Былтыр Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Қанат Төсекбаев еліміздегі дәрігерлер тапшылығы, медицина қызметкерлерінің жалақысы, жұмыстан кетуі, шетелге көшуі туралы баяндаған еді. Әсіресе індет белең алған кезде Алматы, Ақмола, Атырау, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында медициналық кадрлардың жетіспеушілігі анық байқалды.
Жалпы, былтыр елімізде медицина қызметкерлерінің тапшылығы 5 201 маманды құрады. Ең жоғары қажеттілік – Қостанай облысында. Онда 624 дәрігер жетіспейтіні мәлім болды. Қ.Төсекбаев өткен жылы медициналық кадрлардың жұмыстан шығуының негізгі себептерінің бірі сыртқы көші-қон, яғни медициналық кадрлардың елден кетуі екенін атап өтті.
«Қазіргі кезде Қазақстанның бірқатар аймағында дәрігерлердің көшіп кетуі байқалады. Бұл аймақтар – Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қарағанды облыстары. Аталған үш өңір медициналық кадрлардың сыртқы көші-қон бойынша көш бастап тұр. 2017 жылы орташа есеппен 1 062 адам, 2018 жылы 1 225 кадр, 2019 жылы 1 212 қызметкер шетелге қоныс аударған. Диплом алған кадрлардың ішкі көші-қон да артып отыр», деді.
Ендеше, осы мәселе әлі де «қызыл аймақта» тұрған Алматы қаласында қалай шешімін тауып отыр? Сонымен орта медициналық қызметкерлерді даярлау үшін Алматы қаласының әкімдігі колледжде оқу үшін 391 грантқа қаржы бөлді. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз конференциясында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров баяндады.
Биыл қала әкімі Бақытжан Сағынтаев медицина кадрларының тапшылығын төмендету бойынша Жол картасын бекітті. Жол картасының іс-шаралары аясында өте тапшы дәрігерлік мамандықтар бойынша резидентурада оқу үшін 120 грантқа жергілікті бюджеттен қаржы бөлінді. Резиденттерді оқыту 1 қыркүйекте басталды.
«Медицина кадрларының тапшылығы коронавирус инфекциясын емдеуге арналған жаңа стационарлар – екі модульдік стационар және Дегдардағы Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы, сондай-ақ «Халық Арена» кешені және басқа да нысандар іске қосылған кезде туындады. Кейін індеттің төртінші толқыны кезінде екі жатақхана, қонақүй базаларында инфекциялық төсектік орындар ашылды, инфекциялық стационарлардағы жұмыс үшін төлемнің айырмашылығына байланысты МСАК ұйымдарынан инфекциялық стационарларға уақытша жұмысқа медицина кадрлары ауыстырылды», деді Е.Бабақұмаров.
Бүгінде тұрақталу қарқынына сәйкес КВИ-ді емдеуге тартылған көпбейінді стационарлар бұрынғы жұмыс ырғағына қайта оралған. Жоспарлы емдеуге жатқызу жалғасып жатыр.
2021 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша қалада дәрігерлер тапшылығы 215 бірлікті, орта медициналық персонал 400-ге жуық штаттық бірлікті құрады. Орта медициналық қызметкерлерді даярлау мақсатында колледжде оқытуға 391 грант қаржысы бөлінді.
Сондай-ақ КВИ-мен күреске тартылған қызметкерлерді ынталандыру бойынша іс-шаралар көзделген. Мамандар үшін 10 пәтер бөлінді, 300 жас маман «Алматы Жастары 3.0» тұрғын үй бағдарламасына қатысуға мүмкіндік алды.