Белгілі ғалым, ұлағатты ұстаз Арстан Ғазалиев – бүкіл өмірін ғылым мен білімге арнаған жан. Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, Қарағанды қаласындағы ағарту жүйесінің негізін қалаушылардың және ұйымдастырушылардың бірі, белгілі педагог Мәулен Ғазалиевтің отбасында дүниеге келген Арстан Мәуленұлы мектеп жасынан білімге құштарлығын, еңбекқорлығы мен табандылығын көрсетті.
1967-1968 жылдары Днепропетровск пен Вильнюс қалаларында өткен химиядан оқушылардың Бүкілодақтық олимпиадаларына қатысты. Қарағандының №1 орта мектебін үздік бітіріп, С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің химия факультетіне оқуға түскен студенттік жылдары ғылымға ұмтылып, үйірмелерге белсенді қатысады, баяндамалар жасайды, Ленин атындағы стипендия иегері атанады. Кейін университеттің Органикалық химия кафедрасы жанындағы күндізгі аспирантураға түсіп, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
ҚазКСР ҒА корреспондент-мүшесі А.Ш.Шарифкановтың жетекшілігімен Органикалық синтез саласындағы кейінгі зерттеулерін бастауға мүмкіндік алады. Қарағанды мемлекеттік университетінде жұмыс істегеннен кейін ҚазКСР ҒА Органикалық синтез және көмір химиясы институтының ғылыми хатшысы етіп тағайындалады. Дәл осы ғылыми мекеменің қабырғасында талантты ғалым, белсенді ұйымдастырушы ретіндегі қабілеті кеңінен көрінді. 1987 жылы академик М.Ж.Жұрыновтың жетекшілігімен органикалық қосылыстардың электрохимиясы зертханасын ұйымдастырды. Ол нәзік органикалық синтез, табиғи қосылыстар химиясы, фармакология және кванттық химия тоғысындағы биологиялық белсенді заттар синтезі саласындағы жаңа ғылыми бағытты дамытты. Осы үдерістердің заңдылықтары мен механизмдерін жеткілікті зерттеу нәтижесінде 1991 жылы «Жаңа биобелсенді алкалоидтар туындыларының синтезі» тақырыбындағы докторлық диссертациясын қорғады. 1992 жылы одақтық Жоғары аттестаттау комиссиясы профессор ғылыми атағын берді. Осы жылы Ғылым академиясының үздік ғылыми жұмыс конкурсында АТ-Қорының медалі мен сыйлықтарына ие болды. 1994 жылы ҰҒА корреспондент-мүшесі, ал 2003 жылы ҰҒА академигі болып сайланды.
1996-1998 жылдары Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің бірінші проректоры лауазымында жемісті жұмыс істеген ол ҚарМУ тарихында химия ғылымдары саласында диссертациялар қорғау бойынша бірінші диссертациялық кеңес құрды. 1998 жылы ҰҒА Органикалық синтез және көмір химиясы институтына директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары болып оралады және жаңадан құрылған Ресей-Қазақстан заманауи гуманитарлық университетінің бірінші проректоры болып тағайындалады. 1999 жылы ҰҒА Орталық Қазақстан бөлімшесі төрағасының орынбасары және сонымен қатар ОСКИ директорының орынбасары болып бекітілді.
Нәзік органикалық синтез, алкалоидтар химиясы, фармакология және кванттық химия тоғысындағы биологиялық белсенді заттар синтезі саласында жаңа ғылыми бағыт құрғаны үшін А.Ғазалиев 2003 жылы еліміздің білім, ғылым және техника саласындағы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды.
