• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Қазан, 2021

Дизель дағдарысы: Себеп пен салдар

1594 рет
көрсетілді

Өткен аптада Атырау облысына келген Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев бірнеше мәселеге назар аударды. Алдымен Жылыой ауданындағы «Теңіз» кенішіне барды. Мұнда Келешек кеңею-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасының құрылысы жүріп жатыр. Қазір аталған жоба аясындағы құрылыс-монтаж жұмыстарының 85 пайызы атқарылған.

Қазақстандық қамтуды көбейту керек

«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайонның мәліметінше, биылғы алты айда қазақстандық компаниялардан сатып алынған тауарлар мен қызмет түрлерінің құны 1,7 млрд долларды құрап отыр. Оның ішінде 1,2 млрд доллары Келешек кеңею-Ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару жобасына қатысты сатып алуларға жұмсалған. Жоба құрылысы басталғаннан бері отандық тауарлар мен қызмет түрлеріне жұмсалған қаржы көлемі 11,9 млрд долларға жеткен.

– Бұл жобаны іске қосу «Теңіз» кенішіндегі мұнай өндіруді жылына 12 млн тоннаға арттырып, жылдық өнімді 39 млн тоннаға жеткізеді. Жобаның жаңа нысандарын пайдалануға беру арқылы озық технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік ашылады. Өндірісті басқарудың жаңа үлгідегі біріккен орталығын ашу, сондай-ақ жақында іске қосылған өндірістік мәліметтерді толық оңтайландыруды көздейтін «виртуалды зауыттың» мүмкіндігін кеңейту жоспарланып отыр, – дейді бас директор Кевин Лайон.

Министр Мағзұм Мырзағалиевтің пікірінше, ұлттық экономика үшін «Теңіз» кенішіндегі бұл жобаның маңызы айрықша деуге болады. Сол себептен, компания басшылары қазақстандық қызмет түрлері мен тауарларды сатып алу ауқымын ұлғайтуды жетілдіруге тиіс.

– «Теңізшевройлдың» жобалары жылдар бойы ел экономикасының өркендеуіне оң ықпалын тигізіп келеді. Бірақ мәселе тек отандық кәсіпкерлікті дамы­туға қатысты емес. Компания жоба­ла­рының нәтижесінде технологиялар транс­ферті жүзеге асырылуда. Мамандар­дың біліктілігі артып, аймақтың инфрақұ­ры­лымы жаңғыртылуда. Жобаға тартылған жұмыс күшінің әлеуетін әлі де арттыру керек. Сондай-ақ кеніштегі жаңа жоба аясында алғашқы мұнайды жоспарланған мерзімде – 2023 жылдың соңына қарай алу қажет, – деді М.Мырзағалиев.

«Теңіз» кенішінде дер кезінде қол­ға алынған сақтық шараларының нәтижесінде Екінші буын зауыты (ЕБЖ)-Шикі газ айдау (ШГА) нысандарында күр­делі жөндеу жұмыстары жоспарлы мер­зімінен төрт күн бұрын сәтті аяқта­лып отыр. Күрделі жөндеу кезінде 6 400-ден аса қызметкер 1,4 млн адам-сағат жұмысты ойдағыдай атқарды. Оған түрлі инжинирингтік бағытта, атап айт­қанда, компрессорлар мен турбиналарды жөндеу, ауыстыру жұмыстарын жүргізген қазақстандық 36 компания тартылған. Қазір «Теңіз» кенішінде еңбек ететін 70 мыңнан аса қызметкер қауіпті вирусқа қарсы вакцинаның толық компонентін алып үлгерді. Бұл – кеніштегі еңбек күшінің 90 пайызы.

 Тапшылық неден туындады?

