «Көрінген көген көз, көр көкірек ойлап жүргендей, талант дегеніміз – талғамсыз, тынымсыз жаза беру екен ғой деп пайымдаса, дүниені жабағы жүні түспеген, жадау-жадау сөздер мен ойран-ботқа ойлардың жазгерлері жауып қалады. Солай болып та жатыр қазір.
Қалбалақ қаңбақтарды қанкөбелек ойнатып, қарасын батырып, қаңғытып жіберетін қатты бір дауыл керек-ау. Мұндай қарғаны қанатынан сигізетін қаһарлы мінез қай тұста, қалайша қаңтарылып тұр».
Кейіпкердің монологынан Дәутайұлына ғана тән мінезді таныдым. Жазушы бақыты сонда. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Жамбыл облысының құрметті азаматы деп ресми тізбелемей-ақ, оның кез келген шығармасы заманымыздың сирек суреткері – Несіпбек Дәутайұлы екенін өзі айтып тұрады.
... Иірім-иірім Иірсу өзені. Кемел жайлау.
Кенен ән. Киелі су. Иірсудың иініне оқта-текте қонатын қараша қаздар биыл ертерек ұшып кеткендей ме?
Иірсудың иірімі...
Ғалым Жайлыбай,
ақын, Қазақстанның
еңбек сіңірген қайраткері