• RUB:
    5.17
  • USD:
    515.89
  • EUR:
    536.32
Басты сайтқа өту
Экономика 12 Қазан, 2021

Ұлттық жобаларды іске асыру – халықтың өмір сүру сапасын жақсарту

1799 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен 2021 жылғы қаңтар-қыркүйектегі республикалық бюджеттің атқарылу қорытындысы және мемлекеттік органдар ұсынған Ұлттық даму жобалары қаралды.

Экономика қалпына келе бастады

Бірінші мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экономиканың дамуы, ақша-кредит саясаты, республикалық бюд­жеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алу­лардағы жергілікті қамту туралы баяндады.

Мәселені қорытындылаған Үкімет бас­шысы Асқар Мамин ұлттық экономика сенімді қалпына келу қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Биылғы тоғыз айдың қорытындысы бойынша ІЖӨ өсімі 3,4% құрады. Экономиканы қалпына келтіруге дағдарысқа қарсы уақтылы қабылданған шаралар арқылы қол жеткізілді. Экономиканы жеделдетудің негізгі драй­вері – нақты сектордағы өндірістің тұрақты өсуі. Осылайша, өңдеу өнер­кәсібі өндірісінің көлемі 5,7%-ға өсті. Өсім машина жасауда – 22,8%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда – 31,6%-ға, локомотивтер мен вагондар өндірі­сінде – 50,5%-ға, құрылыс материалдары өнді­рі­сінде – 10,1%-ға, фармацевтикада – 38,1%-ға, пластмасса бұйымдары өндірісінде – 31,4%-ға, киім өндірісінде – 14%-ға, жиһаз өндірісінде – 14,9%-ға, дайын металл бұ­йым­дары өндірісінде 17,2%-ға жоғарылады.

Қызмет көрсету секторында карантиндік жеңілдіктер аясында сенімді қалпына келу байқалады. Сауда (+9,3%) және бай­ланыстағы (+13,0%) жоғары динамика есебінен өсу қарқыны 2,9%-ға жетті. Құ­рылыс 9,7%-ға өсті. 9 айда елімізде 10,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға артық.

Инвестициялардың өсуін қайта қалпына келтіру жалғасты. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың жоғары көр­сеткіштері құрылыста (+126,3%), өңдеу өнер­кәсібінде (+80,6%), саудада (+37,8%), ауыл шаруашылығында (+36,7%), жылжымайтын мүлік операцияларында (+18,9%), қаржы қызметінде (+15,6%), ақпарат пен байланыста (+14,3%) байқалды.

Биыл қаңтар-қыркүйек айларының қоры­тындысы бойынша Алматы, Ақмола, Жамбыл, Қостанай облыстары және Шымкент қаласы барлық 7 негізгі мак­ро­көрсеткіш бойынша, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Нұр-Сұлтан қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Ақтөбе, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстары және Алматы қаласы 5 көрсеткіш бо­йынша әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етті. Ең төменгі көрсеткіш Батыс Қазақстан облысына тиесілі.

Үкімет басшысы экономиканың өсу қарқынын арттыру және әртараптандыру, инвестициялар тарту және жұмыс орындарын құру, азық-түлік тауарлары бағасының өсуін тежеу жөніндегі жұмысты күшейтуді, сондай-ақ инфляцияға қарсы ден қою шаралары кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 Үкімет ұлттық даму жобаларын бекітті

Үкімет отырысында ұлттық жобалар қаралды, оларды биыл 24 қыркүйекте Реформалар жөніндегі жоғары кеңес отырысында Мемлекет басшысы мақұлдады. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов баяндама жасады.

350-ге жуық экспортшы Alibaba және Amazon сияқты ірі платформаларға шығарылады

Әсет Ерғалиев өзі басқаратын Ұлт­тық экономика министрлігінің мемле­кет­тік органдармен бірлесіп, 3 ұлттық жоба­ны әзірлегенін айтты. «Олар – «Қазақ­стан­дықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу», «Кәсіпкерлікті дамыту», сондай-ақ «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобалары. Аталған жобалар еліміздің 2025  жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспарын және Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бо­йынша жол картасын орындау мақсатында әзірленді», деді Ә.Ерғалиев.

