Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынап жатқан елорданың «Барысы» сырт айдында өткен екінші ойынында да жеңіске жетті. Алғаш Владивостоктың «Адмиралын» 4:1 есебімен жеңсе, бұл жолы Хабаровскінің «Амурын» 1:0 нәтижесімен қапы қалдырды.
ҚХЛ-дың кейінгі ойындарында қатарынан төрт матчта жеңіліп, жанкүйерлерін өкпелетіп алған «Барыс» осылайша еңсе тіктеп келеді. «Платинум Арена» аренасында өткен кездесудің бірінші кезеңінде командалар бір-бірінің қақпасына гол соға алмады. Үзілістен кейін ерекше күш-жігермен мұзайдынға шыққан Юрий Михаилис шәкірттері 32-минутта есепте алға шықты. «Барыс» сапынан Кирилл Савицкий мергендігімен көзге түсті. Ал үшінші кезеңде таблодағы есеп өзгерген жоқ.
Осылайша, қатарынан екінші ойында жеңіске жеткен «Барыс» «Шығыс» конференциясында 7-орынға көтерілді.