Оймақтай болғанымен, есті адамның есін баурайтын естелігі қаймақтай. Тап басып тауып, үңгірге ұмсына қадам бассаңыз, тұла бойыңды ғаламат бір сезім билейді. Құзар жартастың басынан жардай болып жарықтық балуан ата қарап тұрғандай. Қожыр-қожыр тастардың қарауытқан сұлбасы барын бағалай білмеген кейінгі ұрпаққа деген өкпесі ме екен, кім білсін?!
Қыздың жиған жүгіндей кестеленген, жақпар-жақпар тастарды қақ жарып өскен мәңгі жасыл қарағайлар етекті өрлеп барып биік жотаның ұшар басына дейін қонақтапты. Үйіріле қонған қалың ағаштың шоқталған тұсынан аспанға зер салсаңыз, тоқымдай болып қана көрінеді. Көк аспанды бауырлай қазбауыр бұлттар маңып барады. Құтты өмірдің өзі іспетті. Артында із қалмайды. Ал адам ғұмырының, оның ішінде Балуан Шолақтай бағасы биік тұлғаның ізі қалуға тиісті.
Ашық алаңқайдан ту-ту биікте аспан бауырлап ұшып жүрген екі-үш құс көрінеді. Тазқаралар. Тілеуі жаман құс. Көк аспанда қанаты суылдап қыран ұшпаған соң басынады да.
Жауын мен желден мүжіле тегістеліп, әлеуеті зор қол әдейілеп егеп қойғандай теп-тегіс болып түскен жақпар тастардың ортасы кәдімгі үңгір. Тас жігінен сәл ғана жел еседі. Бурабайдың баурайындағы Балуан Шолақ үңгірі. Заманында көнекөз қариялар үңгірдің ұлағатты тарихын тым жақсы білетін, кейін уақыт өте келе ел жадынан өше бастады. Бүгінде жұқанасы ғана қалған. Әйтсе де, батырын бағалап, балуанын құрметтеген ел үшін мазмұнымен құнды, мәнімен қымбат.
Алты Алашқа аты шыққан Балуан Шолақ атамыз намыстың құлы болған. Ел жадында сақталған ескі естелікті тірілтсек, балуанның үңгірі атануының жөні былай екен. Шортан мен Қатаркөлдің ұр да жық, аузы түкті тентектері жергілікті жұртқа тізесін батырса керек. Әбден ызасы өткен. Ол ол ма, нақақтан жала жауып, көз көріп, құлақ естімеген итжеккенге айдатып-ақ келгілері келіп жүр. Күндердің бір күнінде Балуан Шолақтың етжақын ағайындарына жазықсыз жала жабылады. Генерал губернаторға жүгініп, бірін қалдырмай тегіс, қойдай көгендеп айдатып жібермек. Көз алдында тәмам жұртқа тізесін батырған тентектердің айы оңынан туып, дегені болып тұрғанын көргенінде балуанның жүрегін намыс буды дейді. Жақтым күйе, жаптым жаладан қайтып құтылмақ. Келімсектерге жүгінуге ары жібермейді. Ол күнде жалғыз атты батырдың сөзін тыңдар мәртебелі ұлық бар ма? Қанына тартады да. Сөз өтпейтін болған соң балуан басын бәйгеге тігіп, генерал губернатордың 16 жастағы Татьяна атты қызын алып қашады. Жар ету үшін емес, әділет іздеген жалғыздың сөзін тыңдату үшін. Кепілдік есебінде. Міне, мына үңгірде кепіл қызды әлденеше күн қамап ұстайды. Сенімді адамдарды өз талабын жеткізу үшін генерал губернаторға жібереді. Қызын тым жақсы көретін әлгі ұлық балуанның талабын бұлжытпай орындаған. Есесіне жазықсыз жәбір көріп, айдалудың аз-ақ алдында тұрған ағайын-туыс жалақорлардың құрығынан аман қалыпты. Бір ғажабы, әлденеше күн жартас жамылып, тас төсеніп жатқан қыз балуаннан зәбір көрдім деп шағым айтпаса керек.
