• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Таным 08 Қазан, 2021

Батыр көтерген ту

405 рет
көрсетілді

Ертеде әкем Байділдә, Нағипа әжем, Сейітқасым көкем біздің әулетте ту болғанын, оны 1932 жылы аштықта елден ауарда Жыланшық бойындағы «Әден төре» деген жердегі Кенжебай атты әкеміздің терезе көсігі астына құрым киізге орап тыққанын айтып отыратын. Сол Жыланшықтағы атамекенге 1962 жылы оралдық.

1965 жылы мамыр айында Сейітқасым Жамбылұлының бас­шылығымен Кенжебайдың үйі­нің терезе көсігі астына тығып кеткен тудың жұрнағын таптық. Кенжебай атамыз ашаршылықта Оңтүстік жақта қаза болған. Ту­ды әуелде тығушы Кенжебай мен Сейітқасым. Сейітқасым – Аман­гелдінің сарбазы болған, шебер адам. Ашаршылықта Қарсақпай, Жезқазған, Созақ, Шымкент, Таш­кент, Тәжікстан барып – 40-жылдары Торғайға оралған. 1961 жылы атамекені Жыланшыққа оралып 1983 жылы 86 жасында қайтты. Балалары Арқалық қаласында тұ­рады. Бұл туды Кейкі батырдың ұстағаны да, көргені де даусыз.

Туды тапқанда ішінде Аман- ­келді батырдың жеке көмек­ші­сі, соғыс комиссары болған Сұлтан Бірәліұлы Бектасов, Байділдә Омар­ұлы, Саржан Мұқанұлы, Байзақ Байділдин болған.

Ұлт-азаттық көтерілісінде ұс­тал­ған ту табылғасын совхоз, ­аудан бас­шыларына хабарла­нып, рай­комнан Мұхитден және сов­хоз бас­шылары келген. Та­был­ған тудың матасы шіріген. Қыл­ша­шақ­тар (су сиырдың қылы еді дейді) аят жазылған құстың сүйектері табылған. Осы тудың жұрнағын Қостанайға, одан әрі Ақмолаға жібе­реміз деп алып кеткен еді. Міне, арада 45 жыл өтсе де еш дерек жоқ. Қостанай мұражайынан іздеуім нәтиже бермеді.

Ал Аманкелді батыр көтерді деген тудың көшірмесі Аманкелді ауданындағы тарихи мұражайда тұр. Түсі қызыл, арабша жазуы бар.

Осы ту жайлы талай зерттеу- ­шілер жазып, түрлі пікір мен деректер келтіріп жүр. Бірақ сол жазбалары шын тарихи құндылығы бар біздің әулет туына, яғни 1916 жылғы ұстаған туға келе бермейді.

Сол тудың жұрнағы табыл­ғаннан кейін оны алғашқы көрген Сұлтан, Сейітқасымдардың айтуымен түр-түсін қағазға түсірген адаммын. Әртүрлі акварельмен көлемі үлкен қағазға салып үйге іліп қойғанмын. Сол қарсаңда ту­дың хабарын естіп, Аманкелдінің мыңбасы Атамбектің Ыбырайы үйге келіп менің салған суретімді көріп: «Ой, қарағым! Туды айнытпай салыпсың, тура осындай болған» деп қуанған еді. Салған суретім сақталмаса да тудың сипаты әлі көз алдымда.

Тудың сипаты: матасы бір қа­ра­ғанда ақ түсті болғанымен, боз, көкшіл болып көрінетін құбыл­малы мата болған.

Ту төмен қарап салбырап тұра­тын, бетінде үш бөлек үш тұмарша болған. Әр тұмаршаның жиегіне аят жазылған құстың сүйегі бекі­тілген. Ал тудың мата жиегіне жағалай су сиырдың (теңіздегі су хайуаны) қылынан шашақ жасап ілінген. Тудың сабының ұшар басында көлемі шай кеседей алтын күмбезі болған. Ашаршылықта оны сатып жіберген.

1916 жылы туды Шыңғыс атты төре көтеріп шыққан. Осы кісінің туды көтеруі жайлы әкелеріміз айтып отыратын: халық топтасып көтеріліс дүрбелеңі басталғанда Шыңғыс атамыз түс көреді. Оған сен ақбоз атпен туды көтеріп шығасың деп түсінде аян береді. Осындай дүрбелеңде Көкшетаудан қашып көтерілісшілерге қосылуға келген жиырма шақты азамат Шыңғыстың үйіне түсіп, бірі қо­сар­дағы ақбоз атын сыйға тартады. Шыңғыс осы ақбоз атқа мініп туды көтереді. Бір соғыста оқ туға, Шыңғыстың үстіндегі киімдерге бірнеше жерден тиеді, бірақ денесін жарақаттамайды. Осы көріністі қарттар таңданып айтып отыратын.

Осы туды төрелер әулетінде Шә­кібай атты діндар атамыз, Қай­қы атты әжеміз ұстапты. Туды дәреті бар адам ғана ұстаған.

Босана алмай жатқан әйел­дер-­ дің үйіне туды алып табалды­рығынан аттағанда әйел босанған, малға індет болса, қораның бұры­шына ақ матаның үстіне таза жерге туды қойса, індет тоқтаған.

Шыңғыс төреден кейін туды Саржан Есенгелдин ұстаған.

Ту ұстаған Саржан өте қайрат­ты, батыл адам болған. Ту көтеріп тұрғанда қара санынан оқ тиіп, сол оқты кездігін отқа қыздырып отырып, аузына қамшының сабын тістеп өз денесінен өзі кесіп алған адам. 4-5 жылдан кейін жарасы асқы­нып өмірден өткен.

Саржанның баласы Темірғазы 2006 жылы 80 жасында Аманкелді ауданы орталығында дүниеден озды. Баласы сол ауданда тұрады.

Кейінгі кезде туға ие болушылар, біздің аталарымыздың туы еді деушілер кездесіп қалады. Тудың нақты кімнен жеткені белгісіз. Анық бір дерек – төрелер әулетінің туы екені анық. Сол туды кешегі Ұлт-азаттық көтерілісте Аманкелді Иманов көтеріп шыққан.

Ту не Кенесары ханнан, одан кейін елге келіп ағайынды арала­ған Кенесарының баласы Сыздық сұлтаннан, не Орта жүз билеушісі Қайып ханнан қалуы мүмкін.

Жалпы, жасыл түсті, құбыл­ма­лы ту Абылай хан әулетінде бол­ған. Ал Қайып хан Абылай хан­ның бәй­бішесінен туған баласы бола­тын.

Шындыққа қиянат жасауға бол­­­­майды. Туды 1932 жылы өз қо­лы­мен көм­ген, 1965 жылы мамыр айы­ның ба­сында өзі бас болып жас­тарға қаз­дырып алған төре Сейіт­қасым Жам­былұлы болатын. Сол туды көр­ген Хайдар Әлекешов Ар­қа­­лық­та, қазып алушы Байзақ Бай­­діл­­­дин Фурманов ауылында тұрады.

Туды 1960 жылы Жақып тауып тапсырды деп жалған жазылып, жаңсақ айтылып жүр.

Шындықты бұрмалап қиянат жасау – кешірілмес күнә. Бұл ту тек төрелер әулетінің туы ғана емес, барша азаттық үшін көтеріл­ген қалың қазақтың туы болатын.

 

Шөптібай БАЙДІЛДИН,

өлкетанушы