Ескекаяқты құстардың қатарына жататын бұл бірқазан әдетте Балқаштың жағалауында кездеседі екен. Маңайында көл түгіл, көлшігі жоқ Белоусовка ауылына қайдан келгені белгісіз.
Өндірісі дамыған қала типті шағын кенттің айналасы аң жортып, құс шулайтындай жер емес. Ал «Қызыл кітаптағы» қоңыр бірқазан ауылдың дәл ортасына қалай тап болды? Тұрғындардың бірі қимылсыз отырған ерекше құсты көріп қалып, полицейлерді шақыртқан. Күдіктенсе керек. Өткен жылдары Шығыстың шекарасындағы ауылдарда қызыл иероглифті мөр соғылған көгершіндер кездескен. Сөйтсек, жарысқа қатысатын қолдың кептерлері екен. Тордан шығып, шекара асса керек.
Қоңыр бірқазан күзгі көші-қон кезінде қатарынан қалып қойған секілді. Тауып алған азаматтардың айтуынша, адамдардан қашуға әлі қалмаған. Полицейлер келе сала, сирек құсты сақтап қалу үшін ветеринария қызметкерлерін шақыртқан. Олар Өскемендегі ветеринарлық клиникаға алып кетіп, тексеру, емдеу жұмыстарын жүргізетіндерін айтқан.
Орнитолог, өлкетанушы Борис Щербаковтың айтуынша, «Қызыл кітаптағы» бұл бірқазан дене тұрқы жағынан ең кішкентайы. Салмағы әрі кеткенде 4,5 кило ғана тартады. Негізгі қорегі – балық. Суқұзғындармен бірге аулайды. Алайда суға сүңгу қабілеті жоқ. Жемін суға басын тығып жіберіп қана тауып жейді.
Айта кетерлігі, биыл жыл құсы болып бірқазан бекітілген. Қазақстан биоалуандықты сақтау қауымдастығы Қазақстанның құстарды қорғау одағымен бірлесіп, сирек құстарға назар аудару үшін жыл сайын «Жыл құсы» ақпараттық науқанын өткізіп келеді.