2006 жылы Арстан Мәуленұлы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалды. Жаңа лауазымда оның барлық ұйымдастырушылық таланты көрінді. Оның басшылығымен ШҚМУ Қазақстанның жоғары оқу орындарының рейтингінде 17-орыннан 4-орынға көтерілді. Оның бастамасымен қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Сәрсен Аманжоловқа ескерткіш қойылды. 2007 жылы университет ғимаратының алдында Мемлекеттік хатшы Оралбай Әбдікәрімовтің қатысуымен салтанатты түрде ашылған ескерткіш кешені Өскемен қаласының көрікті жерлерінің біріне айналды. Өскемен қаласындағы Текстильщиктер даңғылы ұлы ғалым Қаныш Сәтбаев атындағы даңғыл болып қайта аталды. Урицкий көшесі Ұлы Отан соғысының батыры, партизан Қасым Қайсенов көшесі болып өзгертілді. Арстан Мәуленұлы Парламент Мәжілісінің депутаты С.Ферхомен бірге қала көшелерінің біріне ШҚМУ Панкратьев бағының негізін қалаушы Густав Вистениустің есімін беруге атсалысты. 1997 жылы басталған қоғам қайраткерлері мен ғалымдарын мәңгі есте қалдыру жөніндегі қоғамдық жұмысы осы күнге дейін толастаған емес. Ұстазы әрі тәлімгері академик А.Шарифқановтың есімі Алматы қаласында ұлықталса, Бұқар жырау ауданында Жыржыс қажының есімін ел есіне салған елеулі іс-шаралар атқарды. Сол сияқты ҚазКСР еңбек сіңірген мұғалімі, Ұлы Отан соғысының ардагері М.Ғазалиев, партиялық мемлекеттік құрылыс ардагері Н.Төлепов, ҚарМТУ алғашқы ректоры, Социалистік Еңбек Ері, академик А.Сағынов іспетті басқа да белгілі білім, ғылым және қоғам қайраткерлерінің мұраларын насихаттауға үлкен үлес қосты. Олардың атында ескерткіш-тақталар, аудиториялар, галереялар ашылып, көшелерге есімдері берілді, кітаптары жарық көрді.
2008-2016 жылдары А.Ғазалиев Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін табысты басқарды. Жоғары оқу орны оқу, оқу-әдістемелік, ғылыми және тәрбие жұмысын қоса алғанда барлық позиция бойынша қарқынды дамыды. Бірегей модельдер құрылып, ҚарМТУ тәжірибесіне енгізілді: Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың үлгісінде патриоттық тәрбие беру моделі «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын іске асыру шеңберінде әзірленген және университет студенттерін оқытудың барлық кезеңінде мемлекеттің қоғамдық-саяси қызметінің қазіргі заманғы педагогикасы мен практикасы әзірлеген интерактивті нысандары мен әдістерін ескере отырып, патриоттық тәрбиені кешенді жүзеге асыратын тиімді жүйе саналады. Модельдің ғылыми-әдістемелік базасы мемлекеттік және орыс тілдерінде шығарылған ЖОО-ның 230 өзекті әзірлемелерінің кешенімен ұсынылған. 2010 жылы Білім және ғылым министрлігі бұл модельді Қазақстанның 50 жетекші жоғары оқу орны мен бірқатар колледждеріне мемлекеттік және орыс тілдерінде 30 бейнефильмнен, 19 кітаптан және 17 компакт-дискіден ақпараттық-әдістемелік материалдар жиынтығы түрінде берді. Сондай-ақ Студенттік өзін өзі басқару, Ата-аналармен жұмыс, Жоғары оқу орнын басқару, Электронды университет, Техникалық және кәсіптік білім беру, Қосарлы білім беру, Корпоративтік университет модельдері жоғары оқу орнының жұмысын жан-жақты құруға мүмкіндік берді.
