• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
14 Ақпан, 2014

Бөденеден – бизнес

589 рет
көрсетілді

«Берейін бата асыңа, Амандық берсін басыңа. Бөденедей жорғалап, Қыдыр келсін қасыңа. Бар екем деп тасыма, Жоқ екем деп жасыма. Еңбек етсең ерінбей, Дәулет келер қасыңа». Бабадан қалған осынау бата бүгінгі біздің сөзіміздің мәнін толық ашатын тәрізді. Себебі, ел ішінде еңбегімен еленіп, ешкімге алақан жаймай, жұрт білмейтін кәсіптен нәсібін тауып жүрген кісі туралы айтпақ ойдамыз. Ол – Қайрат Ыдырысов. Бөденеден бизнес жасап отырған азамат. Кәдімгі дала құсы саналатын бөденені қолға үйретіп, оның жұмыртқасы мен етін сатып отырған адамды білесіз бе? Ал біз білеміз. Бір қарағанда жұдырықтай ғана құстың қолға үйретілуі, оның оймақтай жұмыртқасын сатып пайда табу күдік туғызатын да шығар. Дегенмен, қызылордалық Қайрат Ыдырысов дәл осы істі кәсіпке айналдырып, әжептәуір бизнес жасап отыр. Жалпы, бөденені қолға ұстау ықылым заманнан басталған сияқты. Өйткені, қытай мен жапон елдері аталмыш құсты ХІ ғасырдың өзінде қолға үйретіп, сән ретінде пайдаланған деректер кездеседі. Ал оның адам ағзасына келтіретін емдік қасиеті кейіннен ашылса керек. Қайраттың да бөдене бизнесі­мен айналысуы қызық. Туыс ағасы Жұмабек Игембаев осыдан біраз жыл бұрын ауыр нау­қастанып қалады. Бірақ аурудың шипасы табылмайды. Күндердің бір күнінде оның солтүстік өңір­лердегі танысы бөдененің жұ­мыртқасын жіберіп, жүйелі түрде ішу керектігін айтады. Содан жұ­мыртқаны ішіп бастайды ғой. Құдайдың құдіреті дерсіз, Жұ­ма­бек Игембаевтың ауруы осыдан жазылады. Ақыры, дос­тарымен ке­ңесе отырып, бөдене өсірумен өзі айналыса бастайды. Солайша, солтүстіктегі таныстарынан арнайы бөдене алдыртып, өсіріп, бірыңғай осы жұмысқа беріледі. Дей тұрғанмен, егде адамға бөдене өсіру де оңайға тимейді. Бұл өзі өте кінәмшіл құс екен. Аса нәзік көрінеді. Ерекше күтімі болмаса, тез өліп қалатынға ұқсайды. Не керек, ағасы Қайратты бөдене ісіне машықтандырады ғой. Осылайша, оның бөдене бизнесі басталады. – Елге елеусіздеу көрінетін бұл кәсіптің қыр-сырын меңгеру оңайға түскен жоқ. Алғашқы жылдары талай қиындықты бастан кешірдік. Бүгінде 1,5 мыңнан астам бөдене бағып отырмын. Өткен жылғы қыста газ бірер күнге тоқтап қалып, бөденелерімді қырып алған жағдай да болды. Қайтесің, аса қатты күтімі болмаса, өліп қалады. Сосын жазда Қарағанды, Алматы мен Шымкенттен 1200 жұмыртқа әкелдім. Өзімде бар 450 жұмыртқаны қосып, инкубаторға салдым. Соның 80 пайызы өнім берді. Жалпы, бөдененің жұмыртқасын 37,8 градус жылы жерде ұстаса, 17 күн ішінде балапан өріп шығады. Әйтеуір бастырған жұмыртқаның басым бөлігі мекиен болып шықты. Ең ғажабы, ұрғашы балапан 40-45 күнде жетіліп, жұмыртқалайды. Сондықтан мұны өзін-өзі толық ақтайтын кәсіп деп айтуға болады. Бірақ бөдене ерте қартаяды. Айналасы 1,5 жылдың ішінде кәдімгідей шау тартады. Жұмыртқалауын сиретеді. Ол кезде сойып, етін сатамыз. Ал әтешті 45 күннен кейін етке айналдыра беруге болады. Таңсық ас диеталық тағамға мұқтаж адамдарға таптырмайды. Өзге ірі қалалардың мейрамханалары үлкен тапсырыспен алады екен. Әл-әзір біздің қалада ондай болмай тұр. Негізі, ерте заманда бөдененің еті ақсүйектер жейтін ас болған екен. Өйткені, оның етінде хлостерин деген атымен жоқ, – дейді Қайрат. Бүгінде оның фермасындағы бөдененің жартысы жапондық «фараон» дейтін тұқымнан тұрады. Қалғандары маньчжур және Американың Техас штатынан шыққан ет бағытындағы бөденелер. Әлгінде бөдене жұмыртқасының емдік қасиеті бар деп қалдық қой. Айталық, ол қан аздығына, бас және тыныс жолдары ауруларына, өкпенің қабынуына, төмен және жоғары қан қысымын реттеуге, ағзаның қорғаныс қабілетін арттыруға, асқазан-ішек дерттеріне, бүйрек, бауыр мен өт жолдары және жүрек-қан тамыры ауруларына таптырмас ем екен. «Осы қалада қант диабетімен ауыратын бірнеше адам үнемі бөдене жұмыртқасын сатып алып отырады. Олар күнделікті жұмыртқа ішіп жүргендіктен өздерін жақсы сезінетінін айтады», дейді кейіпкеріміз. Мұнан басқа Шиелідегі уран өндірісінде жұмыс істейтін адамдар мен Байқоңыр қаласының тұрғындары да бөдене жұмыртқасын жиі алатындардың қатарынан екен. Қысқасы, бөдененің жұмыртқасы мың бір дертке шипа деген сөз. – Бұл құсты жылы жерде бағу керек. Сол себепті бөденехананың ішіндегі температураны +16 градустан төмен түсірмеймін. Бұған қоса, ауаның ылғалдығы да 75 пайыздан кем болмауы шарт. Сондай-ақ, 18 сағат бойына жарық қажет. Арнайы таймер арқылы жарықты уақтылы және үздіксіз беріп отыруға мүмкіндік бар. Ал қыста жылу +22 градуста тұрады. Әйтпесе, жұмыртқа беруі қиындап кетеді,– дейді Қайрат. Осының өзінен бөдене өсірудің машақатты жұмыс екенін байқаймыз. Ал мұндай іспен Қызылорда облысында жалғыз Қайрат Ыдырысов қана айналысады.  Бүгінде аталған бизнесті оның балалары да меңгере бастады. Елбасы биылғы Жолдауында «бизнес атадан балаға мирас болып қалатын мұра ретінде жалғасуы керек» деп еді. Сол айтқандай, бөдене бизнесі Ыдырысовтар отбасының ортақ кәсібіне айналып отыр. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». ҚЫЗЫЛОРДА.