• RUB:
    5.01
  • USD:
    523.58
  • EUR:
    549.71
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Қазан, 2021

Классиктің кейіпкерлері

588 рет
көрсетілді

Шыны керек, Сайын Мұратбековтің әр шығармасы қазіргі қазақ прозасындағы қалам ұстап жүрген жазушыларға әсер етті, тіпті кейбірі еліктеп оқылымды шығармалар жазғысы да келді. Біздің әдебиетте қазақы өмірді айызын қандыра жазған қаламгерлердің ішінде табысты болғаны да Сайын Мұратбеков дер едім.

Оның біз көріп жүрген сурет­тердегі бейнесі қандай жағымды болса, жазғандары да сондай тар­тымды болды. Оқырман мен жа­зушының арасындағы дәнекер әрине туындылар болмақ. Оның «Жабайы алмасын», «Кәмен­тоға­йын», «Жусан иісін» оқымадым деген адамға бір түрлі аянышпен де қарауға құқылымыз. Себебі Сайын – біздің әдебиеттегі оқырманы ең көп қаламгер, шынайы суреткер.

Қалай десек те, Сайынның шы­­ғармалары мен оның кейіпкер­лері «Мен» деп емес, «Біз» деп айқай салып тұрғандай сезіледі. «Біз» дегені – ұлт. Жазушының кейіпкерлерін сөйлетуі өзіне де­йінгі қазақ жазушыларында кездес­пеген бөлекше стильде екені сөзсіз.

«Менің қарындасым» атты әң­гімедегі кейіпкердің қарындасы туралы ойы былай өріледі: «Қарын­дасымның қазіргі жүріс-тұрысы да, сөйлеуі де, тіпті езу тартып күлгені де басқаша. Бойы сұңғақтанып, қара торы ерке жүзі ашаңданған, есейгендік пішін бар, ойнақтап тұратын отты көздері де байсалды, ойлы қарайды. Шолақ мұрнының ұшы үшкілденіп, қырлана түсіпті. Жаңадан тіккізген қызыл драп пальтосы да өңіне жарастық бе­ріп тұр. Бір сөзбен айтқанда, қарын­дасым тамаша сұлу қыз болыпты». Шындығында, жас қыздың бойындағы өзгешелік ағасына бірден білінеді, құдды көктемнің қауашақ гүлінің әдемілігін қа­лай тез байқайсыз, Сайынның кейіп­кері болған қарындастың да бо­йын түзегенін, оның енді жастық дейтін әлемге еніп бара жатқанын ағасымен бірге аңдағандай боласыз. Ағасының қарындасына де­ген ішкі тиымы біздің ұлттық дәстүр­ге сай ұғым. Тіпті осы әң­гіме «Ал­ғаш­қы махаббатың сәтті бол­сын, қарындасым» деген үлкен ойлы сөзбен аяқталады. Бұл сөз «Арлы, ибалы бол. Сен (қарын­дасым) арлы болсаң, ұлт арлы болады» деген ізгі тілектің, жазушы жанынан қайнап шыққан терең ойдың сөзі болмақ. Шығарманың түйіні де, салмағы да, айтары да осы бір сөзге байланып тұрғандай. Сайын Мұратбековтің мейлі қай әңгімесі болсын, қазақы қалыпта, өмір­дің өзге ешкім аңғара қоймаған бейнесін кейіпкер арқылы сөйле­теді. Әлемдік әдебиетте болсын, біздің әдебиетте болсын, жазушы ай­тар ойын кейіпкер арқылы оқыр­манға, қоғамға жеткізеді. Бұл үр­дісте де Сайынның қаламы елге­зектік, ептілік, шеберлік танытады.