2011 жылдың қазан айында ҚарМТУ-дың Халықаралық қамқоршылық кеңесі ұйымдастырылды. Оның құрамына жетекші университеттер өкілдерінен, Ресей, Еуроодақ, АҚШ, Канада және Қытайдың танымал саяси және қоғам қайраткерлерінен, сондай-ақ трансұлттық корпорациялар мен Корпоративтік университет кәсіпорындарының бірінші басшыларынан 20-дан астам шетелдік мүше кірді. Халықаралық қамқоршылық кеңесі мүшелерінің көмегімен университеттің материалдық-техникалық базасы, ғылыми-өндірістік байланыстары мен имиджі нығайтылды. А.Ғазалиевтің бастамасы бойынша ҚарМТУ-да құрамына 7 ҒЗИ, 35 ҒЗЗ, 3 ғылыми-техникалық орталық, студенттік инновациялар орталығы, Қазақстан Республикасында бірегей инженерлік бейіндегі зертхана және «ПОЛИТЕХ» технопаркі кіретін интеграцияланған университеттік инновациялық ғылыми-техникалық кешен ұйымдастырылды, оның құрамында 6 ғылыми-зерттеу зертханасы және 4 инновациялық кәсіпорын жұмыс істейді. Кешенді ықшам орналастыру үшін ҚарМТУ-да жалпы ауданы 4 мың шаршы метр «Хай Тек» жоғары технологиялар аймағы құрылды. Университетте «Минералдық шикізат ресурстарын кешенді игеру» инженерлік бейіндегі сынақ зертханасы ашылып, табысты дамып келеді. ҚарМТУ жанындағы инженерлік бейіндегі сынақ зертханасының қызметі ҒЗЖ нәтижелілігі және оны өндіріске енгізу бойынша республикада үздік деп танылды. 2013 жылғы 20 маусымда инженерлік бейіндегі Сынақ зертханасының жобасы Ғылым және коммерцияландыру жөніндегі халықаралық кеңестің республикалық конкурсында жеңімпаз атанды және Халықаралық банктің 2 млн доллар мөлшеріндегі грантын алды. Нәтижесінде ҚарМТУ негізінде халықаралық Материалтану орталығы құрылды. ҚарМТУ ғылыми-техникалық кешенінің құрамында өнеркәсіптегі инновациялар мен инжинирингке бағытталған ҒЗИ табысты жұмыс істейді. Өнеркәсіптік экология ҒЗИ өнеркәсіптік газдарды кәдеге жаратудың бірегей технологияларын жасау және бағалы химиялық шикізатты алу саласындағы зерттеулер үшін корпоративтік университет мүшесі – Absalut Eсоlogy ЖШС-мен бірлесіп құрылды. ҚарМТУ негізінде Дәнекерлеу институты ашылды, ол халықаралық аккредиттеуден сәтті өтті және 2012 жылдың қазан айынан бастап кәсіпорындардың (Арселор Миттал Теміртау, Қарашығанақ Петролеум, Ерсай, Богатырь Көмір және т.б.) тапсырыстары бойынша дәнекерлеу жұмысшыларының, техниктері мен инженерлерінің бірінші легін дайындауды бастады. Жоба Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес француздық TOTAL мұнай-газ компаниясының бастамасымен жүзеге асырылды. 2016 жылы ашылған «Метан энергетикасының зертханасы» көмір қабаттарындағы метанды барлау және өндіру бойынша ғылыми негіздерді әзірлеу және ұсыныстар беру үшін негіз болды. Сонымен бірге ҚарМТУ-да жаңа құрылымдық бөлімшелер құрылды: заманауи компьютерлермен жабдықталған электронды оқу залдары, университет тарихының мұражайы толығымен жаңартылды, «Ш.Құдайбердиев атындағы тілдердің үштұғырлығы» орталығы және академик А.С.Сағынов атындағы «Білім мен ғылымдағы инновациялар» көрмесі ашылды. Болон декларациясының негізгі қағидаттарын студенттердің пәндерді еркін таңдауы, ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлықты қамтамасыз ету бөлігінде толыққанды енгізуді жүзеге асыратын Болон процесі департаменті құрылды. Сонымен қатар 16 инновациялық орталығы жұмыс істейді. Экономиканың нақты секторында талап етілетін өзекті бағыттар бойынша ғылыми зерттеулер, инжиниринг және мамандардың біліктілігін арттыру саласында инновациялық орталықтар құру университеттің білім беру және ғылыми қызметін дамытудың және «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асырудың маңызды бағыттарының бірі.
2009 жылдан бастап Арстан Мәуленұлының бастамасымен ҚарМТУ-да жыл сайынғы Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға университеттің негізін қалаушы Әбілқас Сағыновтың есімі беріліп, «Сағынов оқулары» деп аталады.
ҚарМТУ-дың халықаралық қызметі АҚШ, Канада, Ұлыбритания, Германия, Аустралия, Қытай, БАӘ, Пәкістан, Украина, Ресей және басқа елдердің жетекші университеттерімен ынтымақтастық туралы 160-тан астам меморандумдар аясында белсенді жүргізілді. Университетте АҚШ, Канада, Германия, Жапония, Франция, Швейцария және т.б. әлемнің 250-ден астам жетекші ғалымдары, оның ішінде әлемдік рейтингтің ТОП-10, ТОП-30 және ТОП-500 (Гарвард, Гонконг және Кливленд университеттері) құрамына кіретін университеттер өкілдері заманауи ғылыми зерттеулер бойынша дәрістер, семинарлар мен презентациялар өткізді.
