• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қазан, 2021

Жаңғақ қабығынан ыдыс жасап шығарды

374 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Жадыра Амангелдиева грек жаңғағының ұнтақталған қабықтарынан ыдыс жасап шығарды. Табиғи таза өнімнен жасалған жаңалығы үшін оқушы авторлық құқық куәлігін де алды.

Оқушының мектеп қабырғасында бірнеше жыл бойы тәжірибе жүргізіп, жақсы нәтижеге жетуіне химия пәнінің мұғалімі Гүлжан Базаеваның да көп көмегі тиген. Шәкірті мен ұстазы табиғи таза өнім­нен бір реттік қолданыстағы ыдыстар шыға­ратын әртүрлі елдердің тәжірибесін зерттеген. Мәселен, Ресей Федерациясында жүгері крахмалынан, Израильде апельсин қабығынан, Мексикада авокада ж­е­місі сүйегінен бір реттік қолданыстағы ыдыстар мен қасық-шанышқылар сатылымға шығарылып келеді.

– Жаңғақ ағаштары еліміздің оңтүстігіне жақсы бейімделген. Алайда біз адам ағзасына өте пайдалы осы өнімнің дәнін тұтынамыз да, жарамсыз болғандықтан қабықтарын лақтырып тастаймыз. Осы мәселенің шешімі ретінде жаңғақ жемісінің қабықтарын кәдеге асырып, шикізат түрінде қолданып көрмек болдым, – дейді жас химик.

Зияткерлік мектеп оқушысы балға, жаңғақ ұсат­қыш, кәдімгі еттартқышты қолданып, химиялық қос­па арқылы біртекті ұнтақталған жаңғақ қабық­ша­ларын ыдыс қалыбына келтіріп, оның ыдырауын бақылау үшін топыраққа көміп қойған. Топыраққа көмген жаңғақ ыдыстың салмағы 3,413 г болса, бір жылдан кейін одан 1,090 грамм ғана қалған. Сөйтіп оқушы мен мұғалімі жаңғақ қабықтарынан жасалған ыдыстың пластикалық материалға қарағанда екі мың есе тез ыдырайтынын анықтаған.

Бүгінде Жер шарын­да пластик қалдық­та­рынан жасалған қо­қыс­тарды жою ғалам­дық үлкен мәселеге айналды. Өйткені әлемдегі қо­қыстың көп бөлігі табиғи ыдырауы нашар пластик ыдыстар мен құтылар, пакеттерден құралады. Салыстыра қарағанда, дүние жүзіндегі жаңғақ өндірісі жылына 2,5 миллион тоннадан асқанымен, оның 1 миллион тоннадан асатын қабықшалары пайдаға аспай жатады. Жадыра Амангелдиева зерттеу жұмыстарын алдағы уақытта да жалғастырып, тауарын бір реттік қолданыстағы ыдыстар өндірісімен айналысатын кәсіпкерлерге ұсынбақшы.

 

АҚТӨБЕ