Кейін уақыт өте келе құрқылтайдың ұясындай кішкентай, кішкентай болғанымен төңірегінен ерлікті мұрат тұтқан ердің ерлік қимылы жайлы естелік есіп тұратын осы үңгір «Балуан Шолақ үңгірі» атанды. Заманында ат тұяғы жетер жерді мекендеген дүйім жұрт балаларымыз балуанға тартсын деп үңгірге түнетіп, топырағына аунатып алады екен. Жасанып келген жауға есе бермейтін ерліктің ақ бесігі санатындағы халқы қасиет тұтқан, айрықша қадірлеген орын ғой.
Бір өкініштісі, үңгірге ұрымтал тұстан төтелеп апаратын жол жоқ. Жөн сілтер бағдар белгі де қойылмаған. Кейде «Балуан Шолақтың үңгірі», енді бірде «Ғашықтар үңгірі» аталып кеткен үңгірдің тап үстінен түспесеңіз, таба алмай қалуыңыз да әбден мүмкін. Шебер қолмен шендестіре орнатқандай жымы білінбейтін шеген тастардың көзден көлегейлейтіні соншалықты, ерге пана болған ерен орын елеусіз. Табиғаттың өзі тудырған ғажайып туындыны әрлеудің, сәндеудің ешбір қажеті жоқ. Тек табан астындағы жол сорабын нұсқайтын сілтеме белгі мен үңгір тарихы жазылған алақандай жазбаның жетпей тұрғаны. Бурабай баурайына қысы-жазы дүмеп келіп жататын туристер атағы аңызға айналған алыптың елі үшін басын қатерге тігіп жасаған ерлігіне куә болар еді. Кейінгі ұрпақ тәлімді тағылым алмас па?!
Алдымен балуанның аты жалпақ жұртқа жайылған оқиғаны өрбітелікші. Шортан мен Қатаркөлді мекендеген казак-орыстар жергілікті жұрттың жүнін жығып, қырын сындырудың, еңсесін езудің жаңа бір жолын табады. Бай саудагерлер бұл төңіректің жұрты әдетте іш жақ деп атайтын Қорған, Түменнің апайтөс балуандарын шақыртып, бәйге тігіп күрес өткізеді. Балуанның жас қайыңдай желкілдеп өсіп келе жатқан жасөспірім кезі екен. Ауыл балаларының бәрін жеңіп болған, өзінен ересектерді де. Өн бойындағы шиыршық атқан бұла күште есеп жоқ тәрізді. Бала балуанмен белдескендердің талайының мұрны бұзылып, тісі қанайды. Ағайынмен араздасуға шақ қалғанда күші бойына сыймай жүрген баласына әкесі Баймырза да, анасы Қалампыр да ренжиді. Тағы бір белдесу үстінде реніш туып, ағайын арыз айта келген соң өзін өзі ұстай алмаған Қалампыр әжей баласын жон арқадан салып қалса керек. Бала балуан бірнеше күн қозғала алмай жатыпты. Кейін:
– Өмірімде анамның қолындай қатты, ауыр қол көргенім жоқ, – деп балуанның өзі айтып жүреді.
Шортан тауының бөктеріндегі шағын қалада күрес өтпек. Қорғанның саудагері бір сұрапыл дәуді ерте келіпті. Шарты былай: егер жықсаң бір сом аласың, жығылсаң бір сом бересің. Делебесі қозған ел ішіндегі дәмелі жігіттердің белдескені көп. Бірақ бәйге алып жатқаны жоқ. Бала балуанның арқасы қозып кетеді. Арбадан секіріп түсті дейді. Сол бетпен әлгі жан беттетпей тұрған, тұлғасы таудай дәудің тура алдына барады. Күреспек. Бірақ дәу балуан баланы менсінбейді. Маған бала емес, белдесетін жігіт керек десе керек. Бірақ бала балуанның тауы шағылатын емес. Анасы Қалампыр қасқырдың етіне жерік болған деген дерек бар. Бала балуанның өжеттігі, жан баласынан қорқуды білмейтіндігі тегін емес десетін ел.
Бала балуанды ауылдан жолсерік қылып алып шыққан Мұқаш ағасының жаны шығып кете жаздайды. Қалампыр жеңгесі үйге қажетті оны-мұны алып кел деп берген бір сомы зая кетуі әбден мүмкін. Бірақ бала көнер емес. Ана дәудің де шыдамы таусылса керек, «келсең келші» дейді. Ұстаса кеткенде, бала сүрініп жығылады. Үстіне киген шапаны тобығына тиетін, тым кең, қолайсыз киім екен. Мұқаш ағасы қалтасындағы бір сомды дәуге береді. Уәденің аты уәде.