Аталған бағыттарды іске асыру шең­бер­інде 6 міндет, 13 көрсеткіш және 55 іс-шара көзделген. Ұлттық жобаны қаржы­лан­дырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңгеге жеке инвестициялар тарту көз­де­ліп отыр. Ұлттық жоба 2025 жылға қарай тұ­рақ­ты экономикалық өсуді 5%-дан жо­ғары деңгейде қамтамасыз етуге бағыт­талған.

Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын тех­нологиялық жаңғырту бойынша шаралар қабылданады. Өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейтуге ықпал ететін 418 индустриялық жобаны іске қосу жос­парлануда. «Ұлттық жоба шеңберінде 1 мың белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы, сондай-ақ 350-ге жуық экспорттаушыны Alibaba және Amazon сияқты халықаралық электронды плат­фор­маларға шығару қамтамасыз етіледі», деді Ұлттық экономика министрі.  

Өңдеу өнеркәсібінің жоғары техно­ло­гия­лық өнімдерін шығару мақсатында 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ-химия зауы­тын пайдалануға беру жоспарлануда. Энергетикалық кешенді белсенді жаңғырту арқылы электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6%-ға жетеді.  Қабылданған ша­ралар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өнім­дерінің өндірісі 1,5 есеге артады. Шикі­заттық емес экспорт 2  есеге ұлғайып, 2025 жылы 41 млрд долларды құрайды. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына инвестицияларды 75%-ға арттыру жоспарлануда.

Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі шамамен 8,5 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюд­жетте 1 трлн теңгеден астам қаржы, ал жергілікті бюджеттерде 125 млрд теңге қарас­тырылған. Сондай-ақ, 7,3 трлн теңге сома­сына жеке инвестициялар тарту қамта­масыз етіледі.

 Ауыл шаруашылығының басым бағыттары қамтылды

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Агроөнеркәсіптік кешен­ді дамытудың 2021-2025 жылдарға арнал­ған ұлттық жобасы әзірленгенін айтты. «Ұлттық жобаны әзірлеу кезінде агро­өнер­кәсіптік кешенді дамытудағы жаһан­дық сын-қатерлер мен әлемдік тренд­тер, алдыңғы мемлекеттік және салалық бағдарламаларды іске асыру қорытын­ды­лары ескерілді. Ұлттық жобаны әзірлеуге халықаралық FAO ұйымының сарапшылары тартылды», деді Е.Қарашөкеев.

Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Ұлттық жобаның мынадай негізгі міндеттері айқындалды: еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру; отандық өндірісті негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету; өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жет­кізе отырып, агроөнеркәсіптік кешен өнімдерінің экспортын 2 есе ұлғай­ту; 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвес­ти­циялық жобаларды іске асыру есебінен 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру. Еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру мақсатына қол жеткізу үшін негізгі факторлар айқындалды.

 «Жасыл Қазақстан» өмір сүруге қолайлы орта құруды көздейді

Экология, геология және табиғи ресурс­тар министрі Серікқали Брекешев өздері әзірлеген «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы халықтың қолайлы өмір сүру ортасын құруға және елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталғанын, ол 4 негізгі бағытты қамтитынын айтты.

«Таза Қазақстан» атты бірінші бағыт атмосфералық ауаның сапасын жақсарту, қалдықтарды басқару және еліміздің су объектілерінің экожүйелерін сақтау сияқты негізгі экологиялық мәселелерді шешуге ықпал етеді. Бұл бағыт аясында 5 жылдың ішінде 16 ірі өнеркәсіптік кәсіпорында шығарындыларды 20%-ға төмендету жоспарланып отыр. Қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлектеп жинауға арналған 8 мыңнан астам контейнер орнату, сондай-ақ олардың үлесі мен кәдеге жаратылуын 18%-дан 34%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда. «Су объектілерінің экожүйесін сақтау бөлігінде «Сырдария өзені арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» жобасының екінші кезеңін іске асыру жоспарланып отыр. Балқаш көлінің бассейнінде орналасқан өзендердің су көлемі мен өткізу қабілетін ұлғайту шаралары қарастырылған», деді ол.

