Түркияның астанасы Анкара қаласындағы «ATO Congresium» көрме орталығында өткен «ХVІ» Анкара кітап» жәрмеңкесінде ақын Бауыржан Қарағызұлының түрік тіліне аударылған «KRAVAT» кітабы таныстырылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс-шара Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның Түркия еліндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Абзал Сапарбекұлы, профессорлар, ТүркСОЙ өкілдері, белгілі аудармашы Ашур Өздемир қатысып, пікірлерімен бөлісті.
Кітаптың таныстырылымында сөз сөйлеген Елші А. Сапарбекұлы Бауыржан ақынның шығармашылығы жайлы ойымен бөлісті.
«Бауыржанның жырлары Қазақстанда ғана емес, өзге мемлекеттерде де таныла бастады. Түрік оқырмандарының қатысуымен өтіп жатқан іс-шара ортасынан табылғанымызға қуаныштымыз», деді ол.
«Кітап – рух дәрумені, адамзаттың ақыл-ойын вирустан қорғайтын үміт вакцинасы» деген автор іс-шараны ұйымдастырған азаматтарға алғысын айтты. Сондай-ақ ол аудармашы Ашур Өздемирге ризашылығын жеткізді. Өз кезегінде Ашур Өздемир де Бауыржан Қарағызұлының шығармашылығы жайлы жылы пікірін білдірді.
«Қазақ поэзиясында қазіргі немесе дәлірек айтсақ, постмодернист қазақ ақындары арасында Бауыржан Қарағызұлының орны ерекше һәм маңызды екенін айтқым келеді. Әр ақын өз ұстанымын дәстүрге деген көзқарасымен анықтайды. Дәстүр – ақынның өзіне дейінгі бүкіл поэзия жинағы. Осы тұрғыдан алып қарасақ, Бауыржан Қарағызұлын дәстүрді жоққа шығаратын ақын деу дұрыс болмас. Себебі Бауыржан Қарағызұлы постмодернизмге дәстүрден бас тартқаны үшін емес, дәстүрден басқа жолды алғысы келгендіктен бет бұрған», дейді аудармашы Ашур Өздемир.
Іс-шара соңында автор оқырмандардың сан түрлі сауалдарына жауап берді.