Заман ағымына қарай алаяқтық қылмысы сан түрленіп, мың құбылып тұр. Бүгінде нарық пен маркетингтің әліпбиін мықты меңгеріп алғандар «аңқау елге арамза молданың» кебін киіп жүр. Алаяқтықтың көбейгенін айтып, азаматтардың наразылығының артқанын ескерткен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы Жолдауында қаржы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзірлеуді міндеттеген еді. Өйткені елімізде жіліктің майлы басын ұстап, соңынан ергендерді соқыр сеніммен алдап жүргендердің саны азаяр емес.
Күні кеше ғана 70-ке жуық қарағандылықты 52 миллион теңгеге тақырға отырғызып кеткен қаржы пирамидасын құрушыға қатысты сот үкімі шыққан болатын. Инвестициялық бағдарлама туралы жалған ақпарат таратып, «салған ақшаны аз уақытта екі есеге көбейтіп табысқа кенелесіз» деп талайды алдап соққан 34 жастағы жігіт 5 жылға бас бостандығынан айырылды. 2019 жылдан бері «қаржылай сауатты әрі өте тиімді құрылған» маркетингтік жоспарының арқасында ол 67 адамның 51 миллион 435 мың теңге ақшасын «кейбір компаниялардың акцияларын сатуға» деп ортақ есепшотқа салдырып алып, тайып тұрған. Осы ақпаратты айтып ауыз жұмғанша Алматы жақтан тағы бір шу шықты. Бұл жолы 160 салымшының Mudarabah Capital компаниясы арқылы Аstex.kz ЖШС-ге 2 миллиард теңгеден астам ақша аударғаны белгілі болып отыр.
«Тиімді исламдық инвестициялар» туралы айтып, талай адамды табысты болуға иландырып, «Сенімді ұшу» деп ұрандатқан қаржы ұйымының жарнамасын елге танымал вайнерлер – Мейіржан Төребаев, Мейірхан Шерниязов пен Әзім Саидбаев жасаған. Бүгінде әр қалжыңының астарында қаржы мен табысты көздейтін жарнамасы «жылтыңдап» жүретін бұл вайнерлердің Instagram парақшасына кемінде 3-4 миллион халық тіркелгенін ескерсек, әлі талай адамның қаржы пирамидаларының тұзағынан аман қалмайтынын болжай беруге болады. Өйткені қазір танымалдарды тарту арқылы «сенімге кіру» сәнге айналған. Және бұл – бірінші рет анықталып отырған жайт емес.
Бұдан бұрын да Instagram-ында 4,3 миллион «халқы» бар Баян Алагөзова дәл осы басы даудан арылмаған Аstex компаниясын жарнамалап: «Бұл Қазақстандағы жалғыз компания, соның арқасында тендерлік жобаларға инвестиция салып, тәуекелге бармай-ақ ақша табуға болады» деп жалпақ жұртқа жария салған болатын. Әлеуметтік желіні шарлап кеткен бейнежазбада жұртқа белгілі ол ақша салу мәселесіне келгенде осы компанияның құрылтайшылары – ағалы-інілі Алмас пен Шыңғыс Құрманғалиевтерге сенім артатынын айтқан болатын. Естеріңізде болса, өткен жылдың ақпан айында Қазақстанның бірнеше қаласында «Гарант 24» және «Estate Ломбард» секілді компанияларының айналасында айқай-шу шығып, жүздеген салымшы салған ақшаларын қайтара алмай қиналғанда да вайнер Мейіржан Төребаев пен әншілер Айқын Төлепберген, Ернар Айдар, сондай-ақ актерлер Асылхан мен Артур Төлеповтердің «жарнамаларына сеніп қалдық» деп ағынан жарылып еді. Ең өкініштісі, өнер адамдарының қаржы пирамидаларын жарнамалауын ауыздықтау оңайға соқпай тұр. Әсіресе әлеуметтік желі бүгінде «қыруар қаржыға қарық қыламын» деген алаяқтардың арам ойын іске асыруда ең оңтайлы әрі тиімді алаңына айналып үлгерген. Бұған қарапайым халықтың қаржылық сауатының төмендігі мен оңай жолмен ақша табуға құмарлығын қосыңыз.
Бізде қазір 1-2 адам қаржы пирамидасын құрады. Ал қалғандары салымшыға айналады. Яғни құрбанына. Пирамиданың биігінде тұрғандар қалтасын қалыңдатқан соң, шетелге қашып кетеді. Зар қақсап қалатын – тағы сол «тез әрі оңай баюға» асыққан аңқау халық. Қаржы пирамидасын құру қалай оңай болса, оның күйреуі де тез. Ал бұл жердегі ең қуатты қару не, білесіз бе? Ол – жарнама, үгіт-насихат! Яғни адамның сеніміне кіру. Қазір сенімге кіріп, бар ақшасын «инвестицияға салдыру» ғасыр алаяқтығына айналып келеді.