 Смартфондардағы мемлекеттік қызмет

Цифрлық даму және аэроғарыш өнер­кәсібі министрі Бағдат Мусин өздері әзірлеген «Цифрландыру, ғылым және инно­вациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру шең­берінде мына көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарланғанын айтты: интернет желісінің ену деңгейі, яғни пайдаланушылардың санын  91%-дан 95%-ға жеткізу; мемлекеттік қызметтерді 9 күннен 5 минутқа дейін уақытын қысқарту; бизнестен талап етілетін деректердің 50%-ын онлайн есепке алу және тағы басқа шаралар.

«Қызметтерді 5 минут ішінде көрсе­ту үшін ХҚКО-ларды жаңғыртуға/қайта фор­маттауға, мемлекеттік қызметтер­ді автоматтандыруға емес, өмірлік жағ­дай­лардың 80%-на дейін автоматтандыруға көңіл бөлеміз, 2025 жылға қарай олардың 50%-ын проактивті түрде іске асыруға ұм­ты­ламыз. Сондай-ақ смартфондарда мем­­лекеттік қызметтердің 100% қолжетім­ділігін қамтамасыз етеміз», деді Б.Мусин.

 2025 жылға қарай – 1000 мектеп құрылысы

Білім және ғылым министрі А.Айма­ғам­бетов өздері әзірлеген BILIMDI ŪLT баршаға арналған сапалы білім» ұлт­тық жобасы қоғам өкілдерімен, білім сала­­сының сарапшыларымен кеңінен талқы­лан­ғанын айтты. Ұлттық жоба Мем­лекет басшысының және Nur Otan пар­тиясының сайлауалды бағдарламасында белгіленген негізгі міндеттерді қамтыды. Жалпы ол 4 бағыт, 5 міндет, 15 көрсеткіш және 26 іс-ша­радан тұрады.

Бірінші міндет – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. «Ол үшін біз мектепке дейінгі ұйымдардың желісін дамытамыз, мемлекеттік тапсырыс ваучерлік қаржыландыру арқылы орналастырылады. Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасы шеңберінде барлық балабақшада баланы дамытудың жаңа моделі енгізіледі.

Нәтижесінде, 2025 жылға қарай 2-6 жас­тағы балаларды қамту 95%-ға жетеді, ал 3-6 жаста қамту 100% болады. Екінші міндет орта білім беру жүйесінің сапасын арттыруды қамтиды.  

Ал Денсаулық сақтау министрі А.Цой ведомство 2021-2025 жылдарға арналған «Саламатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» ұлттық жобасын әзірлегенін баяндады. Ұлттық жоба 4 бағыттан тұрады.

Мәселен, ұлттық жобаның бірінші бағытын іске асыру халықтың медициналық қызмет сапасына қанағаттануын 80%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

 Басты мақсат – ұлттық кодты сақтап, заманға бейімделу

Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаева атап өткендей, «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының басты мақсаты –  ғасырлар бойы қалыптасқан Ұлттық кодты сақтап, бүгінгі технологиялық заманның ағымына бейімдеп, болашақтағы өркениеттік сананың негізін бекіту.

Осы ретте Ұлттық жоба негізгі үш бағытта жүзеге асырылады. Бірінші бағыт екі негізгі міндетті көздейді. Бұл – ұлттық құндылықтарымызды ілгерілету және мемлекеттік тілді дамыту.  Бұл міндеттерді орындау үшін 2025 жылға дейін қаржылық жағынан негізделіп, өзара біріктірілген 38 ауқымды іс-шара мен 8 нақты көрсеткішке жету жоспарланған.