Сол түні бала ұйқы көрмейді. Көзі енді ілініп бара жатқандай арқар мүйізді ақ құлжа келіп сүзеді-ай келіп. Адамша сөйлейтін көрінеді:
– Сен менің сағымды сындырдың, ертең қайта күрес. Күреспесең сүзіп өлтіремін!
Балуанның кейін есейген шағында «менің пірім Аққошқар» дейтіні содан болуы әбден мүмкін.
Таң атады. Таң атқанша бала балуанның көзі ілінбеген. Кеудесін ыза кернеп барады. Бүгін тағы да күреспек. Күресе қалса, міндетті түрде жеңетініне кәміл сенеді. Таң атысымен жанындағы серіктеріне «кешегі итпен тағы күресемін» дейді. Ауылдастары басу айтады:
– Сен әлі баласың, ол болса сан рет күреске түскен жырынды. Сабыр ет.
– Жоқ, жеңбей қоймаймын, – дейді бала балуан.
Тал түсте қызық көрмекке жиналған халық тағы да балуандар белдесетін алаңға беттейді. Кешегі дәу әлі тұр. Бала ұмтылып барып тура алдына шығады. Сөйтсе анау:
– Сен кеше жеңіліп қалғансың, – дейді.
Бала болса:
– Кеше қапы кеттім. Ер болсаң қайта күресейік, – дейді.
Дәу:
– Ендеше бәске бір сом емес, сегіз сом тігеміз , – дейді.
Сегіз сом ол кезде бес қойдың құны екен. Мұқаш бастаған ағайынның есі шығып кетеді. Тыңдайтын бала жоқ. Кешегі шекпенін шешіп тастап, ортаға шығады. Ұстаса кеткенде өгіздей өңкиген пәлені оң жамбасқа алып сілтеп кеп жібереді. Төбедей болып тұрған дәу кескен теректей теңкиіп түскенде, қара жер солқ ете қалған. Жиналған жұрттың ішіндегі қазақты былай қойыңыз, әншейінде ешкімді менсіне қоймайтын казактардың өзі бас киімдерін аспанға атып, айғайды салсын келіп. Жерде жатқан шекпеннің үстіне ақша жауып кетті дейді. Ентігін басқан бала балуан бәстен ұтқан сегіз сомды бөлек санап алып, қалғанын жұртқа таратады. Шортан бауырындағы Алаштың айбынын асырған, мерейін үстем еткен ғаламат оқиға Бурабайдың биігінен құлдилаған самал желмен ұшып шығып, шартарапқа тарап бара жатты.
– Әкемнің сипаттауына қарағанда, атамның бойы 190 сантиметр шамасында болған, – дейді немересі Шайдолла Шолақов, – екі иығына екі адам отырғандай, кең жауырынды. Мінезі өте салмақты, аса мейірімді адам болған. Жан дүниесі ғана емес, тұла бойы да таңғы шықтай мөлдір, таза. Қыстың күні аяз қаншалықты сақылдап тұрса да көл бетіне қатқан мұзды шынтағымен ұрып сындырып, жуынады екен. Атамыздың Илья Беляков деген тамыры болған. Екеуара достықтың қашан, қалай басталғанынан хабарсызбын. Әйтсе де немересі Сергеймен оқушы кезімізден дос болдық. Қазір Германияда тұрады. Бала кезінде атамыздың үйіне жиі келетінін, балаға өте мейірімді адам болғандығын әжесінен талай естігендігін жыр қылып айтады.
