• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2014

Галицкое-Бөрілі арасы...

473 рет
көрсетілді

Облыстағы Успен ауданы Ресейдің Алтай өлкесі және Новосібір облысымен шекаралас жатыр. Сондықтан да аудан әкімі Айбек Солтанғазиновтың айтуынша, аймақаралық өңірлік байланыстардың шекаралық аудандарды өркендетуге қосар үлесі де мол. Яғни бірлесіп жұмыс жа­сау­ға мүмкіндік жеткілікті. Мыса­лы, Успен ауданының әр ша­руа­шылығы күнбағыс өсіріп, майын өндіреді. Ет пен сүт те мол, тіпті, күнбағысқа, ірімшікке, сарымайға, шұжыққа, үйрек пен қазға бай аудан саналады. Өнімдердің бар­лы­ғы да сапалы, ешқандай қоспасыз жасалғандықтан, таза, дәмді. Бұл күндері ауылдық ау­мақ­тарды дамыту бағдарламасы бойынша ауданға қарасты 22 ауылдың 13-і жоғары әлеуетті, 9-ы орта әлеуеттілер қатарына алыныпты. Енді әлеуетті ауылдар қатарын 18-ге жеткізу үшін аудандық әкімдік тарапынан жұмыстар жасалуда. Сонымен қатар, алдағы жылдарға арналған ауданның аумақтарын дамыту бағдарламасын іске асыруға бағытталған іс-шаралар жоспары әзірленуде. Жас та болса өткен жылдан бастап әкімдік қызметін бастаған Айбек Солтанғазиновке сенім мол. Сеніп тапсырылған қызметіне деген пысықтық, ши­рақтық байқалады. Негізгі жұмыс көзі ретінде ауылдарда күнбағыс майын өңдейтін, нан-тоқаш өнімдерін пісіретін цехтар, диірмен кешендерін ашу жобалануда. Бүгінгі күндері ауданда 22 945 ірі қара мал, 4 410 жылқы, 21 001 қой, 7 394 шошқа және 53 319 құс өсірілуде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 19 дайындау орны, сүт жинайтын – 15, ет дайындаумен айналысатын 8 орын жұмыс жасайды. Мал өсірушілерді қолдау үшін «Сыбаға» бағдарламасына ауданның 14 шаруашылығы қатысуға әзір. Бұған «Ауыл ша­руа­шылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 13 миллион теңге көлемінде несие қаражаты бөлінді. Сондай-ақ, ауданда ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту үшін «Галицкое» ЖШС-інде бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімі Қанат Бозымбаев ауданның тыныс-тіршілігімен танысып қайтты. Негізінен, аудан орта­лығы – Успен ауылында орта­лық­тандырылған су құбыры толық тартылып аяқталмаса да, Оль­гинка, Галицкое, Тимирязев ауыл­дары орталықтандырылған су құбырының игілігін көруде. Аудан әкімінің айтуынша, Семей мемлекеттік медицина институтымен келісімшарт арқы­лы алдағы жылы жас мамандар келмекші.Сонымен қатар, ауыл­дарда арнайы дәрігерлік бөлім­шелер салу қолға алынбақшы. Ауданда 400-ден астам шағын және орта бизнес кәсіпорындары тіркелген. Барлығы болмаса да, белсенді жұмыс жасап келе жатқан кәсіпорындар бірлесіп аудан әлеуетін жақсартуға үлес қосуда. Бизнестерін дөңгелетіп жолға түскен ауыл кәсіпкерлері бүгінде ресейлік кәсіпкерлермен бірлескен бизнес жүргізуге де дайын көрінеді. Мысалы, Константинов ауылында орналасқан Эвальдт Руфф басқаратын «РЭГТайм» шаруа қожалығы сүт және ет өнімдерін дайындайды. Бір ауысымда 10 тонна сүт өңделіп, одан 1 тонна ірімшік және сары май өндіріледі. Былтыр шаруашылыққа сүт өндірісін қолдау мақсатында мемлекеттен 2,4 миллион теңге көлемінде қаржы бөлініпті. Шаруашылық күнделікті ауылдарды аралап сүт жинайды. Сонымен бірге, аты облысқа танымал, құрамында мал азығын өндіретін шағын зауыт, тауарлы-сүт фермасы бар Александр Касицын басқаратын атақты «Галицкое» серіктестігі жұмыс жасайды. – Ал біздің осы Галицкое ауылында I аймақаралық кәсіпкерлікті дамыту жиынын өткізгеніміздің мәнісі, біріншіден, шекаралас аудандар бір-бірінің кәсіпкерлік қызметтеріне мүдделес болғаны екі жаққа да тиімді. Екіншіден, бұл көршілес аудандар кәсіпкерлері еңбектерінің жемісі. Үшіншіден, Кеден одағының мүмкіншіліктерін іс жүзінде көреміз. Төртіншіден, екі аудан кәсіпкерлерінің бизнестерін дамыту үшін жағдай жасау,– дейді А.