• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қоғам 20 Қазан, 2021

Ескерткіштер еңсе көтеріп, музыкалық мұралар жаңғыртылды

732 рет
көрсетілді

Тәуелсіздік жылдары Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған маңызды шара «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының Тұжырымдамасында көрсетілген басым бағыттың бірі еліміздiң маңызды тарихи-мәдени және сәулет ескерткiштерiн қайта жаңғырту болатын.

Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Бағдарламаны тыңғылықты жүзеге асыру мақсатында құрылған Қоғамдық Кеңестің 2007 жылы 13 ақпанда өткен кеңейтілген отырысында, бұған дейін атқарылған істерге жоғары баға беріп, келесі кезекте  мәдени мұраның заттық блогы халықтың материалданған жады іспеттес археологиялық нысандардың барлық түрін сақтап, жаңғыртуға көңіл бөлумен бірге, халқымыздың бай қазынасы музыкалық мәтіндерге де ерекше назар аударуды ескерткен еді.

78 ескерткіш жөнделіп,

28 нысанға реконструкция жасалды

Расында, отандық археологиялық мә­дени мұраларымыздың маңызына тоқталар болсақ, біріншіден, өзіміздің ежелгі тарихымызды білу болса, екін­ші маңызды бөлігі, еліміз аумағында алғашқы мемлекеттің қашан пайда бол­­ғанын анықтау арқылы тарихы­мыз­дың терең қатпарларына үңіле ала­мыз. Мысалы, Есік, Шілікті, Қыр­қабат аумағында жүргізілген қазба жұ­мыс­тары Қазақстанның жерінде алғаш­қы мемлекет VІІІ ғасырда құрыл­ғанын дәлелдеп отыр. Әсіресе, Есік қор­ғанынан табылған мұралар ондағы мәдениеттің өте жоғары, әлемдік дең­гей­де болғанына кепілдік етуде. Сон­дай-ақ археологиялық мұралардың ар­қа­сында Арал бойы мен Алтайда сақ­тардың, Батыс Қазақстанда сарматтар мемлекеті болғаны айғақталса, аталмыш бағдарлама нәтижесінде, қаң­лы, үйсін мемлекеттері туралы жаңадан ғы­лыми деректер ашылды. Сондай-ақ, археологиялық мәдени мұраның үшінші маңызды бөлігі – туризм индустриясын дамытуға мұрындық болу. Бұл бағытта қазірдің өзінде көптеген жоспарлы жұ­мыстар атқарылуда.

Жоғарыда Елбасы ұсынған бағдар­лама аясында тәуелсіздік жылдары рес­публикалық дәргейдегі ғылыми-зерт­теу мекемелері, мұражайлар мен кітапха­налар ұлттық мәдениетімізде айрық­ша орын алатын қолданбалы, тарихи-мә­­дени, сәулет және археологиялық ес­­керт­кіштерге ғылыми зерттеу-са­рап­тау жұмыстарын жүргізді. Нәти­же­сінде, 2004 жылдан бастап, кейінгі он­ шақты жыл аралығында 78 тарих және мәдениет ескерткіш жөн­де­ліп, олардың баршасына қалпына кел­тіру жұмыстары жасалды. «Қасиетті Қазақ­стан» жобасы бойынша 28 тарихи нысан жаңғыртылды.

