Мектеп жасына жете қоймаған бүлдіршіндердің ой-өрісінің дамуы мен ұлттық таным-түсінігінің кеңеюіне ықпал ететін «Жеті ойыншық» жобасының алғашқы ойыншықтары өңірдегі 40 балабақшаға жетті.
Ерасыл Сәкенұлының авторлық бағдарламасымен қолға алынған осы жобаны Білім және ғылым министрлігі балабақшаларға оқу-әдістемелік құрал ретінде пайдалануға рұқсат берді. Ақтөбедегі Шығармашылық академиясында өткен ұлттық ойыншықтардың көрмесінде «Жеті ойыншық» топтамалары таныстырылды. Жеті бағытты қамтыған ойыншықтарға сиқырлы сандар аймағы («Зияткер»), өмірлік дағдыларды қалыптастыру («Ұлы дала ұланы»), сенсомоторлық аймақ («Зерделі ұрпақ»), шығармашылықты дамыту («Ұлы дала сазы»), жаратылыстану («Ғажайыптар әлемі»), тіл дамыту («Тіл – қазына»), туған жер тарихы, этномәдениет («Ұлы дала ұлағаты») топтамалары кіреді. Мұнда қоршаған ортаның элементтері ойыншықтар тілімен түсіндіріліп, баланың таным көкжиегінің артуына ықпал етіп қана қоймай, командада жұмыс істей білуге үйретеді. Мәселен, құрастырмалы киіз үй, шаршы тақтайдағы төрт түліктер жарысы, оюлар бейнесіндегі түрлі мозаика, құрастырмалы домбыра, қобыз, жетіген, сазсырнай құр ойыншық қана емес, алуан түрлі әуендер шығаратын кәдімгі аспаптар. Тек көлемі кішкентай әрі сәбидің таным-түсінігіне сай жасалған.
Ұлттық ойыншық жобасы авторларының бірі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Фатима Жұмабекова мектепке дейінгі білім мекемелерінің «Рухани жаңғыру» бөлмелерін жабдықтайтын «Жеті ойыншық» топтамаларының мағыналық рөліне тоқталды. Ғалым ұлттық ойыншықтарға «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы және сананың ашықтығы идеяларының ішкі мазмұндарын енгізуге тырысқанын айтты. Мақсат – санасы кемел, заман өзгерістерін қабылдай білетін, ұлттық рухы жоғары тұлға қалыптастыру. Ойнай отырып, ойлау білу дағдысын бүлдіршіндер санасына қалай сіңіру керек деген сұраққа Ф.Жұмабекова: «Ізденіс қабілеті жоғары, жаңаша ойлай білетін педагог сыни тұрғыдан ойлап, дербес шешім қабылдай алатын, еңбекқор, жауапкершілігі жоғары, шығармашылық қабілетке ие, ұлттық сана-сезімі жоғары тұлғаны қалыптастыра алады. ХХІ ғасырдың толық азаматы – прагматик, бәсекеге қабілетті, өз болашағын жоспарлай білетін, ысырапшылдық пен менменшілдіктен ада, ұлттық бірегейлігін сақтаған, білімді басты құндылыққа айналдырған саналы азамат. Осы тұлғаның сәби шақтан бастап қалыптасуына мектепке дейінгі білім мекемелерінің рөлі өте зор. Осы жағынан алғанда, ұлттық ойыншықтар жиынтығы сәбидің тұлғалық тұрғыдан қалыптасып, ұстанымының орнығуына, өмірге бейімделуіне, жағдайға қарай әрекет ете білуіне мүмкіндік береді», деп жауап берді. Ғалым-педагог тұлға қалыптастырудағы жақсы нәтижені бірер жылдан соң байқауға болатынын атап өтті.
Облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан осыдан бір жарым ай бұрын Ақтөбе қаласының мектепке дейінгі мекемелеріне алғаш келіп түскен «Жеті ойыншықтың» құрамындағы түйе мен жылқыны көрген балабақша бүлдіршіндерінің екі түлікті айыра алмағанын жеткізді. «Тұрмыс-тіршілігі малмен байланысты ата-бабаларымыздың өмірін түсіндіргенде түйе мен жылқы, қой мен қозы бейнесіндегі бояуы қанық ағаш ойыншықтардың пайдасы зор» дей келе, «әлемдік трендтегі монтессори ойыншықтарының кейбір танымдық элементтері осы «Жеті ойыншықтың» құрамында бар екендігін жеткізді. Сондай-ақ табиғи таза өнімнен жасалған дүниелердің инклюзивті білім беруге де көмегі зор екендігін жеткізді.
Ақтөбе қаласындағы білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақшаның қазақ тілі пәні мұғалімі Назгүл Тұрмұхамбетова «Жеті ойыншықтың» дамуы тежелген бүлдіршіндерге жағымды әсер еткенін хабарлады. Соның ішінде «Керемет» домбырасы психикалық дамуы бұзылған балалардың жүйкесін тыныштандырса, «Мағыналы оюлар» баланың есте сақтау қабілетін дамытқан. Соның ішінде алуан түрлі құрастырмалы оюлар тірек-қимыл жүйесінде кінәраты бар балаларға жақсы әсер етті.
Жоба авторы Ерасыл Сәкенұлы білікті педагог ғалымдармен қатар балабақша тәрбиешілерінің де ойыншық жобасына қатысқанын мәлімдеді. Түпкі нәтиже – трансформацияланған қоғамға баланы ерте жастан дайындай отырып, мемлекетшіл және ұлттық ұстанымы биік азамат қалыптастыру.