Чемпионатқа жаңарған құрам барады
Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов алдағы жексенбі күні Сербия астанасы – Белградта жалауы желбірейтін әлем чемпионатында шаршы алаңға шығатын боксшылар тізімін жариялады.
Токиодағы сәтсіздіктен кейін Қазақстан бокс құрамасы әлем біріншілігіне әжептәуір жаңарған құраммен бара жатыр. АИБА-ның жаңа ережесі бойынша боксшылар әлем біріншілігінде бұрынғыдай 10 емес, 13 салмақ дәрежесі бойынша жүлдеге таласады. Сондықтан бапкерлер биылғы біріншілікте бірқатар боксшыға мүмкіндік беруді жөн санаған екен. Атап айтар болсақ, ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет ағайынды Саматәлі, Санатәлі Төлтаевтар (60 және 63,5 кг), ағайынды Нұрбек және Айбек Оралбайлар (80 және 92 кг), Махмұд Сабырхан (54 кг), Нұрқанат Райыс (75 кг), ұлттық құрамаға қайта оралған Бек Нұрмағанбет (86 кг) және Нұрлан Сапарбай (+ 92 кг) қатысқалы отыр.
Ал Токиоға барғандардан Сәкен Бибосынов (51 кг), Серік Теміржанов (57 кг) пен Абылайхан Жүсіпов (67 кг) Сербия шаршы алаңында бақ сынайды. Ұлттық құраманың капитаны Қамшыбек Қоңқабаев әлем чемпионатынан тыс қалған соң, бұл міндет Абылайхан Жүсіповке жүктелді. Айта кетейік, әлем біріншілігі 24 қазан мен 6 қараша аралығында өтеді. Сонымен қатар чемпионаттар тарихында биыл бірінші рет жеңіс тұғырына көтерілген былғары қолғап шеберлеріне қаржылай сыйақы тағайындалып отыр.
Рейтингтік турнирде топ жарды
Черногорияның бас шаһары – Подгорицада өткен таэквондодан Montenegro Podgorica Open 2021 рейтингтік турнирі аяқталып, жарыста бақ сынаған қазақстандық Жансель Дениз чемпион атанды.
Ұлттық Олимпиада комитетінің мәліметі бойынша, халықаралық жарыста 73 килоға дейінгі салмақта сынға түскен Жансель рейтингтегі орнына байланысты алғашқы айналымнан босатылып, турнирді екінші кезеңнен бастады. Ол алдымен Молдова спортшысын жарыс жолынан шығарып жіберсе, жартылай финалда Бразилиядан келген қарсыласын еш қиындықсыз жеңіп, финалға жолдама алды. Ал финалда түркиялық Хури Куркуттан басым түскен жерлесіміз маңызды турнирде топ жарды. Қола жүлдені Бразилия және Хорватия таэквондошылары иеленді.
Айта кетейік, Жансель Дениз осыдан бір ай бұрын Түркияның Ыстанбұл қаласында өткен WT President’s Cup Europe турнирінде де алдына жан салмай, тұғырдың биік сатысынан көрініп еді.
Әлемдік рейтинг жаңарды
Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) спортшылардың жаңартылған рейтингін жариялады.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик екі орын жоғарылап, 35-сатыға жайғасты. Ал Михаил Кукушкин 149-орыннан 147-орынға көтерілді. Дмитрий Попко 163-ші сатыда тұр. Ал әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) рейтингі бойынша, Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина бір орынға төмен сырғып, 17-орынға тұрақтады. Юлия Путинцева да 43-тен 44-орынға жайғасты. Есесіне Зарина Дияс 108-ден 104-орынға көтеріліп, үздік жүздікке жақындап келеді.
Дайындаған Әли БИТӨРЕ