Бағдарлама шеңберінде алғашқы екі жылда (2004-2006) 35 тарихи және мәдениет ескерткішке жаңғырту жұ­мыстары жүргізіліп, аяқталды. Осы­лардың ішінде Айша Бибі, Арыстан баб, Абат Байтақ, Ысмайыл ата, Сырлы там, Есім хан, Шоқай датқа, Оқшы ата, Қара сопы, Аққойлы мешіт-мед­ресесі, Қарақожа, Ақтас, Үшарал, Шо­пан ата, Қараман ата мазары қатар­лы ма­ңызды обьектілер бар. Бұл ны­сан­­дардың іргетастары бекітіліп, қабыр­ғалары мен күмбездеріне, шатырлары мен едендеріне қайта жаңғырту жұ­мыс­тары жүргізіліп, осы іс үшін ескі үл­гідегі кірпіштер дайындалды. Сөй­тіп, Бағдарлама шеңберінде тари­хи-мәдени мұра нысандарын қайта жаң­ғырту және консервациялау жұмыстары үздіксіз жалғасын тапты. Әсіресе, елі­міз тарихына байланысты алыс және жа­қын шетелдердегі тарих пен мәде­ниет ескерткіштерін қалпына келтіру, зерт­теу ісі қолға алынды. Атап өтер бол­сақ, Монғолия қатарлы шет елдер аума­ғы­нан табылған көне түркі руникалық жазулары бар тастардың көшірмесін алу жұмыстарына алғаш рет қадам жасалды.

Сонымен қатар Дамаск қаласында әл-Фараби кесенесі мен этномәдени ор­­та­лығын салу және монументалдық ес­керт­кіш орнату, Каир қаласында сұл­тан Бейбарыс­тың мешітін қайта жаң­ғыртумен қатар, Өзбекстан Респуб­ли­ка­сы аумағындағы Әйтеке би кесенесін зерттеу және қайта жаңғырту жобалары іске асты.

Ал республика көлемінде Бағдарла­ма­ның алғашқы жылдары Солтүстік Қа­зақ­стан, Қызылорда, Алматы, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар облыстары бойынша ескерткіштер жинағына материал­дар сұрыпталды. Облыстардағы тарих және мәдениет ескерткіштеріне зерт­теу жұмыстары жүргізіліп, электронды базасы құрылды. Барлық өңірдегі ескерткіштердің карта-схемалары жа­са­лып, сараптан өткен мәтіндер бас­паға дайындалды. Ең маңыздысы, ел аума­ғында тарих және сәулет ескерткіш­тер жинағын дайындайтын жұмысшы тобы құрылып, бұл іске базалық ғылы­м­и әлеуеті зор мемлекеттік мекемелер тартылды.

Сондай-ақ ЮНЕСКО тізіміне ен­гі­зілген мәдени және аралас мұра ны­сан­­дарын қорғау, олардың аумағы мен аймақ­­тық шекарасын айқындау жо­басы жүзеге асты. Нәтижесінде, ны­сандардың қорғалу аймағының кар­тасы әзірленіп, құжат мәтіндері құрас­ты­рылды. Бұл ескерткіштердің қорғалу аймағы негізінде түсіндірмелік жазба жұмыстары атқарылып, маңызды нысан­дар­дың дерекқорын жасау жұмысы аяқ­талды. Атап айтқанда, арнайы қа­был­данған жоба негізінде мәлімет база­сының интерактивтік бағдарламасы әзірленді.

Яғни ЮНЕСКО-ның алдын ала қа­былдаған нысандар тізімін мәлімет базасына енгізу (редакциялау, сканерлеу, форматтау) және графикалық материалдарды дайындау жұмыста­ры сәтті атқарылып, дизайн формасын әзірлеу, бағдарламаға мәліметтер ен­гізу мен пайдалану жұмыстары ой­да­ғыдай орындалды. Интерактивтік бағ­д­арламаға енгізу үшін дайындалған мә­ліметтік база мен операциялық жү­йе­ні апробациялау, сонымен қатар ин­тер­фейсті жүзеге асыру жөніндегі ұсы­ныстар өз шешімін тапты. Мысалы, Ешкіөлмес кешенінің құжаты қазақша, орысша дайындалып, кешен­нің архео­логиялық картасы мен оның қорға­латын аймағы қосымша берілді. Осы қосымшада иллюстрациялық тәсілмен безендірілген альбом, кешеннің негізгі учаскілері көрсетілген карта, кешен ес­керт­кіштері мен ландшафттарының фо­то­панорамасы, фотосуреттері мен фраг­менттері қарастырылды. Осы ба­ғытта Оңтүстік Қазақстан мен Жамбыл облысындағы Қаратау жотасындағы палеолиттік ескерткіштерді алдын ала және мұрағаттағы зерттеуінің есебі да­йындалды. Бұндай күрделі жобалар болашақта Нұрсұлтан Әбішұлы ұсын­ған «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» бағдарламасы негізінде жал­ға­са­ды деп күтілуде.