Жыл басталғалы бері елімізде 20 мыңға жуық адам қаржы пирамидаларының құрбанына айналған. Олар қазір 21 млрд теңгеден астам ақшасын қайтара алмай, соттың табалдырығын тоздырып жүр. ІІМ Тергеу департаментінің басқарма басшысы Фархат Омаровтың мәлімдеуінше, биылғы 9 айда қаржы пирамидаларына қатысты 359 қылмыстық іс тіркеліп, оның 196-сы сотқа жолданған. Ал ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басқарма басшысы Абай Ерғалиев елімізде инвестициялық пирамидаларды құрып, арам ойын іске асырғаннан кейін шетелге қашып кеткен 23 адамға халықаралық іздеу жарияланғанын хабарлады. Полиция полковнигінің айтуынша, олардың барлығының үстінен Қылмыстық кодекстің 217 – «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. «Халықаралық іздеуде жүрген әр күдікті бойынша олардың орналасқан жерін анықтау және ұстау мақсатында қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіледі. Мұндай ауқымды операциялар нәтижесіз де емес. Мәселен, жақында ғана ТМД елдерімен бірлесіп жүргізген «Іздестіру» жедел іс-шарасы барысында қаржы пирамидасына қатысты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін Алматы қаласының Полиция департаменті іздестіріп жатқан екі қазақстандық Мәскеу қаласында ұсталды. Ұсталғандардың бірі – филиал директоры болған 26 жастағы келіншек. Қазақстанда 2018-2020 жылдары қаржы пирамидасын құрған ол 3 мыңнан астам салымшының ақшасын қалтасына басып, елден кетіп қалған», деген ІІМ өкілі қазіргі уақытта ұсталғандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін елімізге экстрадициялау мәселесі қарастырылып жатқанын да айтып өтті.
Қазақстан заңнамасында қаржылық пирамида құру және оған басшылық жасауға қатысты арнайы норма 2014 жылдан бастап енгізіле бастады. Қылмыстық кодекстің 217-бабына сәйкес осындай құқық бұзушылыққа барған адам жасаған қылмысының ауырлығына қарай айыппұл төлеуі, не қоғамдық жұмыстарға тартылуы, болмаса бас бостандығы шектеліп, бүкіл дүние-мүлкі тәркіленуі мүмкін. Жазаның ең ауыр түрі – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру. «Қаржы пирамидаларын құру кезінде алаяқтар көбінесе қандай амал-тәсілдерді қолданады?» деген сұрағымызға жан-жақты жауап берген полиция полковнигі Фархат Омаров: «Ең алдымен олар өздерін нарықта табысы өте жоғары, инвестициялар саласындағы мықты компания ретінде көрсетеді. Көздегендеріне жету мақсатында тіпті «сәтті жобаны» да «іске асырып» тастайды. Әдетте мұндай компаниялар «перспективалы бизнес», «жоғары технологиялық компания», «инновациялық жоба» деген секілді қазіргі заманға сай танымал әрі тартымды атауларды өте сауатты қолданады. Ең бастысы – салымшылардың сеніміне кіріп алғаннан кейін оларды өте тиімді жобаларға, қор биржаларына немесе табысы екі, кейде тіпті 3-4 еселеніп келетін өндіріске ақша салуды ұсына бастайды», дейді.
Қазір адамдардың көбі өздері ізденгеннен, еңбектенгеннен гөрі, біреудің айтқанымен жүргенді құп көретін болып кетті. Оның үстіне ақшаны санаулы күннің ішінде бірнеше есе көбейтіп алуға деген «құлшыныс» қарапайым қауіпсіздік шараларын қалтарыста қалдырады. Ф.Омаров барлық қолжетімді әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы осы жобаның жарнамасы жаппай жүргізіле бастағанда қаржы пирамидаларының құрбандары бірінен соң бірі тұзаққа өздері келіп түсе бастайтынын да ашық мәлімдеді. «Ірі қаржы пирамидалары халық сеніміне кіру үшін арнайы кеңселер ашып, мессенджерлерде топтық чаттар құрады. Бұл да – жан-жақты тексерілген әрі адам психологиясына әсер ететін тәсілдердің бірі. Осыдан кейін карточкалық немесе электронды шоттарға ақша жинау жүргізіле бастайды. Кей азаматтардың жылжымалы немесе жылжымайтын мүлкі белгілі бір уақыттан кейін жоғары дивидендтер төленеді деп уәде беріп қабылданып та жатады. Дивидендтерді төлеу өз қаражатын бірінші салған азаматтарға пирамидалардың жұмыс істеуінің соңғы кезеңінде салған азаматтардың ақшасы есебінен жүргізіледі. Бұл енді баршаға белгілі жайт. Бірақ өкінішке қарай, адамдар әлі де қаржы пирамидаларына сенеді», дейді ол.
ТҮЙІН. «Қаржы пирамидаларын құру үшін екі-ақ нәрсе қажет: 1-2 алаяқ пен миллиондаған ақымақ». Расымен, алаяқтардың ашкөздігі мен кей адамдардың ақымақтығы бұл мәселенің өзектілігін әлі де жоймай келеді. Бұл жерде аз ақшамен түк істемей байып кетем деген адамдардың аңғалдығы да, «сенімге кіру» деген ғасыр алаяқтығының қыр-сырын мықтап меңгерген қаржы пирамидаларын құрушылардың «кәсібилігі» де көп қаржы табуды көздейді. Ал ақша оңайлықпен келмейді. Осыған шынайы көзқараспен қарамайынша қаржы пирамидаларының тұзағы ұзара түспесе, қысқармасы анық.