• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 19 Қазан, 2021

Спорт жаңалықтарына шолу

240 рет
көрсетілді

СКА-ны да буллитте сүріндірді

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) өнер көрсетіп жүрген Нұр-Сұлтанның «Барысы» сырт айдындағы кезекті тур ойынын Санкт-Петербургтің СКА ұжымымен өткізіп, қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді.

Бірер күн бұрын Қытайдың «Куньлунь Ред Стар» клубынан шайбалы хоккейдегі пенальтиден басым түскен жерлестеріміз кешегі ойында да сол ерліктерін қайталады. Санкт-Петербургтегі «Мұз сарайында» 3500-ге жуық жанкүйердің қолдауымен өткен матч­тың негізгі уақыты 3:3 есебімен тең аяқталды. Алғашқы кезеңді тәуір бас­таған жерлестеріміз кездесудің 6-минутында есеп ашты. Даррен Дицтен пас алған Кирилл Савицкий ҚХЛ-дағы алғашқы голын соқты.

Екінші кезеңде мұзайдынға жиналған көрермендер бес голдың куәсі болды. СКА құрамынан Валентин Зыков, Антон Бурдасов және Эмиль Галимов мергендігімен көзге түссе, «Барыс» сапынан Никита Михайлис пен Роман Старченко бір-бір гол соқты. Үшінші кезеңде таблодағы есеп өзгеріссіз қалып, кездесу овертаймға ұласты. Бұл кезеңде де жеңімпаз анықталмаған соң, хоккейшілер буллит сериясында бақ сынады. Онда қарсыластарына қарағанда, дәлдік танытқан «Барыс» ойыншылары жеңіске жетті. Енді жерлестеріміз бүгін Минскіде «Динамомен» кездеседі.

 

 

Қазақстан – үздік төрттікте

Еуропа футбол қауымдастығының одағы (УЕФА) футзалдан ұлттық құра­малардың жаңартылған рейтингін жариялады.

Үздіктер көшін жеті дүркін әлем бірін­шілігінің жеңімпазы, екі мәрте Еуропа чемпионы атанған Испания құрамасы бас­тап тұр. Екінші орынға Ресей құрамасы жай­ғасқан болса, жуырда ғана Литвада өткен әлем чемпионатында топ жарған Пор­тугалия рейтингте үшінші орынға көтерілді.

Ал Литвада тарихи нәтиже көрсетіп, төртінші орын алған Қазақстан құрамасы Еуропа рейтингінде де 4-орынға тұрақтады. Еске сала кетейік, жерлестеріміз жаһандық біріншіліктің жартылай финалында болашақ әлем чемпиондары Португалиядан жеңілсе, үшінші орын үшін өткен бәсекеде әлемнің бес дүркін чемпионы Бразилияға есе жіберген еді.

 

 

Әлем кубогына қатысатындар анықталды

Алдағы бейсенбі күні Қытайда шорт-тректен 2021/22 жылғы маусымның шымылдығы түріледі. Бейжіңдегі Әлем кубогының бірінші кезеңі 21-24 қазан аралығында өтеді.

Биылғы Әлем кубогының кезеңдері 2022 жылғы Бейжің Олимпиадасына іріктеу турнирі саналады. Сондықтан барлық спортшылар үшін бұл бәсекенің маңызы зор. Қазақстанның Ұлттық Олимпиада коми­тетінің мәліметі бойынша, Әлем кубогының бірінші кезеңінде Қазақстанның ерлер құрамасынан Абзал Әжіғалиев, Еркебұлан Шамұханов, Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша, Мерсаид Жақсыбаев, Нұртілек Қажығали, ал қыздар бәсекесінде Ольга Тихонова, Мәдина Жанбосынова, Алена Волковицкая, Яна Хан, Әлия Әмірғалиева және Әсел Тайшыманова бақ сынайды.

Мәдіғали Қарсыбеков жаттықтыратын Қазақстан командасы бүгінде Бейжіңде соңғы дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр.

 

 

Дайындаған Әли БИТӨРЕ