• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Коронавирус 20 Қазан, 2021

Бейқамдық белең алып тұр

379 рет
көрсетілді

Ақмола облысы сары аймақтың санатында бар-жоғы бірапта болды. Эпидемиялық жағдайдың өршуіне байланысты қайтадан қызыл аймаққа кірді.

Соңғы аптада алғашқы сәйкес мерзіммен салыстырғанда дертке шалдығу деңгейі 1,6 пайызға өскен. Дерт дендеген деректерді сарап­таса­ңыз, қазан айында қауіп-қатердің бұрынғыдан әлдеқайда көбейе түскенін айқын аңғаруға болады. Әсіресе, облыс орталығында, Бурабай, Аршалы, Бұланды аудандары мен Степногорск қаласында індет өршіп тұр. Өткен тәулікте инфекция жұқтырған 110 адам анықталды. Олардың 94-і симптомды болса, 16-ы симптомсыз. Қазір 474 адам ауруханада емделіп жатса, жансақтау бөлімшесіне 43 науқас түсті.

Жаңа оқу жылынан бастап білім ошақтарындағы жағдай да күрделі. Онда 584 жағдай тіркелсе, 173-і мектептен тыс жерде індетке іліккендер. Сақтық шаралары бұлжытпай орындалып отыр дегенімен өткен тәулікте ғана 14 оқушы дерт шеңгеліне іліккен. 48 білім беру ұйымында корона­ви­рус инфекциясының тіркелуіне байланысты 65 сынып қашықтан оқытуға көшірілді. Мұғалімдер арасында да ауырғандар саны күннен-күнге өсіп келеді. Жаңа оқу жылынан бері 142 мұғалім ауруға шалдыққан. Мектеп жасына дейінгі балалардың ауруға шалдығуы алаңдаушылық туғызуда. Күн сайын кішкентай балалардың ауру деректері шығып жатыр.

Біздің пайымдауымызша, індеттің етек алуы өзіміздің бейқамдығымыздан. Қазір дауасыз дерттің қаупіне елдің еті үйреніп кеткен сыңайлы. Тіпті, індетті елемей ас беру, той жасау, туған күн­дерін атап өту тыйылмай отыр. Жыл басынан бері мониторингтік топтар 28 944 нысанда сақтық шараларының сақталу деңгейі қаншалықты екенін тексерген. Тексеріс нәтижесінде 624 талап бұзушылық анықталған. Осы айда 468 нысан тексеріліп, карантиндік шараларды бұзудың 17 фактісі белгілі болып отыр. Бұл анықталғандары ғана, әйтпесе облыс орталығындағы мейрамханалар мен дәмханалардың алдын­да жүздеген көліктің қаңтарылып тұр­ғанын көз көріп жүр.

Шағын және орта бизнеске, сон­дай-ақ жеке тұлғаларға қатысты каран­тин шараларын бұзғаны үшін әкім­шілік шаралар қолданылуда. Жал­пы, көлемі 864 млн теңге болатын 654 айыппұл салынып, 16 материал әкімшілік соттың қарауына жіберіл­ген. 27 қыркүйектен бас­тап қауіп­сіз мәртебесі бар келушілердің қаты­суымен отбасылық салтанатты шаралар, үйлену тойлары мен мерейтойларды өткізуге рұқсат берілген бола­тын. Әрине, шектеу бар. Бірақ соның өзін­де де осы жеңілдік дерт деңгейінің азаймауына себеп болып тұрған сыңайлы. Шын­туайтында кәсібінің жайын ой­ла­ған мейрамхана мен дәмхана қо­жа­йын­дары ведомстволық комиссия қабыл­даған шешімді орындай бер­мейді. Сөзіміз дәлелді болуы үшін мысал келтіре кетелік. Мәселен өткен де­ма­лыс күндері Целиноград ауданы­ның мониторингтік тобы адам саны рұқ­сат етілген мөлшерден асқан үш оқи­ғаны анықтаған. Қосшы қала­сын­дағы «Аружан плаза» мейрамханасын­да 160 адам қатысқан үйлену тойы өткізіліпті. «Баянды» мейрамханасында 150 адаммен той ұйымдастыру да тәр­тіп бұзушылық. Әрқилы банкеттер өт­кізу кезінде де Ashyq платформасы­на қатысушылар жұмыс кестесін бұ­­з­ып отыр. Қоянды ауылындағы Ashyq то­бына кірмейтін «Алаш» мей­­­рам­­ха­насында жүзден астам адам­ның қа­тысуымен той өткен. Атба­сар­да­ғы «Да­рина» мейрамханасында 70 қонақ­тың қатысуымен туған күн кеші ұйым­дас­­тырылған. Мұндай мы­сал­дарды көп­теп келтіруге болады. Осыдан шыға­тын қо­рытынды, адам­дардың өздері төніп тұр­ған қатерді елемей, бейқамдық танытуда.

Карантин талаптарын бұзушы­лар­дың ащы ішектей шұбатылған тізімін Көкшетау қаласы мен Бурабай және Астрахан аудандарындағы бетперде кию талабы сақталмаған нысандармен толықтыруға болады. Қазір өңір тұрғындарына барлық шектеу шараларын бұлжытпай орындау ұсынылып отыр. Тіпті отбасыларында да шағын шара өткізуге тыйым салынған.

«Шығасыға иесі басшы» дегендей, шырғалаңға түсіріп отырған шытырманның түйінін түйіп отырған өзіміз. Басқа түскен бейнетті басқадан емес, өзімізден көріп, тыйылсақ та болар еді. Қарақан бастың қамы үшін ғана емес, қара ормандай қалың елдің амандық-саулығы үшін.