Ұлттық кодты сақтап, құндылықтар мен салт-дәстүрді насихаттауды мақсат тұтқан «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасы 3 бағыт, 7 міндет, 21 көрсеткіш, 66 ауқымды іс-шарадан тұрады. Бұл жөнінде Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифинг барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, жоба қоғамның мәдени деңгейін, талғамы және рухын көтеріп қана қоймай, сонымен қатар жастарға жаңа мүмкіндіктер ашып, олардың түрлі бастамасына жан-жақты қолдау көрсетеді. Жобаның басым бағыттарына жеке тоқталған А.Балаева баяндамасында: «Мазмұны жағынан бұл мәні терең, ауқымы өте кең жоба. Бұл – ғасырлар бойы қалыптасқан халқымыздың мәдени болмысы, тарихы мен тамыры. Қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық құндылықтарды сақтап қалу, оны ұрпақ бойына сіңірудің маңызы өте зор. Өйткені бүгінгі ұрпақ бойына «ұлттық код» ұғымын қаншалықты терең сіңірсек – бұл біздің ертеңгі ұлт болып қалуымыздың кепілі болып қалмақ. Осы мәселелерді шешу үшін жобаны үш негізгі бағытта іске асыру көзделіп отыр», деп атап өтті.
Елбасының бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан «Ұлттық рухани жаңғыру» жобасының бірінші бағыты – «Рухани жаңғыру» құндылықтарын одан әрі ілгерілету. Бұл жерде мемлекеттік тілді дамыту міндеті бөлек белгіленген. Жалпы, аталған блок бойынша 38 жоба жоспарланса, олардың түпкі мақсаты – ұлттың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін қолдау және дамыту. 2025 жылға дейін халықтың 88,5%-ын «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жобаларымен, мектеп жасындағы балаларды 100% мәдени тәрбиемен қамту, «оқитын ұлт» жобасы шеңберінде халықтың оқырман белсенділігін 40%-ға дейін арттыру, сондай-ақ меценаттар қаражаты есебінен 3000 нысан салу және жөндеу жоспарланған.
Екінші бағыт «Ел Рухы» деп аталады. Мұнда мәдениет саласындағы қызметтердің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ отандық мәдени өнімдерді, оның ішінде шетелдерде ілгерілету жөніндегі іс-шаралар кешені біріктірілген. Бұл үшін 2025 жылға қарай 13 ірі іс-шара өткізу, 5 нақты нәтижеге қол жеткізу көзделген. Атап айтқанда, инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде жаңа мәдени объектілер салу арқылы ауыл және шалғайдағы елді мекендер тұрғындарының 92,5%-ы мәдениет саласы қызметтерімен қамту қамтамасыз етілетін болады. Министрдің мәлімдеуінше, жоба аясында халықтың мәдениет нысандарына бару көрсеткішін екі есеге көбейту жоспарланған. Сондай-ақ мәдениет саласындағы қызметтер сапасын арттыруға да ерекше мән беріліп отыр. «Осы мақсаттар үшін 250 жаңа мәдениет нысаны салынады және жұмыс істеп тұрған 1200 мәдениет нысаны күрделі жөндеуден өтеді. Еліміздің шығармашылық әлеуетін тікелей қолдау арқылы отандық мәдени өнімдерді өндіру жүйесі құрылады, оның ішінде кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесі 25 пайызға дейін арттырылады. Жаңадан құрылатын «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігі базасында 40-қа жуық анимациялық фильм шығарылады», деген ведомство басшысы болашағынан үлкен үміт күттіріп отырған таланттардың 150 жобасына қолдау көрсетілетінін де айтып өтті.
Брифингте отандық мәдениеттің барлық жетістігімен онлайн режімде танысуға мүмкіндік беретін e-culture.kz бірыңғай электронды платформасы жайлы жан-жақты түсіндіріп берген А.Балаева мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту – жобадағы маңызды міндеттің бірі екеніне ерекше тоқталды. «Өйткені «ұлтты сақтау» дегеніміздің өзі – тілді сақтап, дамыту екені белгілі. Мемлекет басшысы қазақ тілінің болашақта – ұлтаралық тілге айналатынына сенім білдіргенін білесіздер. Оған бүгінде барлық негіз бар. Мемлекеттік тілге деген қоғамның сұранысы артып келеді. Бұл – уақыт талабы. Сондықтан бұл мәселеде бірқатар ауқымды жоба қарастырылып отыр. Атап айтқанда, мемлекеттік тілді оқыту бойынша инновациялық ІТ өнімдер әзірлеу, танымал анимациялық және танымдық арналарды қазақшалау, орта білім берудің тілге қатысты бағдарламаларына өзгерістер енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары үшін қазақ тіліндегі оқулықтар әзірлеу сияқты жүйелі іс-шаралар бар», деді министрлік басшысы. Бір сөзбен айтқанда, «Ұлттық рухани жаңғырудың» басты көздегені – қоғамдағы қазақтілді ортаны барынша кеңейту, оны тұрмыста ғана емес, ғылым мен білімнің, бизнес пен әлеуметтің тіліне айналдыру.
Сондай-ақ брифинг барысында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов ұлттық жоба аясында 20 іс-шара ұйымдастырылатынын хабарласа, Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Әділбек Қабаев алдағы уақытта «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» пәндерінің бөлек оқытылатынын мәлімдеді.