Елге індет енгелі денсаулық сақтау саласынан ақсау да байқадық, серпілісті де көрдік. Ковидті жеңу үшін бөлінген қаржыны бөліске сала алмай, берекесі қашқан ақ халаттылардың да бітіспес дауын біліп отырмыз. Иә, бетперде тағуды үйренгенімізбен, адами «бетперделер» шешіліп қалып жатты. Бұл бір бөлек тақырып... Ал медицинадағы серпіліс деп отырғанымыз, облыс орталығындағы ауруханалардың бірқатары жөндеуден өтіп, төсектік орындар саны артты. Жаңа құрылғылармен, жедел жәрдем көліктерімен қамтылды. Бірақ ауруханаға ауырып барған пациенттерге орын жоқ көрінеді. Бұл мәселе әлеуметтік желіде көтеріліп, журналистер қауымының назарын аударған.
Күні кеше ғана ауруханалардың босағасынан аттай алмай тұрған науқастардың бейнежазбасы тарады. Бос даурығу шығар десек, бейнежазбада бір емес, бірнеше дәрігер орынның жоқтығын ашық айтқан. Сонымен қатар облыста жедел жәрдемнің «тасбақа жүрісі» де жиі көтерілетін проблема.
– Қазанның 5-сі күні анам ауырып, жедел жәрдем шақырттық. Температурасы 38 градусқа көтерілді. Шақырған жәрдеміміз екі сағаттан соң әзер келді. Бірақ ауруханаға алмай кетті. Ертесі сүйретіліп, емханаға өзіміз барып, рентгенге түсірдік. Соның нәтижесімен ауруханаға барып едік, өкпенің 25 пайызы ғана зақымданғандықтан жатқызбайтындарын жеткізді. Науқастың жағдайына емес, пайызға қарайтыны түсініксіз. Қысқасы, салғырттық көп, – дейді Өскемен қаласының тұрғыны Назерке Сәлімбекқызы.
Осы тектес наразылықтарға байланысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков арнайы баспасөз конференциясын өткізіп, мән-жайды түсіндірді. Айтуынша, бүгінгі таңда Шығыс Қазақстанда 3 709 инфекциялық төсектік орын болса, ауруханаларда ұзын саны 720 адам емделіп жатыр екен. Пайызға шақсақ, төсек қорының 19 пайызында ғана науқастар жатыр. Өскеменде стационарларға 1 240 адамды орналастыру мүмкіндігі бар. Ал қазіргі уақытта 464 науқас қана ауруханаға жатқызылды. Облыс орталығының төсек қорының жүктемесі 37,4 пайызды құрайды.
– Әлеуметтік желілерде тараған бейне роликтің бірінде Өскемен қаласының ауруханасына Зайсаннан келген науқас туралы айтылған. Бейнематериалда дәрігерлердің оны ауруханаға жатқызудан бас тартқаны көрсетілген. Себебі клиникалық хаттамаларға сәйкес науқасты ауруханаға жатқызу көрсеткіштері болмаған. Әлеуметтік желіде тараған бейнематериалда мәселе толық көрсетілмеген. Стационарларымызда коронавирусты емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры бар, – дейді облыстың бас дәрігері Ермек Омарбеков.
Сонымен қатар диагностика жасау және емдеу хаттамасында белгілі бір ерекшеліктер бар. Соған сәйкес, кейбір пациенттерді үй жағдайында, енді бірін науқастарды стационар жағдайында емдеу қажет екен. Дәрігерлердің айтуынша, дене қызуы немесе басқа да белгілер пайда болса, бірден ауруханаға барудың қажеті жоқ. Тұрғылықты жері бойынша емханаға қоңырау шалып, учаскелік дәрігерді шақырған жөн. Жағдайы нашарлаған жағдайда, ауруханаға жатқызылады. Ал дәрігерлер тарапынан қандай да құқық бұзушылық орын алса, мәселені заңды жолмен шешуге болады.
–Егер пациентте медициналық мекемеге қандай да бір шағым болса, оның құқықтары бұзылғанын, ауруханаларда көрсетілген сенім телефондары бойынша, хабарлап айтуға болады. Бұдан басқа, облыстық денсаулық сақтау басқармасының 8(7232) 701-131 бірыңғай анықтама телефоны жұмыс істейді. Сондай-ақ шағымдармен әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгінуге болады, – деді Өскемен қаласының №4 қалалық ауруханасының бас дәрігері Сергей Попов.
Айтқандай, сенім телефонын біз пайдаланамыз ба? Қандай да мәселені әлеуметтік желіге жүктегеннен гөрі заңды жолмен шешіп көрдік пе? Алдағы уақыттарда осыған ұқсас дау туып жатса, сенім телефонының пәрменін бір тексеріп көруге болатын секілді.