Солтанғазинов бізбен әңгімесінде. Успен ауданында өткен бұл жиынға Алтай өлкесі Бөрілі ауданының басшысы Сергей Давыденко басқарған делегация мен Алтай өлкесінің Слав­город қаласының өкілдері келді. Біздің облыстан «ҚазАгро­Қар­жы» және «Ауыл шаруашылығын қар­жылай қолдау қоры» акционер­лік қоғамдарының облыстық бө­лім­шелерінің өкілдері, ауыл кәсіп­керлері шақырылды. Аудандық Мәдениет үйінде ауданның ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеде Ал­тайдағы бөрілілік қонақтарға «Двин» шаруа қожалығының жұм­сақ нан-тоқаштары, «Галицкое» ЖШС-нің ет пен сүт, «Тобылжан тұз өн­дірісінің» тұз өнімдері көрсе­тілді. Сөйтіп, бұл жиында ауыл­ша­руа­шылық тауарларының экс­порты мен импортына жол аша­тын өзара әріптестік тура­лы келісімшарттарға қол қойыл­ды. Успендік кәсіпкерлер Бөрі­лі­нің өнім өндірушілеріне өз жұ­мыстарын таныстырды. Мәселен, «Двин» шаруа қожалығы 10 мың бөлке нан шығарады. Ал «Галицкое» ЖШС-нің ди­рек­торы Александр Касицын серік­­тестік өсіретін дәнді дақыл­дар­ды көршілер шекарадан еш қиын­дықсыз өткізетінін, кәсіп­керлердің Алтай өлкесінен де келіп, сатып алатындарын жеткізді. Жергілікті кәсіпкерлік бөлімі шаруа қожа­лықтары, жеке кәсіпкерлер бойын­ша деректер негізін әзірлеп, оны ай сайын толықтырып отырады. Бұл негізге көршілес екі ауданның сатылатын немесе сатылып алынатын өнімдерінің атаулары ен­гізіледі. Мысалы, жеке кәсіпкер Гүлнәр Тұралинова егер бөріліліктер де біздер сияқты ет сатпақшы болса, онда малды өздері барып-көріп, сойып, бір барғанда 1,5-2 тоннаға дейін ет сатып алу мүмкіндігі бар екенін, Алтайдағы Құлынды даласында жайылған мал етінің дәмділігін успендіктер жақсы білетінін айтты. Ал Бөрілі ауданы әкімшілігінің басшысы С.Давыденконың айтуынша, жалпы, мәдени-әлеуметтік салалардағы ынтымақтастықтан экономикалық ынтымақтастыққа көшу екі аудан­ның қарым-қаты­насын нығай­тады. С.Давы­ден­коның мәде­ни-әлеу­меттік байланыстан деп отыр­ға­ны­ның бір себебі, успен­діктер өт­кен жы­лы қыркүйек айында Ал­тай өлке­сінің Бөрілі ауданынан ша­қыр­ту алып, сол жаққа барып қайт­ты. Бөрілінің Новосельское ата­ла­­тын ауылындағы Мәдениет үйін­­де «Қазақ халқының дәстүрлі мәде­ниеті орталығының» ашылуына қатысты. – Орталықта халқымыздың өт­кен өмірінен сыр шертетін көпте­ген сирек жәдігерлерді көріп таң­ғал­дық. Оны жинаған сол жерде тұрып жатқан байырғы қандас­тары­мызбен әңгімелестік, –дейді топ құрамында болған Қозыкеткен ауылының тұрғыны Төлеген Бая­нов. Успендіктер жаңадан ашылған орталыққа домбыра, қазақ тілін үйрену бойынша сөздіктер мен құралдар, Кереку-Ертіс өңірі жайлы энциклопедиялар сыйға тартыпты. Яғни, бұл екі елдің шекара бойында орналасқан аудандарының рухани-мәдени байланыстарын, инвестициялық, экономикалық әлеуеттерін арттыруға ауыл шаруа­шылығы және кәсіпкерлік, сауда саласындағы қарым-қатынастарын әрі қарай дамытуға мүмкіндіктері мол екендігін көрсетеді. Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан». Павлодар облысы, Успен ауданы.