Екінші бағыт «Ел Рухы» деген атау­мен екі үлкен міндеттен тұрады. Бұл – ел ішінде мәдени қызметтердің сапасын көтеріп, халыққа қолжетімділігін арттыру және ел сыртында отандық мәдениетті дәріптеп, танымал ету. Атап айтқанда, 2025 жылға дейін: мәдени инфрақұрылымды дамыту мен шығармашылық потенциал­ды барынша арттыру арқылы мәдени қызметтердің еліміздің шалғай аудан-ауылдардағы қолжетімділігін 92,5%-ға дейін жеткізу; төл мәдениет пен өнеріміздің жетістіктерін әлемдік деңгейде ілгерілету үшін отандық өнімдерді шығармашылық және технологиялық тұрғыда таратудың тиімді жүйесін қалыптастыру.  Бұл мақсатта іріктелген 13 жалпыұлттық іс-шара мен 5 нақты көрсеткішке жету жоспарланған, оның ішінде 250 жаңа мәдени нысан салынып, 1 200 нысан күрделі жөндеуден өтетін болады.

Үшінші бағыт «Тәуелсіздік ұрпақтары» деп аталады. Ол жастардың рухани кемелденіп, кәсіби өсіп, қоғамдық жетілуін көздейтін үш ауқымды міндетті қамтиды.

Ұлттық жобаларды түсіндірудің маңызы зор

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қ.Келімбетов ұлттық жобаларды сапалы іске асыру ерекше маңызға ие екенін айтты. Осыған байланысты, Ұлттық жобаларды іске асыру мониторингі бойынша кеңсенің қызметін жандандыру қажет. Сапалы орындау үшін ұлттық жобаның кураторы деңгейінде әрбір ұлттық жоба бойынша апта сайын мониторингтік кеңестер өткізу қажет. Ай сайын Премьер-Министрдің төрағалығымен кеңестер өткізу ұсынылады.

Президент тапсырмаларына сәйкес, Өңірлерді дамыту жоспарларын бекітілген ұлттық жобаларға сәйкес жаңарту міндеті тұр. Бұл үшін орталық мемлекеттік және жер­гілікті атқарушы органдардың үйлесімді және жедел жұмысы талап етіледі. «Са­лаларды дамытудың тиісті тұжырымда­маларын жедел әзірлеу мен бекітуді қам­та­масыз ету маңызды. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты бастап кетті, 2021 жылғы 1 желтоқсанға дейін даму тұжырымдамасын бекітуді орынды деп санаймыз, ел Пре­зидентінің Жоғары Кеңестің отырысында берген тапсырмасына сәйкес ұлттық жобалар бойынша кең ауқымды ақпараттық науқан өткізудің де маңызы зор болады», деп түйіндеді Қ.Келімбетов.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. «Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыр­күйектегі Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобаларға көшуді қамтамасыз етуді тапсырды. Мемлекеттік жоспарлаудың жаңа жүйесін іске асыру аясында үлкен жұмыс атқарылды», деді А.Мамин.

«Тұрақты экономикалық өсу», «Кәсіп­кер­лікті дамыту», «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобалары, 2021-2025 жылдарға арналған агроөнер­кәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жоба, «Жасыл Қазақстан», «Цифрландыру, инновациялар және ғылым есебінен технологиялық серпіліс», «Білімді ұлт» сапалы білім беру», «Саламатты ұлт» әр азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау», «Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобалары биыл қабылданған Жалпыұлттық басымдықтарды, Ұлттық даму жоспары мен Ұлттық қауіпсіздік стратегиясын іске асыру үшін әзірленді.

Премьер-Министр ұлттық жобалар­да көзделген іс-шаралар Мемлекет бас­шысының тапсырмаларына және Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасында қойылған міндеттерге толық сәйкес келе­тінін атап өтті. Ұлттық жобаларды іске асыру экономиканың орнықтылығы мен бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырудың, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартудың факторына айналады. Қойылған міндеттерге қол жеткізу мақсатында ұлттық жобаларды бюджет қаражаты және жеке инвестициялар есебінен басым қаржыландыру көзделген.  

Үкімет басшысы жобалық тәсілдерді қолдана отырып, ұлттық жобаларды сапалы іске асыруды қамтамасыз етуді тапсырды.