Заманында Балуан Шолақ отаршылдық саясатқа қарсы шығып, момын қазақты қиянат, зәбірден арашалағандығы белгілі. Бұл туралы аңыз іспетті айтылатын естелік те аз емес. Жерлестерінің жіберген есесін талай мәрте мықтап тұрып қайтарған. Соның бірін айта кетелік. Балуанның туған ауылы Үйсін ауылы деп аталады. Мамыражай тіршілік кешкен шоқ жұлдыздай шағын ғана ауыл. Күндердің бір күнінде Үйсін ауылы ұлардай шулайды. Сөйтсе, бес қаруын асынған келімсектер момын ауылды қасқырдай таласа керек. Арғы ойлары Бурабай, Шортан станицаларына қоныс тепкен отаршылар Көкшетау мен Кеңөткелдің ортасында тағы бір мықты бекініс салмақ болған ғой. Сол ойын жүзеге асыратын жер Үйсін ауылының отырған орнына дөп келген. Ендігісі жан адамға жазығы жоқ ауыл тұрғындарын атамекеннен қуып, жерін басып алу. Осы оқиғаны көзімен көрген балуанның ішіне қан қатпағанда қайтсін.
Кейін ат жалын тартып мініп, әлеңкедей жаланып жүргенде қысқы жол үстінде бір топ казак-орыстарға кезігеді. Соқтығуға қара таппай, шала бурыл мас болып, желді күнгі шаладай тұтанып, буырқанып келе жатқан әлгілерді балуан жалғыз аяқ жолдан өткізіп жіберейін деп жол береді. Қазақты көрсе аш қасқырдай құтырып кететін әлгілер жол үстіндегі жалғыз қазақтың кім екенін қайдан білсін, қамшы сілтеп, соққыға жығып, қорламақ болады. Ұзын-ырғасы жиырмаға жуық адам. Зор денелі біреуі балуанды қамшымен салып өтеді. Кейінгілері де ұмтылған. Оңай олжаға кезіктік деп ойласа керек қой. Балуан атын қаңтарып қоя салып, соңғы шанадағысын жалғыз қолымен жұлып алады. Астына басып, тақымын қаттырақ қысып қалғанда, жаңағы шана үстінде ерсініп тұрған дәу есінен танып қалса керек. Сол сәтте екіншісі, оған қапталдаса үшіншісі ұмтылған. Көзді ашып-жұмғанша жиырма казакты сілейтіп жығып, ортасынан омырылған отын құсатып бір жерге үйіп қояды. Сонда ғана түн қатып келе жатқан жалғыз жолаушының кім екенін таныған әлгілер балуанның аяғына жығылып, кешірім сұрайды. Ел қамын жеген ердің мұндай ерлігі өте көп. Арада қаншама жыл өтсе де халқының көкірегінде сақталған қазына.
– Атамыз Көкшетау топырағында 1864 жылы дүниеге келгенімен, сүйегі Дулат, – дейді Шайдолла Құдайбергенұлы, – шежіре таратсақ былай, Дулат – Шымыр – Бекболат – Жиеш – Қарымбет – Сәмбет – Қосы батыр – Қойайдар – Досмамбет – Сейтімбет – Есентай – Қазанғап – Жарықшақ – Баймырза – Нұрмағамбет (Балуан Шолақ). Балуан атамның 14 ұл-қызы болыпты. Солардан Исажар мен Құдайберген және қызы Бәтен үшеуі ғана қалған көрінеді. Үлкен ұлы Исажардың Теміртас және Ақжүніс деген екі баласы болған. Олардан ұрпақ бар. Исажар әкемнің Абылай атты шөбересі Көкшетауда тұрады. Құдайбергеннен сегіз ағайындымыз, төрт ұл, төрт қыз.
Балуан Шолақ өмірін толымды сипаттаған қаламгер Сәбит Мұқанов. Сәбеңнің ізін сабақтап Жайық Бектұров, Әшімбек Бектасов, Естай Мырзахметов, Тұрсынбек Кәкішев, Арғынбай Бекбосынов тәрізді жазушылар қалам тартты. Белгілі меценат Марат Нәбиев демеуші болып «Әлемдегі ең күшті адам» атты үш томдық жинақ шығарып, оқырманға ұсынды. Әдебиеттегі бейнесі бедерлі. Өнегелі өмірінен өрілген өрім бар. Біз сабақтаған оқиғалар сұлбасы Бурабай баурайындағы балуан үңгірінің елеусіз қалғаны жайынан өрбіп кетті.
Ел рухани жаңғырып, өткенін екшеп, жоғалғанын тауып жатқан уақытта өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, елжандылыққа тәрбиелеуге балуанның табаны тиген ұлтарақтай жердің үлесі мол болатындығын еске салу ғана.
Ақмола облысы