Ал «Қылау» атты әңгімесінде­гі кейіпкер Сатайдың образы кәдім­гі өзіміз күнде кездесіп жүрген ауыл баласының бейнесі. Сатай­дың тәтті ұйқысын қимауы, таңға жуық мезгілде баласын оят­қан әкенің қылқылдап дауыстағаны бәрі де тұнып тұрған қазақы тұр­мыстың, ұлтқа тән тіршіліктің бір көрінісі. Осы шығармада «Суық­тың бәрі осы зираттан шығып жат­қан сияқты» деген парасатты сөз кездеседі. Былай қарасаң, адамның рухындағы дүниенің сол сәт­тегі қалпы, сезінуі осы сөз­де жатқандай. Иен жатқан қазақ­тың даласындағы қабірлерден жүрек­сінген Сатайдың ойына осы сөз түседі. Кейіпкер одан әрі «...Шір­кін, адам өлмейтін болса. Әйт­песе, не ол... туасың, өмір сүре­сің, күндердің күнінде өлесің де қа­ла­сың, ал сонан кейін... сонан ке­йін­гісін тіпті ойлағың да кел­мейді-ау, қандай қорқынышты. Жа­рық дүниені мүлдем... қайтып көрмейсің. Бар болсаң да мүлдем тып-типыл жоқ боласың... Қорқы­нышты-ақ...» деген ой кешеді. Бұл Сатайдың басындағы ғана емес, күллі адамзат баласының осы­ған дейін үнемі толғанып келе жат­қан мәселесі. Қарапайым ауыл­дағы мектеп оқушысына бұл сауал­ туралы ойлану, оның шешімін табу әрине, қиынға түседі. Бірақ Сайын қаламы Сатайды жас бала деп мүсіркеген жоқ, оған адам баласы есейе келе ойланатын сұ­рақ арқылы оң-солын тануына, көз­қарасын шыңдауына мүмкіндік берді. Біздің білуімізше, Сайын Мұратбековтің кейіпкерлері өмір­ге дұрыс көзқарастағы адамдар болып келеді. Олардың бойында үміт, сенім, ертеңге деген ұмтылыс күш бар.

Жазушы диалог құруда да аса ше­берлік танытады. Осы «Қы­лау­да» ойда жоқта кездесетін Сатай мен Рәбиғаның арасындағы алғаш­қы таныстық сондай нанымды әрі жылы қалпында берілген.

«– Не ойын? Концерт пе?

– Иә. Колхозшыларға концерт қойып бердік.

– Пьеса да әзірледіңдер ме?

– Жоқ. Пьеса таба алмадық.

– Бәлі, сөз бе екен сол да, та­ба алмадық деген. Пьесасыз қан­дай ойын ол.– Сатай менсінбей сөйледі.– «Қыз Жібек», «Еңлік – Кебектерді» қоймайсыңдар ма?

Қыз күлді.

– Директор ағай рұқсат етпейді ғой,– деді онан соң. Біраз жерге дейін екеуі тағы да үнсіз отырды.

– Ой, ол директорлардың айт­­қа­нын тыңдай берсең шаш шы­ғармайды, – деп қойды Сатай.– Біз­дің де бір директорымыз бар. Өй, бір тұрған бойы мақтаншақ. Сәл бірдеңе істеп қойсаң. «Кәне, ережеде не депті», – деп дікілдеп есің­ді шығарады». Дала суық бол­ғанымен, екеуінің арасындағы әңгі­ме шыңылтыр аязды елемейді. Оқыр­ман да осы тұста қылаулаған қар­лы даланы көз алдына елестете оты­рып, Сатай мен Рәбиғаның қы­зық­ты диалогтерімен әрі қарай ілесе жөнеледі, еш жалықпайды. Біз оқып отырған қарапайым диа­лог­те өмір шындығы жатыр.

Кейіпкерлер туралы әңгіме бол­са жазушының ұлы Әлім Са­йын­­ұлының: «Әкемнің шығар­ма­ларымен толық таныспын. Он­дағы кейіпкерлерінің өзі бізге та­ныс. Бірде: «Жинал, балам, кет­­­тік ауылға!» – деді де Қапалға жол­ға шықтық. «Жабайы алма», «Жу­сан иісі», «Кәментоғай» се­кілді шығармаларында суреттел­ген бейнелермен танысып, сипат­талған жерлерді аралап көрдік. Байдалы бригадирді, Рысбекті көр­сетіп: «Міне, мыналар менің кейіп­керлерім», – деп таныс­тырды. Ол кезде бәрі де егде тарт­қан, ақсақалды қарияға айнал­ған кісілер. Сол жолы бәрімен қау­қылдай амандасып, мәре-сәре болды, қатты қуанды. Сондай та­ныстырудың арқасында атақо­ны­сы­мызбен байланысымыз нығая түсті. Қазір Қапалдың тауларын сағынғанда Қоңыр ауылына тартып кетемін», деген естелігі ойға жиі оралады. Қалай десек те, Сайын Мұратбектің кейіпкерлері өмір­де бар адамдар дегенге осыдан кейін сенбей тұра алмаймыз. Өмір, адам, табиғат – осы үш жаратылыс Сайын шығармашылығындағы алтын уықтар іспетті. Осылардың біреуінсіз бірі бос қалатындай ке­йіпте. Сайын Мұратбековтің ар­тына қалдырған мол мұралары – оның романға бергісіз әңгі­ме-повестері. Ал біз үшін осы шы­ғар­­малардың ішіндегі кейіпкерлер де қымбатты, олар айтқан әр сөз алтын.