Энергетика министрі М.Мыр­за­ғалиевтің қатысуымен Атырау мұнай өңдеу зауытында өткен кеңесте дизель тапшылығына қатысты мәселе қозғалды. Бұған дейін зауытта өндірістік жоспарға және ішкі нарықтың сұранысына сәйкес –5 градуста қатпайтын маусымаралық дизель отынын шығару үшін технологиялық қондырғыларды дайындау басталған еді. Зауыттың бас директоры Арман Қайр­де­новтің мәліметінше, бұл өнім ауа температурасы 5 градустан төмендемейтін мау­сымаралық кезеңде тұтынуға арналған. Зауытта қайта жаңғырту жобасымен іске қосылған жаңа технологиялық қон­дырғылардың нәтижесінде 2019 жылы К4 экологиялық класына жататын дизельдің (ДТ-Е) осы түрін өндіру басталды. Ауа температурасы төмендеген кезде дизель оты­нының –15, –25, –32 және Khazar-38, Altay-45 секілді түрлерін шығару басталады.

Биылғы қыркүйекте Энергетика министрлігі ішкі нарықты дизель отынымен қамтудың күрделі жағдайына байланысты «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-мен бірлесіп, Атырау мұнай өңдеу зауытында жүргізілетін жоспарлы жөндеуді кейінге қалдыру туралы шешім қабылдады. Бұл ішкі нарықты дизель отынымен қамту үшін қолға алынып отыр. 

– Зауытта осы жылдың тоғыз айында 4 006 000 тонна мұнай өңделді. Осы кезеңде 935 738 тонна жанармай, 1 168 276 тонна дизель отыны шығарылды. Шикізаттық мұнайды өңдеу тереңдігі 76,06 пайызды құрады. Еліміздің ішкі нарығын дизельмен қамтамасыз ету мақсатында қондырғыларды жоспарланған жөндеуден өткізу мерзімі кейінге ауыстырылды. Жөндеу мерзімін ауыстыру жыл соңына дейін қосымша 82 251 тонна дизель отынын шығаруға мүмкіндік береді, – дейді А.Қайрденов.

Энергетика министрінің мәліметінше, ішкі нарықта дизель отынының тап­шы­лығына әсер етуші бірнеше фактор бар. Мәселен, биылғы қаңтарда Атырау мұнай өңдеу зауыты электр энергиясымен қамтуда проблема туындады. Сол себептен, зауыт өндірісі сәуірге дейін тоқтап тұрды. Нәтижесінде ішкі нарыққа 200 мың тоннаға жуық дизель отыны жеткізілмеді.

– Ал тамыз айында дизель отынына сұраныс арта бастады. Бұрын айына 400-420 мың тонна тұтынылса, бұл кезде сұраныс айына 520 мың тоннаға дейін өсті. Негізгі себеп – бағаның Ресеймен және басқа да көрші елдердегімен сәйкессіздігі. Айырма шамамен бір литрге 90 теңгені құрайды. Көкөністерді тасымалдау бас­талысымен транзиттік көлік ағыны артты. Мәселен, әр машинаға Қазақстан аумағына кіргенде тонна, елден шығар кезде тағы тонна құйылады. Сондай-ақ кері жолда тағы да екі рет жағармай құйып алады. Сонда бір көлікке 4 тонна дизель алынады. Бұл – жүргізушілер үшін әжептәуір үнемдеу. Нақтысында біз өз елімізді дизель отынымен қамтамасыз ете аламыз. Бірақ бағаның сәйкессіздігіне байланысты осындай ахуал қалыптасты. Біз Ресей Федерациясының энергетика министрімен байланысқа шығып, 100 мың тонна дизель отынын жедел жеткізу туралы келісімге келдік. Елімізге қазан айында алғашқы 30 мың тонна дизель жеткізілді. Бұл нарықтағы ахуалды тұрақтандыруға азды-көпті мүмкіндік берді. Рас, әзірге мәселе толық шешімін тапқан жоқ. Бірақ ілгерілеу бар, – деді М.Мырзағалиев.

 

Атырау облысы