• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 19 Қазан, 2021

«Киелі жолдың иесі – Райымбек...»

1093 рет
көрсетілді

Азаттық жолында жоңғар­ларға қарсы атқа қонып, асқан ерліктің үлгісіне айналған Райым­бек батырдың ерлігі хақында бүгінде аңыздардан жеткен дерек көп. Батыр бабаның ғибратты шежіресі көптеген еңбектерге арқау болды. Райымбек батырдай біртуар тұлғаның, елі ұлықтаған әулиенің есімімен байланысты деректер мен дәйектер және басқа да дүниелер «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қалалық Мәдениет басқармасының бастамасымен жарыққа шыққан «Киелі жолдың иесі – Райымбек...» атты академиялық жинаққа топтастырылды.

Алматы музейінде өткен тұ­­­саукесер рәсімінде батыр баба­мыздың ел мен жер­дің азаттығы жолындағы күрес­керлік һәм қай­рат­керлік мұрасы хақын­дағы дәйектемелер дөңге­лек үстел тақы­ры­бына арқау болды.

Үш бөлімнен тұратын акаде­мия­лық басылымда аты аңызға айналған Райым­­бек Түкеұлы туралы зерттеулер, эсселер мен ма­қалалар, ел аузында жүрген аңыздар һәм жыр-дастандар, белгілі ақындардың арнау өлең­дері, баһадүр бабаға қатысты фотосуреттер топтастырылған.

Жинақ ақиық ақын Мұқа­ғали Ма­қа­таевтың «Райымбек, Райым­бек!» поэмасымен ерек­шеленіп тұрса, Сабдалы жырау айтатын дастанның екі нұсқасы, жазушы Ж.Тұрлыбайұлының «Райымбек батыр» роман-дилогиясындағы фоль­клорлық мотивтер, сонымен бірге ақын, драматург, Нұр­лан Ора­­­­­за­лин, жазушы Бек­сұлтан Нұр­­жекеев, тарихшы Мәм­бет Қой­­гелді, жазушы-этног­раф Нұр­лан Сәрсенбаев, тағы да басқа авторлардың эссе, зерттеулері мен мақалалары, ба­­тыр жайындағы аңыздар, жыр-дастандар мен өлең­дер академиялық басылымды та­қы­рыптық жағынан байыта түседі.

Алматы қалалық музейлер бірлес­тігінің үйлестіруімен қолға алынған жинақ осы ұжым­­ның басшысы Әнуар Үм­бетәлиев және мәдениет жанашы­ры, меценат Айнұр Жұмаш­тың демеу­шілігімен жүзеге асып отыр. Бас редакторы – Қа­­­­зақстан Жазушылар ода­ғы төрағасының кеңесшісі, ақын Ер­жан Алаштуған. Е.Алаш­туған өз сөзінде күні бүгінге дейін батыр ба­ба туралы қандай еңбектер жа­рық­­қа шықса, со­ның барлығы осы ғылыми-та­нымдық академиялық жи­наққа еніп отырғандығын жет­кізді. Кітапты жинау барысында көп­теген академиялық нұсқалар басшылыққа алынған. Ғылыми сараптама жасалып, дәйектемесі, ғылыми негіздемесі жоқ деректер қолданылмаған. Кітап суретші Шәкен Бөкентайұлының туындылары негізінде безендірілді.

Тұсаукесер рәсімінде осы жинақ ав­­торларының бірі жазушы-публицист Жақыпжан Нұрғожаев жадында жатталып қалған батыр ерлігі хақында сөз қозғай келіп, «Мұқағали» жур­налы­ның жарыққа шығуының  тарихына тоқталып өтті. Осы игі бастаманың батыр бабаның туғанына 300 жыл толуы қар­саңын­да қолға алынғандығы жайын­дағы қызықты деректер қа­тысушылардың назарын аударды.

Өз сөзін оңтүстік астанадағы музейлер, кітапханалар ісінің жанданып келе жатқандығымен байланыстыра бастаған қалалық Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев батыр баба жайындағы еңбектің өскелең ұрпақ үшін қажет екенін, сонымен қатар ел азаттығы жолында күрескен қайраткер тұлғалар жайындағы басылымдардың көптеп жарыққа шығуы, кітап­ханаларда қолжетімді болуының маңыздылығына тоқталды. 

Ақын, Қазақстан Жазушылар ода­ғы басқарма төрағасының орынбаса­ры Бақыт Беделхан  жинақты дайын­дауға атсалысқан редакция алқасының жұмыс­ы жайында айтып өтіп, еліміздің тұтастығы жолында бұл барша Алашқа керек еңбек деп атап өтті. Кемеңгер көшбасшы,  әділет туын асқақтатқан батыр баба жайындағы жинақтың қо­ғам үшін маңыздылығына тоқталған Жұл­дыз Мұқағалиұлы, журналист Рысбек Сәрсенбаев осы игі іске бастамашы болған аза­маттарға ризашылығын білдірді.

Тағылымды деректермен то­лық­қан ғылыми-танымдық басылым арнаулы және жоғары оқу орындарының студенттеріне, мек­теп оқушылары мен қалың оқырманға арналып отыр.