• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Футбол 01 Қараша, 2021

Элиталы кезеңге жолдама алды

108 рет
көрсетілді

Футзалдан УЕФА Чемпиондар лигасының жаңа маусымдағы негізгі кезеңнің іріктеу ойын­дары аяқталды. Бұл сында Қазақстанның екі командасы – «Қайрат» пен «Атырау» бақ сынаған болса, тек біріншісі ғана турнирдің келесі сатысына жолдама алды. А тобының екінші себетінде орналасқан Алматының «Қайраты» үш ойынның біреуінде жеңіске жетіп, екі ойында қарсыластарымен тең ойнады. Ал айтулы додаға тұңғыш рет қатысқан «Атырау» барлық ойында жеңіліп қалды.

Осылайша, Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңіне 18 рет қатысып, рекорд орнатқан «Қайрат» биыл да аталған турнирдің негізгі кезеңінде ой­науға мүмкіндік алды. Топ­тық турнирдің бірінші ойынында Чехияның «Пльзень» ұжымымен 3:3 есебімен тең ойнаған «Қайрат» екінші турда Ресейдің «Тюмень» клубымен шеберлік байқасты. Кездесуде 1:3 есебімен жеңіліп жатқан жерлестеріміз матчтың соңғы минуттарында таразы басын теңестіріп, жеңілістен аман қалды. Сөйтіп алматылық клуб екінші кездесуінде де 3:3 нәтижесімен тең түсті. «Тю­меньмен» өткен ойында Кака шә­кірттерінен Дәурен Тұрса­ғұлов, Эдсон мен Витао мергендігімен көзге түскенін айта кетейік.

Ал соңғы шешуші кездесуде «Қайрат» Италияның «Пезаро» командасымен кездесті. Ойынның есебін кездесудің 7-минутында Италия клубының өкілі Фелипе Тонидандел ашты. Арада 10-минут өткенде Дәурен Тұрсағұлов бір голмен жауап қайырса, 27-минутта екінші мәрте қақпаны дәл көздеп, дубль авторы атанды. Ал 34-минутта италиялық клубтан Адольфо Салас мергендік танытып, таразы басын теңестірді. Бірақ ита­лиялық жанкүйерлердің қуа­нышы ұзаққа созылмады. Көп уақыт өтпей «Қайрат» ойыншысы Диего Фаверо қайтадан командасын алға шығарды. Матч аяқталғанша таблодағы осы есеп сақталып, «Қайрат» 3:2 есебімен жеңіске жетті. Алматылық ұжым алдыңғы екі ойында екі ұпай иеленгеніне қарамастан, соңғы матчтағы жеңісінің арқасында өз тобында бірінші орын алды. Екінші және үшінші орындарға жайғасқан «Пльзень» (Чехия) және «Тюмень» (Ресей) клубтары да жарыстың келесі сатысына шықты.

Ал екінші топта сынға түс­кен қазақстандық «Атырау» клубы үш ойынның үшеуінде де жеңіліп, Чемпиондар лига­сы­ның Элиталы кезеңіне шыға алмады. Бірінші ойында Слове­нияның «Добовецінен» 1:2 есе­бімен жеңілген жерлес­тері­міз кейінгі екі матчта ірі есеп­пен ұтылды. Екінші турда аталған турнирдің қазіргі чемпионы – Португалияның «Спор­тинг» клубына 1:8 есебімен жол берсе, соңғы турда Францияның «Аньер Вильнев 92» командасынан 0:6 есебімен ұтылды.

Айта кетейік, Элиталы ке­зеңнің жеребе тарту рәсімі

3 қара­­шада өтеді.