ЖОО TEMPUS, Erasmus Mundus, СИНЕРГИЯ, ШЫҰ университеті халықаралық білім беру жобаларына қатысады. Бұл ретте ҚарМТУ Festo герман-аустриялық концернінің қамқорлығымен іске асырылатын бірегей халықаралық СИНЕРГИЯ жобасының (Қазақстан, Аустрия, Ресей) және «Энергетика» мен «Экология» өзекті бағыттары бойынша ШЫҰ негізгі ЖОО-ның Қазақстандағы жалғыз қатысушысы саналады.
Конфуций институтында 2011 жылдан бастап студенттер мен профессор-оқытушылар құрамы үшін қытай тілі мен мәдениетін зерттеу бойынша сабақтар өткізіледі. Сондай-ақ университетте лицензияланған бағдарламалық жасақтаманы, 69 компьютерлік сыныпты, соңғы буындағы 3500-ден астам компьютерді, 52 интерактивті тақтаны, 88 бейнепроекторды қамтитын заманауи ақпараттық-білім беру ортасы құрылды. Жоғары оқу орындары арасындағы республикалық электрондық кітапхананың ресурстарына ҚарМТУ профессор-оқытушылар құрамы әзірлеген 8 300-ден астам электронды оқу басылымдары енгізілген. Осы көрсеткіш бойынша ҚарМТУ Қазақстанның жоғары оқу орындары арасында бірінші орын алады. «EPAM Systems» Америка-Белорус фирмасымен бірге бағдарламашыларды мақсатты даярлау және IT-технологиялар саласында бағдарламалық өнімдерді әзірлеу бойынша мамандандырылған R&D-зертханасы ашылды.
Арстан Мәуленұлы студенттердің патриоттық және мәдени тәрбиесіне көп көңіл бөлді. Айталық, Әлімхан Ермековтің 120 жылдығына арналған конференция, «Қазақ мемлекеттілігін қалыптастырудағы Қазыбек бидің рөлі», «Төле би – қазақ халқының дана биі», «Ұлы дала ділмары – Әйтеке би», «Бұқар жырау – даланың данагөйі, бірліктің батагөйі», «Ұлы Отан соғысы XXI ғасыр жастарының көзімен» тақырыптарында жыл сайынғы конференция және т.б. өтті. 2016 жылы белгілі ақын және қоғам қайраткері, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының президенті Олжас Сүлейменовтің қатысуымен «Бейбітшілік эстафетасы – жастарға» республикалық антиядролық онлайн-форумы өтті. Форумға Қазақстанның 17 жоғары оқу орны қатысты. 2012 жылдан бастап Ректор балын өткізу жақсы дәстүрге айналды.
А.Ғазалиевтің басшылығымен университет кампусы түбегейлі өзгерді, барлық инфрақұрылымды күрделі жаңғырту жүргізілді. 2014 жылы «Студенттік тұрғын үй» президенттік бағдарламасы аясында салынған, 822 орынға арналған «Армандастар ордасы» жаңа студенттік жатақхана ашылды. 2015 жылы №6 корпус «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» әлеуметтік жобасы («Серпін-2050») бойынша оқитын студенттерге арналған «Серпіндестер ордасы» студенттік жатақханасы болып қайта құрылды. 2010 жылдың 29 тамызында ҚарМТУ бас ғимаратының алдында жарық-музыкалық субұрқақ ашылды. Субұрқақ құрылысы Қарағанды облысы әкімінің қаланы абаттандыру бағдарламасы аясында қысқа мерзімде жүзеге асырылды.
А.Ғазалиев білім беру, ғылыми және тәрбие бағытындағы 200-ден астам көрнекі стендтерді әзірлеу бойынша ауқымды жұмыс атқарды.
2012 жылғы 1 желтоқсанда мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев кезінде инженерлік білім негіздерін алған Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде сапармен болды. Нұрсұлтан Әбішұлы ЖОО-ның білім, ғылым және инновация саласындағы жетістіктерімен танысты, сондай-ақ оқытушылар ұжымымен және студенттік белсенділермен, өзінің курстастарымен және серіктестерімен кездесті. Құрметті қонақтар кітабына ол: «Мен осы оқу орнында – бүкіл Қазақстанға арналған инженерлік кадрлар ұстаханасында оқығанымды мақтан тұтамын», деп жазды.
