• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Спорт 28 Қазан, 2021

Жолдама үшін жанталас

271 рет
көрсетілді

Бұл күндері шорт-тректен Қазақстан ұлттық құрамасының өкілдері келесі жылы Қытайда өтетін Қысқы Олимпия ойындарына жолдама беретін Әлем кубогы кезеңінің жарыстарына қатысуда. Жуырда ғана Қытайда өткен байрақты бәсекенің бірінші кезеңінде сәтті өнер көрсеткен жерлестеріміз бүгін Жапонияда басталатын екінші кезеңде де үздіктер қатарынан көрінуді көздейді.

Пандемияға байланысты был­тырғы ресми жарыстардың бәрінен сырт қалған спортшылар үшін биылғы маусымның маңыз­ы өте жоғары. Өйткені айналдырған 3-4 айдың ішінде бүкіл жарыстарға қатысып, Олим­пия ойындарына жолдама алып үлгеру керек. Сол төрт жыл­дықтың басты додасына ли­цензия беретін бәсекенің алғаш­қы кезеңін Бейжің (Қытай) қаласы қабылдады. Мәдіғали Қар­сыбеков басшылық ететін Қа­зақстан командасы үшін Әлем ку­богының алғашқы іріктеу кезе­ңі ойдағыдай аяқталды деп айтуға толық негіз бар. Себебі Бей­жің айдынында біздің спортшылар үш қашықтық бойынша финалға шығып, оның екеуінде жүлдегерлер қатарынан көрінді. Атап айтқанда, 1500 метрге жарысуда Әділ Ғалиахметов күміс, 500 метр қашықтықта Денис Никиша қола медаль иеленді.

Бұл – Әділ Ғалиахметовтің әлемдік додалардағы бірінші, со­нымен қатар 1500 метрдегі Қа­зақстан құрамасының да жеңіп алған тұңғыш медалі. Яғни Қа­зақстан шорт-трегі үшін тарихи медаль десек те болады. Ал бұған дейінгі жарыстарда жер­лес­тері­міз тек 1000 және 500 метр қа­шық­­тықта ғана ел қор­жынына жүлде салып келген еді.

Сонда-ақ 23 жастағы орал­дық спортшы үшін күміс жүл­денің құны алтынмен пара-пар десек те болады. Өйткені Әділ фи­налдық сайыста кіл мық­ты­­лармен сынға түсе отырып, мәре сызығын екінші болып кесті. Отандасымыз финалда Олим­­пиаданың үш жеңім­пазы­мен сайысқа түсті. Атап айтар болсақ, Әділ Ғалиахметов эстафетада 2018 жылғы Пхенчхан Олимпиадасының чемпиондары Лю Шаолинг пен Лю Шаоанг және Сочи Олимпиадасының же­ңімпазы Семен Елистратовпен жүлдеге таласты.

«Екінші орын иеленгеніме өте қуаныштымын. Бұл – менің ғана емес, бүкіл команданың, Қа­зақстанның жеңісі. Мұнымен бо­саңсып қалмаймыз. Алда Әлем кубогының үш кезеңі бар. Соның қорытындысы бойынша Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Демек, тартысты ке­зеңнің бәрі алда», деді Әділ жарыстан соң Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметіне берген сұхбатында.

2017 (Алматы) және 2019 (Крас­ноярск) жылдарғы Қысқы Универсиаданың қола жүлдегері, құраманың тәжірибелі спортшысы Денис Никиша бұл жолы да үздіктер қатарынан көрініп, қола жүлдеге қол жеткізді. Кейінгі жыл­дары жар­қын жеңісімен көз­ге түсе алмай жүрген отан­дасымыз үшін бұл медаль оған үлкен серпі­ліс әкелгені рас. 500 метрге жүгі­руден басты екі қар­сыласы – Қы­тай және Кана­да спортшылары жа­рыстан шет­тетілген соң, Денис­тің жүл­де­гер­лер қатарында болатыны бар­шаға белгілі еді.

«500 метрге жүгіруден қола жүлдегер атандым. Олимпиадаға жолдама беретін лицензиялық жарыста жүлделі орыннан көріну – үлкен жетістік. Бұл – менің ғана емес, бүкіл команданың ортақ жеңісі. Келесі жарыстарда да барымызды салып, өнер көрсетуге тырысамыз», деді Денис.

2016 жылғы Әлем кубогының жеңімпазы, Ұлттық құраманың үздіктерінің бірі Абзал Әжіғалиев Қытайдағы жарыста тек 500 метр­де бақ сынаған болатын. Өкі­ніш­ке қарай, ол екі рет ескерту алып, финалдық бәсекеден тыс қалды.

«Лицензиялық Әлем кубогы­ның алғашқы кезеңін екі жүл­демен қорытындыладық. Ұзақ үзілістен кейін мұзайдынға орал­ған спортшылар үшін бұл – та­маша жетістік. Бүгінге дейін 1000 метр­ге жү­гіруден Нұрберген Жұ­ма­ға­зиев пен 500 метрге жүгі­ру­ден Абзал Әжіғалиев Әлем кубо­гында жүлде алған болатын. Денис Никишаның қола жүл­десі де қуанышымызды еселей түсті. Бұл – әлі бастамасы. Алда Әлем кубогының үш ке­зеңі бар. Біз қазіргі қарқы­ны­мызды жоғалтпай, Бейжің Олим­пиадасына жолдама алу үшін бар күшімізді саламыз», дейді Мәдіғали Қарсыбеков.

Бүгін Жапонияның Нагоя қаласында басталатын Әлем кубогының екінші кезеңі 31 қазанда өз мәресіне жетеді. Ал үшінші кезеңнің жарыс­тары 18-21 қараша күндері Ма­жарстанның Дебрецен қала­сын­да, соңғы шешуші кезең 25-28 қараша күндері Нидер­ландтың Дор­дрехт қаласында өтеді. Осы жа­рыстардың қоры­тын­дысынан кейін Бейжің Олимпиадасына жолдама алған спорт­шылар тізімі белгілі болады.