Азаттық жолында жоңғарларға қарсы атқа қонып, асқан ерліктің үлгісіне айналған Райымбек батырдың ерлігі хақында бүгінде аңыздардан жеткен дерек көп. Батыр бабаның ғибратты шежіресі көптеген еңбектерге арқау болды. Райымбек батырдай біртуар тұлғаның, елі ұлықтаған әулиенің есімімен байланысты деректер мен дәйектер және басқа да дүниелер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қалалық Мәдениет басқармасының бастамасымен жарыққа шыққан «Киелі жолдың иесі – Райымбек...» атты академиялық жинаққа топтастырылды.
Алматы музейінде өткен тұсаукесер рәсімінде батыр бабамыздың ел мен жердің азаттығы жолындағы күрескерлік һәм қайраткерлік мұрасы хақындағы дәйектемелер дөңгелек үстел тақырыбына арқау болды.
Үш бөлімнен тұратын академиялық басылымда аты аңызға айналған Райымбек Түкеұлы туралы зерттеулер, эсселер мен мақалалар, ел аузында жүрген аңыздар һәм жыр-дастандар, белгілі ақындардың арнау өлеңдері, баһадүр бабаға қатысты фотосуреттер топтастырылған.
Жинақ ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Райымбек, Райымбек!» поэмасымен ерекшеленіп тұрса, Сабдалы жырау айтатын дастанның екі нұсқасы, жазушы Ж.Тұрлыбайұлының «Райымбек батыр» роман-дилогиясындағы фольклорлық мотивтер, сонымен бірге ақын, драматург, Нұрлан Оразалин, жазушы Бексұлтан Нұржекеев, тарихшы Мәмбет Қойгелді, жазушы-этнограф Нұрлан Сәрсенбаев, тағы да басқа авторлардың эссе, зерттеулері мен мақалалары, батыр жайындағы аңыздар, жыр-дастандар мен өлеңдер академиялық басылымды тақырыптық жағынан байыта түседі.
Алматы қалалық музейлер бірлестігінің үйлестіруімен қолға алынған жинақ осы ұжымның басшысы Әнуар Үмбетәлиев және мәдениет жанашыры, меценат Айнұр Жұмаштың демеушілігімен жүзеге асып отыр. Бас редакторы – Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының кеңесшісі, ақын Ержан Алаштуған. Е.Алаштуған өз сөзінде күні бүгінге дейін батыр баба туралы қандай еңбектер жарыққа шықса, соның барлығы осы ғылыми-танымдық академиялық жинаққа еніп отырғандығын жеткізді. Кітапты жинау барысында көптеген академиялық нұсқалар басшылыққа алынған. Ғылыми сараптама жасалып, дәйектемесі, ғылыми негіздемесі жоқ деректер қолданылмаған. Кітап суретші Шәкен Бөкентайұлының туындылары негізінде безендірілді.
Тұсаукесер рәсімінде осы жинақ авторларының бірі жазушы-публицист Жақыпжан Нұрғожаев жадында жатталып қалған батыр ерлігі хақында сөз қозғай келіп, «Мұқағали» журналының жарыққа шығуының тарихына тоқталып өтті. Осы игі бастаманың батыр бабаның туғанына 300 жыл толуы қарсаңында қолға алынғандығы жайындағы қызықты деректер қатысушылардың назарын аударды.
Өз сөзін оңтүстік астанадағы музейлер, кітапханалар ісінің жанданып келе жатқандығымен байланыстыра бастаған қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев батыр баба жайындағы еңбектің өскелең ұрпақ үшін қажет екенін, сонымен қатар ел азаттығы жолында күрескен қайраткер тұлғалар жайындағы басылымдардың көптеп жарыққа шығуы, кітапханаларда қолжетімді болуының маңыздылығына тоқталды.
Ақын, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бақыт Беделхан жинақты дайындауға атсалысқан редакция алқасының жұмысы жайында айтып өтіп, еліміздің тұтастығы жолында бұл барша Алашқа керек еңбек деп атап өтті. Кемеңгер көшбасшы, әділет туын асқақтатқан батыр баба жайындағы жинақтың қоғам үшін маңыздылығына тоқталған Жұлдыз Мұқағалиұлы, журналист Рысбек Сәрсенбаев осы игі іске бастамашы болған азаматтарға ризашылығын білдірді.
Тағылымды деректермен толыққан ғылыми-танымдық басылым арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттеріне, мектеп оқушылары мен қалың оқырманға арналып отыр.