Әлемдік білім беру кеңістігінде лайықты орны бар университет 2013 жылы «Ranking Web of World universities: Top 20000 world ranking» жаһандық рейтингінің деректері бойынша ҚарМТУ лайықты 2 385-орынды, оның ішінде Қазақстан бойынша 2-орынды иеленді. «Еурорейтинг-2013» рейтингінде қазақстандық ЖОО арасында лайықты үшінші орынға ие болды. Еліміздің Білім және ғылым министрлігінің рейтингінде ірі ұлттық университеттерден кейін ғана қазақстандық үздік ЖОО-лардың ТОП-30 жоғарғы қатарына енді. Тәуелсіз қазақстандық білім беру сапасын қамтамасыз ету агенттігінің бас рейтингінде еліміздің техникалық жоғары оқу орындары арасында үшінші орынға ие болды. 2010-2014 жылдары Ұлттық рейтинг нәтижесі бойынша ҚарМТУ-дың 14-17 мамандығы жыл сайын жүлделі орындарға ие болды. 2013 жылдың желтоқсан айында Университет 5 жыл мерзімге институттық аккредиттеуден сәтті өтті.
Осылайша, ҚарМТУ-дың қазіргі даму деңгейі мен жаңа жетістіктері академик Арстан Ғазалиев жүзеге асырған креативті идеялар мен бастамалар негізінде құрылады. Арстан Мәуленұлының басшылығымен қол жеткізілген жаңа уақыттағы университеттің жетістіктерін оның алғашқы ректоры, академик Әбілқас Сағынов басқарған университеттің даму ауқымымен ғана салыстыруға болады.
ҰҒА академигі А.Ғазалиев жас кадрларды даярлауға көп уақыт пен күш жұмсады. Оның ғылыми жетекшілігімен 2 ҰҒА академигі, 12 химия ғылымының докторы мен 46 кандидаты дайындалды, оның ішінде 1 Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, 2 Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты, 1 Тұңғыш Президент Қоры сыйлығының лауреаты, 1 ТМД елдерінің жас ғалымдарына арналған «Дебюттер достастығы» халықаралық сыйлығының лауреаты дайындалды.
«Еңбегі жоқ ғалым – ыстығы жоқ жалын» дейді. А.Ғазалиевтің көпжылдық шығармашылық қызметінің нәтижелері (Хирш индексі 6) 900-ден астам ғылыми еңбекте (оның ішінде 18 монографияда), мақалалар мен баяндамалар тезистерінде, 25 авторлық куәліктер мен патенттерде және Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарының оқу процесінде табысты пайдаланатын ҚР БҒМ грифі бар 11 оқулықта көрсетілген.
Еселі еңбек нәтижесін де көрсетті. A.M.Ғазалиевке 2000, 2006, 2008 және 2010 жылдары ғылым мен техникаға аса көрнекті үлес қосқан ғалымдарға арналған мемлекеттік ғылыми стипендия тағайындалды. «Құрмет» (2009) және «Парасат» (2015) ордендерімен, «Қазақстан Республикасының білім беру үздігі» (2000), «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін» (2001), «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» (2003), «Ы.Алтынсарин» (2007), «Көмір өнеркәсібінің құрметті қызметкері» (2010) төсбелгілерімен марапатталған. Сондай-ақ көптеген салалық және мерекелік медальдармен қоса «Ерен еңбегі үшін» (2013), «Еңбек ардагері» (2018) медальдарының, академик А.Скочинский атындағы тау-кен ісі саласындағы халықаралық сыйлық (2010) иегері. Қарағанды қаласының құрметті азаматы (2020) және Павлодар облысы Баянауыл ауданының, Қарағанды облысының Бұқар жырау және Осакаров аудандарының құрметті азаматы атанды.
2021 жылы А.Ғазалиев ұлы ғалым, академик Қ.И. Сәтбаевтың ескерткішін жасауға және Нұр-Сұлтан қаласында мемлекет қайраткері Ж.Тәшеневтің ескерткішін ашуға белсенді қатысты.
Бораш ТӨЛЕУОВ,
ҰҒА академигі,
химия ғылымдарының докторы, профессор