Музыкалық мұралар жаңғыртылды

Бағдарламаның тағы бір маңызды жобасы – тарих және мәдениет ескерт­кіштер жинағын басып шығару жұ­мыстары. Бұл өз кезегінде ғылыми-анық­­тамалық энциклопедиялық басылым санатына жатқызылды. Сонымен қатар бағдарламада көрсетілген жоба­ларды орындау үшін – Қазақстан Рес­пуб­ликасы Ұлттық кітапханасы жа­ны­нан Ұлттық кітап жәдігерлерін та­бу, са­тып алу, кітаптар мен көне қолжаз­ба­лар­ды қалпына келтіру жөнінде, Пре­­зи­денттік мәдениет орталығы база­сын­да ұлттық тарих үшін ерекше ма­ңызы бар, Қазақстан Республикасы Орта­лық мемлекеттік мұрағаты жанынан Мұ­ра­ғат құжаттарының сақтандыру көшір­месін жасау және қалпына келтіру жө­нінде Мұражай қорын қалыптастыру және қалпына келтіру мақсатында орта­лықтар құрылды.

Әсіресе, мәдени маңызы зор «Тұран мұрасы» жобасы аясында – Қазақстан тарихының өнертану, мәдениеттану, тарихи-мәдени аспектілерін қамтитын жинақтар мен ғылыми еңбектердің бас­­па сериялары әзірленді. Жобаны жү­зе­ге асыру жоспарына сәйкес, осы се­рия­­лардың «Арал-Каспийдің тари­хы мен мәдениеті» атты бірінші кіта­бы жарық көрді. «Сарыарқа – дала өрке­ниетінің бесігі» атты ғылыми жи­нақ­қа материал­дар жиналды. Жинақ «Та­рих», «Археология», «Этнография», «Өнер. Сәулет. Музыка» атты үш бөлім­нен құралды.

Сонымен қатар «Қазақ халқының дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары» сөздігін дайындау жұмыстары жүргізілді. Сөз­дікті дайындау мақсатында үйлену әдет-ғұрыптары, балаларды тәрбиелеу салт-дәстүрі туралы, діни әдет-ғұрыптар мен мерекелер, қазақтардың нанымдары мен танымдары, жанұялық, шаруашылық, өндірістік және қолөнері жайлы ғылыми әдебиеттер зерделеніп, тиісті материалдар жиналды.

Бағдарлама аясында ат­қа­рылған тағы бір игі іс – халқымыз­дың ежел­гі рухани қазынасы ұлттық музыка мұра­ларының жаңғыртылуы. Атап айтар болсақ, Құрманғазы атын­дағы Қазақ мемлекеттік консерватория қо­ры­нан, еліміздің мұрағаттары мен қой­м­а­ларындағы аса көрнекті ауыз­екі кәсіби дәстүрде орындаушы – музы­канттардың фоножазбалары қал­пына келтіріп, қазіргі заманғы аудио­тасымалдаушыларға қөшіру жобасын жүзеге асырылды. Осы мақсатта Орта­лық мемлекеттік кинематография мен дыбысжазба мұрағатының жанынан си­рек үнжазбаларды сақтандыру қоры құрылып, қазіргі заман талабына сай, аудиотасымалдаушыларға дыбысжазбалар мен бейнематериалдарды жазып алу үшін арнайы қондырғылар сатып алынды. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы 255 қазақтың ескі күйлерін аудиотасығыштарға жазып шығарды.