Жапонияның Китакюсю қаласында көркем гимнастикадан әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Өкінішке қарай, аталған жарыстан Қазақстан құрама командасының қоржыны бос қайтты. Жекелеген жаттығуларда ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға жете алмағанымыз былай тұрсын, көпсайыстың қорытындысына да көңіліміз толмады. Бұл бәсекеде Елжана Таниева мен Ділназ Байленова өнер көрсеткен еді. Алғашқы бағдарламада үздік 18 гимнасшының қатарына қосыла алмаған қазақ қыздары жарыстың финалдық бөлігіне өте алмады.
Ұлттық командамыздың бас бапкері Әлия Юсупова жерлестеріміздің әлемдік додадағы өнеріне мынадай баға берді: «Күншығыс елінде биік белестерді бағындыра алмауымыздың өзіндік себептері бар. Біріншіден, біздің құрамадағы қыздардың барлығы да әлем чемпионатына алғаш рет қатысып отыр. Сол себепті де біраз қобалжу болды, тәжірибенің аздығы да сезілді. Менің ойымша, осындай дүбірлі додада алғаш рет бақ сынап отырған Елжана Таниева үшін 21-орын жаман көрсеткіш емес. 31-сатыға табан тіреген Ділназдың әңгімесі мүлде бөлек. Негізі оның орнына Сәбина Бақатова баруға тиіс еді. Алайда ол жарақат алуына байланысты елде қалып қойды. Біз Сәбинаны дереу Ділназбен алмастыруға мәжбүр болдық. Сондықтан да еліміздің үшінші нөмірлі спортшысының бұл көрсеткішін жаман деп айтуға ауыз бармайды. Екіншіден, құрама үнемі жаңартылуда. Одан қалса, пандемия салдарынан соңғы кездері көптеген жарыстан шет қалдық. Осының барлығы кері әсерін тигізді. Бірақ біз қол қусырып отырған жоқпыз. Көркем гимнастиканы дамыту үшін барынша күш салып жатырмыз. Алдағы уақытта Қазақ елінің арулары өздерінің айшықты өнерімен жанкүйерлерін қуантатынына сенімдімін», деді ол.
Чемпионаттың соңғы күндері командалар арасындағы бәсекелер өтіп, Айдана мен Даяна Шаяхметовалар, Милана Будник, Алина Чернышева, Айсұлу Мырзағалиева және Сағина Мұратова ел намысын қорғады. Бұл жарысты жерлестеріміз 16-орынмен қорытындылады.
Жапониядағы әлем чемпионатында тоғыз жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Бұл жолы да Ресейдің көркем гимнасшылары алдына жан салмай, осы спорт түріндегі Жер-жаһанның ең үздік командасы екенін тағы бір дәлелдеді. Жекелеген жаттығулардың төртеуінде оларға тең келер ешкім табылмады. Тарқатып айтсақ, жалғыз Дина Аверинаның өзі бес мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. 23 жастағы Нижний Новгород қаласының тумасы «шеңбер», «доп», «ұршық» жаттығулары мен көпсайыста алтыннан алқа тақты. Ал «таспада» беларустық Алина Горносько бас жүлдені олжаласа, Аверина күміс медальді қанағат тұтты.
Китакюсюде жоғарыда есімдері аталған гимнасшылардан бөлек, Динаның егізі Арина Аверина 2 күміс пен 1 қола медальді мойнына ілді. Беларустық Анастасия Салос пен италиялық София Раффаэлли де үшінші орынға табан тіреді. Ал топтық бәсекелердің біреуінде Италия құрамасы озса, тағы бір алтын Ресейге бұйырды.
Жапониядағы жарыстың басты жұлдызына айналған Дина Аверинаның табысына, расында да, таңданбау мүмкін емес. 1998 жылдың 13 тамызында Нижний Новгород облысының Заволжье қаласында дүниеге келген ол 2017-2021 жылдар аралығында жалауы желбіреген төрт әлем чемпионатында 18 алтын, 3 күміс және 1 қола медальді жеңіп алды. Биыл Токио Олимпиадасында ойда-жоқта израильдік Линой Ашрамға есе жіберіп, күміспен күптелді. Сондай-ақ оның Еуропа ойындарының үш дүркін жеңімпазы және 10 дүркін Еуропа чемпионы деген атақтары тағы бар. Ал Динаның егізі – Арина әлем чемпионаттарында 5 алтын, 3 күміс және 2 қоланы олжалады. Ол Еуропа біріншіліктерінде тоғыз рет алтыннан алқа тақты. Міне, бүгінгі таңда Ресей көркем гимнастикасының көсегесін көгертіп отырған дәл осы апалы-сіңлілі Авериналар.