Үш мың жылдық тарих, ондаған ірі империялар тағдыры, ұлы хандар ерлігі, батырлар мен билер тағылымы, білім мен ғылым саласындағы теңдессіз төңкерістер һәм ерекше философия мен мазмұнды мәдениет – мұның барлығы түркі әлемі және оның ғаламат тарихын айқындайтын айрықша бағыттар.
Ал түркі әлемі жайлы сөз болғанда әсте Түркістан шаһарының тарих қатпарындағы һәм жаңа заман бедеріндегі орнын айтпай кету әділетсіздік. Демек көне мен жаңаны өз ендігінде сәтті тоғыстырған тарихи шаһар Түркістанның түркі әлемінің саяси-экономикалық қана емес, мәдени-рухани өмірінде де алатын орны ерек. «Хабар» арнасының арнайы тапсырысымен түсірілген тележурналист Майя Бекбаеваның «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деректі фильмінің басты идеясы мен концепциясы да негізінен осы тұжырыммен тоқайласады.
Жақында «Хабар» арнасы арқылы көрерменіне жол тартқан айтулы деректі фильм көрушісін ең әуелі мазмұндық мәнінің тереңдігі һәм өзінің құрылымдық ерекшелігімен баурап алады. Тамыры тереңнен тарқатылатын көне шаһардың бай тарихын бейнелі тіл, шебер өрілген драматургиялық формада ұтқыр жеткізе білген түсірілім тобының ізденісі көңілге құрмет сезімін орнықтырды. Олай дейтініміз, бірнеше мыңжылдық тарихы бар қаланың тек бай шежіресіне бойлап қана қоймай, оны бүгінгі ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық сындарлы тарихымен егіз өріп, тағылымын тереңнен тарқата отырып, түркі әлемі биігінде байыпты бағдарлауы деректі туындының бейнелілік бояуын байытып, мазмұндық мәнін өзектендіре түскен. Мұны фильм авторы Майя Бекбаеваның өзі былай баяндады:
– «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деректі фильмі – Қазақстанның рухани брендіне айналған қала туралы имидждік жоба. Аталмыш туындыда біз көне шаһардың негізі қаланған күннен бастап бүгінге дейінгі қалыптасу тарихын жан-жақты қырынан көрсетіп, оның түркі әлеміне тигізген ықпалына тоқталғымыз келді. Түркістан – тарихшылар мен археологтер үшін қазынаның кені. Қаладағы көнеден жеткен тарихи ескерткіштер мен оның рухани құндылығы зерттеушілермен қатар туристердің де қызығушылығын тудыруда. Көне шаһардың жаңа заман стилінде қайта жасақталып, күн-түн демей жүріп жатқан тамаша архтектуралық туындылары түркі әлемі мемлекеттерінің ортақ мақтанышына айналды. Жыл сайын Түркістанға алыс-жақын шетелден мыңдаған турист келіп, көне қаланың бай тарихымен танысады. Оған түсірілім кезінде өзіміз де анық көз жеткіздік. Қала тек шетелдік туристер үшін ғана емес, тарихын танығысы келген кез келген отандасымыз үшін де қызық. Оның құндылығы, әсіресе, бүгінде тіпті арта түскендей, деген журналист әрі қарай пікірін нақты фактілермен тарқата тұжырымдады: – Түркістан атауы небір ұлы тұлғалардың есімімен байланысты. Соның ішінде, әсіресе, Арыстан баб пен Қожа Ахмет Ясауи тағылымы айрықша. Тарихи қаланың құндылығын үстеп тұрған да осы – Әзірет Сұлтан кесенесі. Бұл аңызға бергісіз құрылыс нысаны ХІV ғасырда Әмір Темірдің бұйрығымен салынған. Енді міне, 600 жылдан аса уақытты артқа тастап, киелі шаһар төріне сән берген әсем кесене маңайы жаңа құрылыс нысандарымен толығып, тарихи қала қайта түледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Түркістан бүгінде күллі түркінің бет түзер ортақ құбыласына айналды десек, артық айтқандығымыз емес. Менің байқағаным – бүгінгі Түркістанда көне тарихи ескерткіштер мен заманауи құрылыс нысандарының тамаша үйлесімі бар. Түркістан туралы түсірілген фильмдер көп емес, саусақпен санарлық қана. Сондықтан да «Хабар» арнасының көрермендері бұл туындыны асыға күтті. Әлеуметтік желіде жазылып жатқан пікірлерге қарағанда жасаған жұмысымыз жылы қабылданған сияқты.
«Әрбір халық, әрбір тәуелсіз мемлекет өзінің рухани орталығын нақтылап алуы керек. Қазақстанның рухани орталығы – Түркістан. Ол қазақ елінің рухани жүрегі» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірін негізге алар болсақ, киелі Түркістанның Қазақстан ғана емес, күллі түркі әлеміндегі орны айқындалып шыға келетіндей. Міне, осы идеяны басты тірек еткен фильм өн бойына негізінен құнды ақпараттар мен оны беруші мамандар, қоғам қайраткерлерінің ойларын сәтті сабақтап, тұщымды тұжырым түйеді: Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы!
Иә, шамшырағы қайта жанған шаһардың жаңа мыңжылдықтағы шежіресі де қайта жазылып, жаңа заман жастарының көзқарасы негізінде қайта жанданды. Осынау жауапты қадамның бір парасын аталған туындыдағы тұщымды талпыныстардан да айқын сезінгендей болдық. Әсіресе, ұлы ақын, Алаш арысы Мағжан Жұмабаевтың:
«Түркістан – екі дүние есігі ғой,
Түркістан – ер түріктің бесігі ғой.
Тамаша Түркістандай
жерде туған,
Түріктің Тәңірі берген несібі ғой» деген рухты идеясы бүгінде Тәуелсіз Қазақстанның еркін ойлы жастарының бағыт бұрар бағдарына айналғанына тамаша айғақ болатындай. Осы орайда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен 2018 жылдың 19 маусымында Түркістанға облыс мәртебесінің берілуі шын мәнінде тарихи оқиға болды. Күллі түркіге кие болған қасиетті мекеннің сол күннен бастап жаңа тынысы ашылып, шежіре тұнған шамшырағы қайта жанды. Ал Түркістан деген атау-ұғымның өзі жай ғана қала аты емес, Алаштың, қазақтың рухани түлеуі, жаңаруы, алға ұмтылуы деген мағынаны беретінін ескерсек, Түркістанның түлеуі – тәуелсіз Қазақстанның, қала берді күллі түркінің тарихынан ойып орын алатын елеулі оқиға екені даусыз. «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деректі фильмі көрерменіне осыны ұғындырды.